Қазақстанда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлі күшейтіледі

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында дөңгелек үстел отырысында әйелдерді қорғауды қамтамасыз ету және олардың жанжалдардың алдын алудағы рөлін күшейту мәселелері талқыланды.

Отырыс жұмысына ҚР президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, ҚР президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева атап өткендей «Әлемдегі қазіргі жағдай шиеленіскен қарама-қайшылық пен тұрақсыздықпен сипатталады. Теріс салдары бүкіл аймақтарға қауіп төндіреді, тұрақсыздықты және жаһандық қауіпті тудырады. Бұл тұрғыда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібі аса маңызды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тоғыз қарарын іске асыру мақсатында Қазақстан Үкіметі өткен жылдың желтоқсан айында 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарын бекітті. Жоспар жанжалдардың алдын алу мен реттеуге, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алуға, хабардар болуды арттыруға, жанжалдардың алдын алу және әйелдерді қорғау мәселелерінде азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды күшейтуге әйелдердің тең құқылы қатысуын қамтамасыз ету бойынша нақты шараларды жүргізуді қамтиды.

«Қазақстан әйелдерді қызметтің барлық салаларында ілгерілету үшін тиімді институционалдық шаралар қабылдау деңгейінде белгілі бір жетістіктерге қол жеткізді. Елімізде 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылып, жетілдірілуде. Әйелдердің теңдігі мен құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту саласында Орталық Азия білім орталығын құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Әйелдер еңбегін пайдалануды шектейтін тізімді толық жою туралы прогрессивті шешім қабылданды», - деп атап өтті Аида Балаева.