Алматы әкімі мегаполистегі эпидемиологиялық жағдай туралы айтты

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев алматылықтарды COVID-19-ға қарсы екпені тезірек қабылдауға шақырды, қалалықтарға «Спутник V» және QazVac және Vero Cell вакциналары ұсынылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы» телеарнасындағы Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде қала тұрғындарымен апта сайын байланысқа шығатын қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қазіргі эпидемиологиялық ахуал туралы айтты.

18 тамыздағы жағдай бойынша мегаполисте коронавирус инфекцияның 125 530 оқиғасы тіркелді, оның ішінде 104 950 симптомды және 20 580 симптомсыз, 2133 анықталмаған пневмония.

«1 қыркүйектен бастап 300 мыңға жуық мектеп оқушысы, 68 мың колледж студенті, 170 мың жоғары оқу орындарының студенттері офлайн оқуды бастайды. Біз балаларымызды тәуекелге ұшыратпау, оларды аурудан қорғау, қалада инфекцияның жаңа өршуінің алдын алу үшін әркімнің жеке жауапкершілігі туралы ойлануымыз керек», - деп атап өтті қала басшысы.

17 тамыз күні 1403 алматылық коронавирус жұқтырды. Қуаттылығы 8 910 төсек-орын болатын инфекциялық стационарларда 6 074 науқас, оның ішінде 188 бала ем алып жатыр. 235 науқастың жағдайы өте ауыр.

«Бүгінгі таңда вакцинаны 823 223 адам алды, оның ішінде 5202 полиция қызметкері, 27 766 мұғалім, 32 395 медицина маманы бар. 648 959 адамға екі компонент егілді», - дейді әкім.