ҰҚК басшысының бұрынғы орынбасары тұтқындалды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қамауға алынды. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

27 қаңтарда ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасары Әнуар Садықұлов тұтқындалған еді.

Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің үш бабында қарастырылған қылмыс белгілері бойынша тергеліп жатыр. Мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алуға немесе Қазақстанның конституциялық құрылымын күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттерден бөлек, күдіктілерге "билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды" деген айып тағылды.

Еске салсақ, Кәрім Мәсімов 6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен босатылды. 8 қаңтарда оның ұсталғаны белгілі болды. Сондай-ақ екі орынбасары – "А" арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожиннің ұсталғаны да хабарланды.

Тағы бір орынбасары – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туысы Самат Әбіш қызметінен кетті.