Суретші: Ақша дизайнында минимализмді ұстанған дұрыс

11424

Теңге ең алғаш айналымға енген 1993 жылдың 15 қарашасында 1 АҚШ доллары 4,69 теңге болып бекітілді. Ал бүгінде 1 доллардың бағамы 463 теңгеден асып түседі

Фото: © Depositphotos.com/gromaler

Ежелгі Қазақстан тарихында ақша бұдан көптеген ғасыр бұрын пайда болғаны баршаға аян. Сырдария бойында, Жетісуда түрік билеушілері өз теңгелерін шығарса, Отырар мен Испиджабта ақша шығаратын сарайлар болған. Ал XIV ғасырдың соңынан бастап Әмір Темір монеталары қолданысқа енгізілген.

Әйтсе де Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін тағы екі жылдай кеңестік рубльді қолданды. Оның бір себебі елімізде өзінің банкнота шығаратын фабрикасы мен Монета сарайы болмағандықтан, дейді нарық ішіндегі сарапшылар бүгін.

Қазақ теңгесі 1993 жылы Ұлыбританияда басылып шықты. Ұлттық валютаның келбетін сомдап, дизайнын қалыптастырған суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Ғабжәлелов.

Өкініштісі сол, бүгінде жас ұрпақ өкілдерінің бірқатары, әсіресе, ХХІ ғасырда дүниеге келген отандастарымыздың арасында, Альфа буынын құрайтын балалар мен жасөспірімдер қатарында ұлттық валютаның бастапқы дизайнында кімдердің суреті болғанын білмейтіндер де жоқ емес.

Төл теңгеміздің ең алғашқы банкоттарының алдыңғы бетіне қазақ тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың бейнесі басылса, артқы жағына кең байтақ жеріміздің сұлу табиғаты мен тариxи сәулет нысандары енді.

30 жыл бұрын ұлттық валютамыздың 1 теңге номиналындағы алғашқы нұсқасында «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұлама, әйгілі ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің суреті болды.

Ал 3 теңгелік банкнотта қазақтың әйгілі ақыны, айтыс өнерінің майталманы Сүйінбай Аронұлы, 5 теңгелік банкнотта – халқымыздың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы бейнеленді.

Сонымен қатар, 10 теңгелік банкноттың бастапқы бетінде қазақтың ұлы ғалымы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Уәлихановтың, 20 теңгеде – ұлы ақын, философ, аудармашы, композитор, ағартушы Абай Құнанбайұлының суреттері берілді.

Ал қазақтың ел сыйлаған хандары Әбілхайыр (1718–1748 жж. билік құрған) мен Абылай (1771–1781 жж. аралығында билік құрған Қазақ хандығының 18-ші ханы) 50 және 100 теңгелік банкноттарда бейнеленді.

1994–2003 жылдары «әл-Фараби» сериясы бойынша 500 теңге, 1000 теңге, 5000 теңге және 10 000 теңге номиналындағы қағаз ақшалар басылып шықты. Бүгінгі күні «Самұрық» сериясының банкноттары қолданыста. Олар 2011 жылдан бері жарық көріп келеді.

Төл теңгеміздің туған күнінде Forbes.kz еліміздегі жас суретшілерге хабарласып, «Теңгенің болашақ бейнесін қалай елестетесіз?» деп сұраған еді. Суретшілердің пікірінше, ақшаның өзгеруі – тұрақсыздық нышаны болса керек, байқауымызша, олар теңгенің дизайнын өзгерте бергенді аса құптамайды.

Абдулла Манап
Абдулла Манап

Абдулла Манап – әуесқой суретші, ол портреттік суреттер салғанды ұнатады.

«Кез келген елде ақшаның дизайны айтарлықтай маңызды рөл ойнайды. Ол рәміздер сияқты елдің бренді. Менің ойымша, бізге ақша дизайны мүлде өзгермеуі керек деген заң қажет. Себебі, ақшаның өзгеруі тұрақсыздықты білдіреді», - дейді жас суретші.

Өз тарапынан, төл теңгеміздің тұрақты да нақты бейнесін Абдулла Манап келесідей елестетеді: «Ақша дизайны, біріншіден, қай елдің купюрасы деген сұраққа дереу жауап беруі тиіс. Екіншіден, «қазақ» сөзінің ассоциациясы қандай? Меніңше, жылқы. Кішкентай элементі болса да жеткілікті. Жылқы арқылы қазақ халқының мінезі мен рухын көрсете аламыз.

Үшіншіден, теңге бренді – жеке тұлғамен сипатталады. Бұрынғы ақшаларда батырлардың, хандардың суреттері бейнеленген. Мен теңгедегі Абай Құнанбайұлының бейнесін қайтарып, Кенесары Қасымұлы, Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхановтардың портретін негізге алушы едім. Таңдап алынған тұлғалардан ерекше айбат пен тектілік сезілгені жөн.

Төртіншіден, әрине, қанша теңге екенін көрсететін сан бейнеленеді. Ал ақшаның түсіне келетін болсақ, мен суық түсті бояуларды қолданар едім. Бұл қатарға көк, жасыл, қоңыр, қызыл түстер жастады. Ақша дизайнында барынша минимализмді ұстанған дұрыс деп есептеймін».

Сымбат Сәрсенбаева
Сымбат Сәрсенбаева

Әріптесінің бұл пікірмен Қазақстан суретшілері одағының мүшесі Сымбат Сәрсенбаева да келіседі. «Менің ойымша, қағаз ақшада батырлардың суреті болған тарих тұрғысынан өте тиімді. Себебі, қазір жеткіншек ұрпақтың, жасөспірімдердің ойында өрмекші адам, Super Man-ның образдары бар. Олар ойдан шығарылған, ал бізде – әрқайсысының өз орны бар, ерекше де бірегей тарихи тұлғалар жетерлік», - дейді ол.

Сымбат Сәрсенбаеваның пікірінше, теңгенің бетінде батырларды бейнелу – жастарға тарихты дәріптеумен тең ұстаным. Ақшаның бейнесіне қарап, жас ұрпақ өкілдері «сондай мықты әрі батыл адам болуға тырысады» деп есептейді жас суретші.

Фотосуреттер спикерлердің жеке архивінен алынған

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube