«Ashyq» талаптарына бағынбаған субъектілер жобадан уақытша шығарылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өткен екі аптаның нәтижесі бойынша чекиндердің «нөлдік» саны бар аутсайдерлер саны 3,8 мың бизнес субъектілерін құрады, «-20» чекиндері бар аутсайдерлер саны 6,2 мыңға жетті. Олар QR алғанымен, келушілерді тіркемегендер. Ведомствоаралық комиссия шешімімен «Ashyq» жобасының талаптарына бағынбаған субъектілер мониторингілік топтардың тексеруінсіз-ақ жобадан шығарылады. Осылайша, 10 мыңнан аса бизнес субъектілері жобадан уақытша алынып тасталады», - деді Нариман Әбілшайықов.
Оның атап өтуінше, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, аутсайдерлер алғашқы кезде 1 аптаға, қайталанған жағдайда 2 аптаға және 3-ші бұзушылық анықталған жағдайда 1 ай мерзімге жобадан шығарылады.
«Бұл талап кәсіпкерлер жобаға қайта кірген кезде келушілерді шынайы түрде тіркеуге бағыттайды», - деді ол.
Вам может быть интересно: «Қарағанды облысында қысқы мал азығының 80 пайызы дайын»