Иран инвесторлары Ақтауда фармацевтика фабрикасын салуға ниетті

 Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ирандық «NIAK» компаниясының делегациясын қабылдады, деп хабарлайды  облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Екі жақты кездесуде «NIAK» компаниясының құрылтайшысы Хьюман Байат Ақтаудағы арнайы экономикалық аймағында фармацевтика фабрикасы жобасын жүзеге асыруға дайын екендігін жеткізді.

Инвесторлар төрт кезеңнен тұратын жобаға 40 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы құймақ. Алғашқы кезеңін биыл жыл соңына дейін іске қосуды көздеп отыр. Қазір «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағымен келісімшарт жасасып, кәсіпорынның құрылысы үшін жер телімі берілді. Сонымен қатар дайын ғимарат беру де жоспарланып отыр.

Кәсіпорында айына 2 млн құты дезинфекция құрал шығарылмақ. Атап айтқанда антисептик, йод, дәке мен бетперде өндіріледі. Жоба толық іске қосылған соң 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Нұрлан Ноғаев жергілікті атқарушы органдар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беретін және жаңа жұмыс орындарын құратын мұндай бастамаларды қолдауға дайын екендігін жеткізді.