Күркетауық бизнесі: Шымкенттік Бахыт Кенжебаев үндік шаруашылығын қалай жолға қойды

17125

Үндік еті нарықта қалай бағаланады, бұл кәсіп қаншалықты табысты, өңірдегі ең ірі зауыттың қуаты қандай? Бұл туралы Бахыт Кенжебаевтың Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында және Түркістан облысының әкімшілігі ұсынған мәліметтерде кеңінен айтылады

ФОТО: из личного архива

Түркістан облысының тұрғыны Бахыт Кенжебаев мектеп қабырғасында жүріп қоғамдық жұмыстарға белсене араласты, тоғызыншы сыныпты бітірген соң жергілікті колледжге түсіп,  2011 жылы қолына қызыл диплом алады. Алайда Бахыт өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмады. Түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырды, айлап қоңырау күтті, бірақ  ешкімнен жағымды жаңалық естімеді.  Уақыт өте ауылға оралып, қалаға 25 шақырым жерден өз кәсібін ашуды жоспарлайды. Көп ұзамай күрке бағуға бел байлап, алғашында бірнеше үндік сатып алады.

- Мен өзім колледжде білім алдым. Темір жолдағы электро-механик мамандығын меңгеріп шықтым. Бірақ бұл сала бойынша жұмыс табылған жоқ. Әрине, біраз уақыт іздедім, бірақ ешкім алған жоқ. Содан 2011 жылы күрке бағуды қолға алдым. Алғашында бәрін ақылға салып, есептеп, орта есеппен 200 үндік асырасам, айына 100 мың теңге табуға болатынына көз жеткіздім. Бастапқы кезде 6 аналық сатып алдым, алғашында бір күркені 500 теңгеден алдым, содан олардың саны 20 жетті, 40 болды, содан өсе берді. Алғашында 200 балапанды алып қалып, одардың саудасынан 1 млн теңге табыс тапқаным бар. Бұл кезде  мен 20 жаста едім. Арманым - күрке санын мыңға жеткізу болатын. Бұл жоспар екі жылдан кейін орындалды. Одан кейін 300 күркеге түсті, уақыт өте қайта өсті, үшінші жылы шаруашылықтағы үндік саны қайтадан 1000 басқа жетті. Бұл үшін 100 аналықты бастыру керек болды және бәрі де табиғи жолмен жұмыртқа жарды, - деді Бахыт.

Бақыттың әкесі 30 жыл бойы қой баққан. Сондықтан болса керек алғашында оның ата-анасы күрке бағуды құп көрген жоқ, балаларына сенімсіздік танытты, үндіктің орнына қой мен жылқы бағуға кеңес береді. Бірақ Бахыт алған бетінен қайтқан жоқ. Дегеніне жету үшін аянбай еңбек етті, нәтижесінде табысы еселенді, көп ұзамай күркеден түскен пайдаға Gelandewagen алады.

  -Әрине, алғашында оңай болған жоқ. Көбі өлді, қырылды, сол кезде бірәз қиын болды. Сол кезде менің бұл бастамамды балалық деді, енді бірі шалалық деді. Бірақ мен қайтпадым. Уақыт өте алғашқы 1000 басты сатып, оның ақшасына  Mercedes Gelandewagen сатып алдым. Сонда бұл істің қандай табыс әкелетінін көбі түсінді, - дейді Кенжебаев.

Күрке-үй құсының ең ірісі және салмақтысы. Қоразының салмағы тұқымына қарай 9-38 кг дейін жетеді. Ал тауығы  4-11 келіге дейін барады. Әр күрке тауық шамамен жылына 90-100 жұмыртқа береді, бір жылда осыншама балапан алуға болады, ал балапанын 28 күнде басып шығарады. Мамандар мәліметі бойынша күрке тауық етінің адам  ағзасына  пайдасы орасан. Қазір оны әлем медицинасы мойындап отыр. Оның құрамы А, Е дәрумендеріне, сонымен қатар фосфор, натрий, калий, магний, кальций, марганец, иойдқа бай. Ал ондағы темір элементі сиыр етінен 2 есе, тауық етінен 1,5 есе көп. Ағзаға жеңіл сіңеді, зат алмасу процесін, қан айналымын жақсартады, түрлі дертке шипа, окнологиялық ауруларды, туберкулезды алдын алады. Америка, Израиль, НАТО  ұйымының күрке етін жауынгерлер мәзіріне енгізгені бекер емес, әскерилер еттің бұл түрін аптасына екі рет тұрақты түрде тұтынады.      

- Еті өте дәмді, денсаулыққа пайдалы, холестерині жоқ. Көбіне жүкті әйелдер тұтынады, диета ұстайтындар алады. Мамандардың айтуынша сорпасы шипалы, өкпеге пайдасы зор және табиғатта жайылған соң, емдік қасиеті бар шөптерді, дәруменге толы өсімдіктерді жегендіктен  дәмі ерекше болады. Адамдардың маған  қайта келіп, сатып алып жататыны осыдан. Егер келешекте үкіметтен қолдау тауып жатсам, үлкен шаруашылықты жолға қоюға болады. Оның үстіне бұл кәсіптің келешегі бар. Қазір қара малмен қосымша айналысудамын. Бүгінде  менде 30 бас cиыр бар, - деді жас жігіт.    

