Қазақстан туралы кітаптар Қатар Ұлттық кітапханасына сыйға тартылды
Қазақстанның Елшілігі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қатардың Ұлттық кітапханасына біздің еліміздің саясаты, экономикасы, мәдениеті, әдебиеті мен табиғаты жөнінде араб және ағылшын тілдеріндегі кітаптарды әрі қарай Қатардың бас кітап қоймасында қазақстандық бұрыш ашу үшін сыйға тартты.
Кітаптарды табыстау рәсіміне Қатардың Мемлекеттік министрі – Ұлттық кітапхананың басшысы Хамад бен Әбделазиз Әл-Кауари, жазушылар мен мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ кітапхана қызметкерлері қатысты.
Өз сөзінде қазақстандық дипломат тарихи қысқа мерзім ішінде біздің еліміз әлемдік қоғамдастық мойындаған тұрақты және гүлденген мемлекетке айналғанын атап өтті. Елші Қазақстанның Тәуелсіздік кезеңіндегі жетістіктері, жүргізіліп жатқан реформалар, халықаралық бастамалар, әлемдік алпауыт елдермен өзара қарым-қатынастар, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ мәдениетін ілгерілету іс- шаралары туралы айтып берді.
Ұлттық кітапхана директоры Елшілікке бағалы сый үшін алғысын білдіріп, бұл кітаптар Катардың бас кітап қоймасында маңызды орын алатынын және оқырмандарға Қазақстанның қазіргі тарихы мен мәдениетімен егжей-тегжейлі танысуға мүмкіндік беретінін айтты. Доктор Хамад Әл-Кауари Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелеріне жоғары баға беріп, біздің елімізге бірнеше рет жасаған сапарлары барысында оған жеке көз жеткізгенін атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан Қатардың Орталық Азиядағы маңызды серіктесі болып табылады және онымен көптеген салаларда ынтымақтастықты дамытатын болады.
Бұл тұрғыда екі елдің ұлттық кітапханалары арасында өзара іс-қимыл орнату мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, қатарлық тарап Қазақстан кітапханасымен ортақ электрондық база құру, тарихи құжаттар мен қолжазбаларды одан әрі зерделеу және цифрландыру секілді салаларда ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.
Қатар ұлттық кітапханасы 2018 жылдың 16 сәуірінде ашылды. Қазіргі уақытта интернеттегі ресурстардан басқа кітапханада миллионнан астам кітаптар, сонымен қатар 500 мыңнан астам электронды кітаптар, мерзімді басылымдар мен газеттер, сондай-ақ арнайы жинақтар бар.
Вам может быть интересно: «ҚР Президенті Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты»