Алматыда медициналық қызметтің сапасы мен вакцинация қарқыны талқыланды

Алматыда жедел респираторлы вирусты инфекциялар мен тұмаудың алдын алу үшін коронавирусқа қарсы вакциналау жұмыстары күшейтіледі, деп хабрлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы Нариман Табынбаевтың, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшиннің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалының басшысы Тәлеухан Әбілдаевтің және жеке медициналық мекемелердің бас дәрігерлерімен онлайн-форматта кеңес өткізді.

Кеңесте қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен жекеменшік медициналық ұйымдарға бекітілген тұрғындарды вакциналау қарқыны талқыланды.

Бүгінде Алматыда АМСК-тың 35 жеке жеткізушісі бар. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында жүргізілген қызметтің талдау нәтижелері бойынша жеке медициналық-санитарлық көмек көрсететіндердің жұмысына қатысты түскен шағымдар 3,5 есеге артқан. ӘМСҚ атап өткендей, жеке медициналық ұйымдар, тіркелген халықтың аздығына қарамастан, шағымдардың үлесі жоғары.

Осыған байланысты, медициналық қызмет көрсету сапасының нашарлауын болдырмау үшін медициналық қызметтерді тұтынушылардың шағымдарының негізділігін растау мақсатында материалдар Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментіне жіберіледі.

Қазіргі уақытта 22 жеке медициналық-санитарлық көмек көрсетуші өз өндірістік базасында вакцинация жүргізеді, қалғандары егу бөлмелерін ашу бойынша жұмыс жүргізуде.

Алматы теміржол ауруханасы, Open Medical Chanel ЖШС, Керуен-Медикус, «Архимедес» ЖШС вакцинация қарқын алған.

Ал «№55 емханасы» ЖШС, «Сұңқар II емханасы» ЖШС, «Med Lab express» ЖШС және басқалары вакцинация қарқынын тездетуі қажет.

Әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров вакцинация қарқыны коронавирус инфекцияның таралу жылдамдығынан және жұқтырғандар санының өсуінен артта қалатынын, бұл қаланың денсаулық сақтау жүйесіне жалпы жүктемені арттыратынын атап өтті.

Медициналық қызмет көрсетушілердің қолданыстағы құзыреті аясында шарттық міндеттемелерді орындауын бақылау бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

«Бүгінде Алматыда вакциналау қарқынының деңгейі тәулігіне 8,5 мың. Сонымен қатар, инфекцияның жаңа жағдайларын тіркеу жалғасуда. Емдеуге жатқызу деректері 700 жағдайдан асады. Қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығының сақталуын қамтамасыз ету үшін COVID-19-ға қарсы вакцинациямен қамтуды кеңейту үшін бірлесе жұмыс жасау қажет. Коронавирустың басқа респираторлық инфекциялармен қабаттасуын болдырмау үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру әсіресе ЖРВИ және тұмау маусымының алдында маңызды», - деді Ержан Бабақұмаров.