Афинада мемлекеттік басқару саласындағы өзара әрекеттесу және озық тәжірибемен алмасу мәселелері талқыланды
Қазақстан Республикасының Грекия Республикасындағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Грекия Республикасының Ішкі істер министрі Макис Воридиспен кездесті.
Е.Баударбек-Қожатаев Грекияның Ішкі істер министрлігі мемлекеттік органдардың жұмысын автоматтандыруға жауапты екендігін ескере отырып, М.Воридисті Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді көрсету рәсімдерін жеңілдету, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын ұйымдастыру тәжірибесімен, сондай-ақ осы саланы цифрландыру бойынша жетістіктерімен таныстырды.
Грекияда Қазақстаннан тарихи отанына оралған бұрынғы отандастарымыздың өкілдерінен құралған 100 мыңға жуық үлкен грек диаспорасының тұратыны белгілі. Осы орайда, Елші Министрді бұрынғы қазақстандықтар тарапынан Елшілікке мейлінше жиі түсетін өтініштермен таныстырды. Атап айтқанда, құжат иесінің жеке басын анықтау, білім беру құжаттарының сәйкестігін растау, құжаттарға апостиль қою және т.б. рәсімдер айтылды. Қазақстандық дипломат Грекияның Ішкі істер министрлігінің тиісті қызметтерімен осы консулдық әрекеттерді жүзеге асыру бойынша өзара әрекеттесудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Елші Қазақстанның грек «Филия» қоғамдарының қауымдастығына біріккен 17 грек мәдени орталығының қызметі туралы хабардар етті.
Өз кезегінде Министр Қазақстандағы мәдениетаралық және ұлтаралық келісімнің жоғары деңгейін атап өтіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің бұл саладағы жұмысының ерекше маңыздылығын айрықша белгіледі.
Бұған қоса, М.Воридис Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді көрсету рәсімдерін жеңілдетуі жөніндегі және бұл саладағы процестерді цифрландыруды белсенді енгізудегі жетістіктерін белгілеп, екіжақты ынтымақтастықты жалғастыру және мемлекеттік басқару саласындағы озық тәжірибе алмасу бойынша бірлескен шаралар қабылдауға дайын екендігін білдірді.
Вам может быть интересно: «Алматыда карантин талаптары жеңілдетілді »