Орталық Азиядағы жоғары білім беру кеңістігінің бюросы құрылмақ
Орталық Азиядағы жоғары білім беру кеңістігінің бюросы құрылады. Бұл шешім бүгін Астанада Болон процесінің бақылау тобы (BFUG) өкілдерінің қатысуымен өткен Орталық Азия жоғары оқу орындары ректорларының конференциясында қабылданды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Конференция жұмысы Орталық Азиядағы білім беру саласы бойынша өңірлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан Білім министрліктерінің өкілдері, Орталық Азия елдеріндегі жоғары оқу орындарының ректорлары, Еуропа Кеңесі, Quacquarelli Symonds (QS), UNESCO, BFUG және Латвияның академиялық ақпараттық орталығы сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конференцияға қатысушылар Орталық Азиядағы жоғары білім беру кеңістігінің бюросын құру туралы бірлескен шешім қабылдады. Оның құрамына әр елдің өкілі кіре отырып, тепе-теңдік шарттарында әрекет етеді. Бюроның миссиясы – аймақтағы Болон реформаларын ілгерілету арқылы Орталық Азия елдеріндегі жоғары білімнің тартымдылығын арттыру. Жаңа орган Ғылым және жоғары білім министрлігінің Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығында орналасады.
Конференцияның пленарлық отырысын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашты. Ол Орталық Азиядағы жоғары білім беру кеңістігін құрудың негіздері Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның Білім министрлерінің кездесулерінде және басқа да бірлескен жобаларда қаланғанын атап өтті.
«Біз Орталық Азиядағы жоғары білім беру кеңістігін студенттер мен жоғары оқу орындарының академиялық құрамы оқу, білім, тәжірибе алмасу, зерттеулерге қатысу үшін кедергісіз қозғала алатын еркін аймақ ретінде көреміз. Биыл Қазақстан шетелдік азаматтарға арналған стипендиялық бағдарлама шеңберінде Орталық Азия білім беру кеңістігіне кірген елдердің азаматтарына 186 грант бөлді», - деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Айта кетсек, 2021 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан Орталық Азиядағы жоғары білім беру кеңістігінің негізгі қағидаттары туралы Түркістан декларациясын қабылдады. Ал, биыл мамыр айында Алматыда Орталық Азия ректорларының форумы өтіп, Орталық Азия университеттерінің қауымдастығын құру туралы шешім қабылданды.
Вам может быть интересно: «Число погибших при стрельбе в детском центре в Таиланде возросло до 38»