Атырауда қызметкерлердің сыйақысын жымқырған полковник шенінен айырылып, сотталды
Атырау облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығы қызметкерлердің сыйақысын жымқырғаны үшін шенінен айырылып, екі жылға сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бегайдаров онлайн брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, 3 шілдеде қызметкерлердің сыйақысы мен материалдық мұқтаждықтарына деп бөлінген қаражатты жымқырған күзет басқармасының басшыларына Атырау қаласының № 2 соты үкім шығарған.
«Атырау облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Н.Төлешов, оның орынбасары Жомартов пен Салахиденов қызметкерлерге сыйақы беруге, материалдық көмек көрсетуге бөлінген бюджет қаражатын жымқырды және қызметкерлерді облыс аудандарына іссапарға жіберу шығындары мен жанармай талондарын қолма-қол ақшаға айналдыру туралы жалған бұйрықтарға қол қойды деген күдікке ілінген болатын», - деді антикор өкілі.
Агенттік тергеушсінің айтуынша, сотта күдіктілердің жемқорлық әрекеті дәлелденген. Осылайша сот үкімімен Атырау облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Н.Төлешов өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан, полиция полковнигі атағынан айырылды. Сондай-ақ ол 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Оның орынбасары полиция полковнигі Н.Жомартов мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан және полиция полковнигі атағынан айырылып, бас бостандығы 2 жылға шектелді.
Сондай-ақ, басқарма инспекторы, полиция аға лейтенанты Н.Салахиденов та мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан, полиция аға лейтенанты атағынан айырылды. Сонымен бірге 6 млн 703 мың теңге айыппұл төлейтін болды.
Вам может быть интересно: «Әлемнің бірқатар елінде коронавирустың таралуы бойынша тәуліктік антирекорд тіркелді»