Ресейлік дәрігерлер қазақстандық марапаттарға ие болды
Бүгін Мәскеудегі Қазақстан Елшілігінде коронавирустық инфекциямен күресуде қазақстандық әріптестеріне көмектескен ресейлік дәрігерлерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын тапсыру рәсімі өтті.
2-дәрежелі "Достық" орденімен және "Шапағат" медалімен Мәскеу және Мәскеу облысы ауруханаларының 28 анестезиолог-реаниматологтары, инфекционисттері, пульмонологтары, эпидемиологтары марапатталды. 2020 жылдың жазында Қазақстанда індеттің шарықтау шегінде олардың дер кезінде көмек көрсетуі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға үлкен үлес қосты.
Дәрігерлер алдында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісі Ермек Көшербаев олардың ең қажетті әрі маңызды мамандықтың өкілі екенін атап өтті. Оның айтуынша, коронавирустық пандемия жекелеген елдердің денсаулық сақтау жүйелері мен экономикалары үшін де, мемлекетаралық қатынастардың күшеюі үшін де сынақ болды. Қазақстан мен Ресей бұл қауіпке лайықты тойтарыс беріп қана қоймай, тиімді өзара іс-қимыл мен оның зардаптарына қарсы бірлескен күресті ұйымдастыра алды. Ермек Көшербаев Қазақстанға тестілер, реагенттер, вакциналар жеткізу және бірінші кезекте медицина бригадаларын жіберу түріндегі осы қауіпті вируспен күресте көрсеткен көмегі үшін ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде дәрігерлер Қазақстан басшылығына жоғары марапаттары үшін алғыстарын білдірді.
Вам может быть интересно: «Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қала әкімдігін басып алуға қатысқан 2 шетелдік ұсталды»