Мемлекетке 1 млрд теңге шығын келтірген шымкенттік сотталды

Шымкент тұрғыны мемлекетке 1 миллиард теңге көлемінде залал келтіргені үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik.

Қаржы мониторингі агенттігінің ақпаратынша, А.Махатаев салық төлеуден жалтару мақсатында жауапсыз кәсіпкерлерге жалған шот-фактура жазып берген.

Тергеу мәліметінше, Махатаев 2017-2020 жылдар аралығында туыстары мен таныстарының атына 14 кәсіпорын тіркеген. Олар: "Мейір құрылыс", "Тыныштық 2018", "Элит Капитель", "МАГМА-2018", "Ашимов и Ко", "A L A T A U K", "S-Industry", "Бес қасқа", "Жорға 2019", "Интертранссервис-2020", "Eхcellent", "УГАМ 2018", "005", "Эверест К" ЖШС.

"Бұл кәсіпорындар контрагенттерге төлем төлеуден жалтаруға жәрдемдесу үшін құрылған және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмаған. Фирмалардың кеңсесі, қызметкерлері, өндірістік-техникалық базасы мен қоймалары болмаған. Заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке 1 миллиард теңгеден астам шығын келтірілді", - делінген хабарламада.

Сот үкімімен Махатаев төрт жылға бас бостандығынан және он жылға кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Келтірілген шығын сомасы мемлекет кірісіне айналдырылды.