Қазақстан мен Қырғызстан ректорлары Орталық Азия ЖОО альянсын құру туралы шешімін жариялады

22 қарашада Бішкекте өткен Қазақстан мен Қырғызстан ректорларының бірінші форумында Қазақстан Республикасы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ректорлар кеңесінің төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Орталық Азия жоғары оқу орындарының альянсын құру туралы шешімді жариялады, деп хабарлайды Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ баспасөз қызметі.
.
«Біздің елдеріміздің Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығының негізгі бағыттарының бірі Орталық Азия жоғары оқу орындарының альянсын құру болып табылады. Бұл бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды дамытуға, студенттер мен ПОҚ ғылыми тағылымдамаларын жүзеге асыруға, академиялық ұтқырлық бойынша студенттер алмасуды кеңейтуге, филиалдар ашуға, білім беру бағдарламаларын интеграциялауды жүргізуге мүмкіндік береді.

Бүгін біз екі академиялық өкілді орган – Қырғыз Республикасының жоғары оқу орындары қауымдастығы мен Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорларының кеңесі арасындағы ынтымақтастық үшін негіз қалап отырмыз», - деп толықтырды академик.
Сонымен қатар, Қазақстан ректорлар кеңесінің төрағасы екі елдің жоғары оқу орындарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру үшін жекелеген проблемалар мен жаңа мүмкіндіктер бар екенін де жасырмады.

«Біздің елдеріміздің тәжірибесі жастардың жоғары білім алу үшін басқа елдерге кетуін көрсетеді. Демек, біз әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті сапалы білім беру бағдарламаларын жасауымыз керек. Бұл біздің күш-жігерімізді біріктіру, үздік тәжірибелермен алмасу және сапалы білім алу үшін жағдай жасау арқылы мүмкін болады. Оның оң шешімі еңбек нарығында сұранысқа ие бағдарламалармен жоғары оқу орындары филиалдарын ашу болуы мүмкін», - деп түсіндірді Ерлан Сыдықов.

Спикер бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді және нәтижелерді халықаралық деректер базасына кіретін ғылыми журналдарда жариялауды ұсынды, сонымен қатар, қазақстандық ЖОО халықаралық рейтингтерге қатысу тәжірибесімен бөлісе алатынын жеткізді.
Қазақстан мен Қырғызстан ректорларының бірінші халықаралық форумы қазіргі заманғы жоғары білім беруді трансформациялаудың негізгі трендтеріне және екі мемлекеттің жоғары білім беру мектептерін интеграциялау траекториясына арналған.
Іс-шараға екі елдің білім беру ведомстволарының министрлері, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстанның жетекші жоғары оқу орындарының 50-ге жуық ректорлары қатысты.

Форумды Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қырғыз Республикасының Жоғары оқу орындарының қауымдастығы, Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорларының кеңесі ұйымдастырды.

Форумның негізгі желісі Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесінің таяудағы VIII саммитінің күн тәртібінде көтерілген мәселелерге арналды. Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесінің VIII саммитінде қатысушы елдерді экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастықты дамытуға бірлескен күш-жігер жұмсауға шақырған болатын.

Форумның ашылуында Қырғызстан Білім және ғылым министрі Болотбек Купешев, Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорлары кеңесінің төрағасы, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Қырғыз Республикасының жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы, Бішкек мемлекеттік университетінің ректоры Абдылда Мұсаев, тағы басқалар құттықтау сөз сөйлеп, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың құттықтауы оқылды.

Сондай-ақ Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры Мейрам Бегентаев пен Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Мирлан Шылыбаев Орталық Азия университеттерінің ғылым, ғылым және бизнес арқылы өзара әрекеттестігі мен интеграциясы тақырыбында баяндама жасады.

Форум шеңберінде Қырғыз Республикасының Жоғары оқу орындарының қауымдастығы мен Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорларының кеңесі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге және Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық туралы шарттарға қол қойылды.
Іс-шара соңында форумның қорытындысы бойынша Қарар қабылданды.