Үндік өсіру-өте тиімді, пайдалы әрі табысты кәсіп. Күркеге  деген сұраныс әрдайым жоғары, себебі тез жетіледі, тез көбейеді. Үндік еті нарықта жақсы бағаланады, құны басқа жануарлар мен құс еттерінен кем түспейді, жұмыртқасы, мамық қауырсыны тағы бар. Күн жылыда үнемі жайылымда жүреді, қыста қорада ұсталады, ерекше күтімді қажет етеді.  Жалпы жергілікті жарнамалар мен хабарландыруларға қарағанда тірі күркенің орташа бағасы салмағына қарай 4 мың теңгеден басталып, 8-10 мың теңгеге дейін жетеді. Ал балапандары 2000-3000 теңгенің төңірегінде. Бұл негізінен жекелеген үйлерде, аулада, үй жағдайында өсірілетін үндіктер.      

- Неге үндік? Менің ойымша күрке-үй құстарының ішіндегі төресі. Себебі олар топталып жайылады және мал  сияқты азығын жайылып жүріп  табады. Мысалы қаз, үйрек, тауық тек су жағасында немесе жемге қарап қалуы мүмкін. Сондықтан күрке тауықтың шығыны оларға қарағанда әлдеқайда аз. Қазір менің шаруашылығымда 1000 бас бар. Ал олардың еті де бағалы. Былтыр 1 келісі 2300 теңге болса, биыл 1 кг 2600 теңге төңірегінде болуы мүмкін. Жылқы, сиыр етімен бірдей жүреді. Егер сол бағада сатылатын болса, біреуі шамамен 10 мың теңгеден болады. Ал енді 1000 басты есептесек, жылдық табыс 10 млн теңгеге дейін  жетеді. Бір айта кетері күрке тез көбейеді, жеті айда етке дайын болады, қаржыны көп талап етпейді. Қой, жылқымен салыстырғанда өнімділігі 10 есе жоғары. Қазір менде 15 соттық жер бар. Соның айналасында бағып жатырмын, - деді кәсіпкер.

Кәсіпкер келешекте шаруашылығын кеңейтуді жоспарлап отыр.  Бұл үшін күрке бағатын қосымша жер қажет. Өйткені  Төлеби ауданындағы қазіргі шаруашылығы оған мүмкіндік бермейді. Сондықтан бұл болашақтың еншісіндегі жоспар. Жалпы арғы тегі Солтүстік Америкадан басталатын құстың бұл түрі қазіргі күні АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Израиль, Еуропа елдері, Ресейдің оңтүстік аймақтарында, Молдавия, Тәжікстан, Украина, Прибалтика және басқа да елдерде мамандандырылған шаруашылықтарда, жекелеген фермаларда көптеп өсіріледі. Олардың ішінде АҚШ көш бастап тұр, тұтыну жағынан да АҚШ, Израиль, Канада және ЕО елдері алғашқы орындарда.     

- Қысқа қарай күркелер жемге қарайды, біреуі күніне кемінде 50-100 грамм жем жейді. Шамамен 100 бас болса, 2-3 шелек жем беріледі. Қыста ерекше назарды қажет етеді. Семіреді. Салмақ қосады. Қыстан шығу үшін кемі 10 тоннаға дейін жем қажет  болады. 1000 басқа 1 млн теңгеге дейін шығын кетеді. Ал күркенің біреуі 6-8 кг дейін ет береді. Орташасы 4-5 келі ет береді. Субсидия жоқ. Себебі оны алу үшін шарушылық көлемі үлкен болуы керек екен, - дейді жас шаура.  

Түркістан облысында  күрке өсіру дамып келеді. Бахыт Кенжебаев сияқты өз кәсібін ашқан, шағын шарушылықты жолға қойған шаруалар жоқ емес. Ал өңірдегі және Қазақстан бойынша ең ірі өндіріс орны -«Ордабасы құс» ЖШС болып табылады. Күрке тауық етін өндірумен айналысатын компанияның жылдық қуатты 9 500 тоннаға жетеді.  Мемлекет тарапынан оларға субсидия беріледі. Мысалы 2011 – 2021 жылдар аралығында  күрке тауық етін өндіру құнын арзандату үшін оларға 9 730 млн теңге көлемінде  қаржылай қолдау жасалған.

- Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 108 «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес (бұдан әрі - Қағида), «Күрке тауық етін өндіру құнын арзандату» бағытына 1 килограмына 200 теңге нормативпен субсидиялау қарастырылған, - деді облыстың баспасөз қызметі.

Қазіргі күні «Ордабасы құс» ЖШС өнімдері тек өңірге, Қазақстан нарығына ғана шығарылып қоймай, экспортқа жөнелтіледі. Соңғы 4 жылдың мәліметіне  тоқталып өтсек. Мысалы 2018 жылы, жалпы  9 447 тонна ет  өндірілсе, оның ішінде 2 526 тоннасы экспортқа шығарылған. Ал 2019 жылы  9 338 тонна өнім әзірленсе, оның  2 466 тоннасы экспортталды. Пандемия кезінде, яғни 2020 жылы бұл көрсеткіштің аздап төмендегені байқалады. Бұл кезде  өндіріс көлемі 8 540  тонна болса, соның  оның ішінде 2 728 сырт елдерге жеткізілді. Биылғы 9 айдың көрсеткішіне келсек, 2021 жылдың 9 айында 6 877 тонна ет әзірленген, оның ішінде 2 220 тоннасы экспортқа шықты.  Қазіргі күні  қазақстандық күрке еті Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің нарығына шығарылады. Бұл кәсіпорынның 2010 жылы іске қосылғанын айта кету керек, өндіріс орны Индустриаландыру картасы аясында жүзеге асты, тікелей тілекөпірде ашылды, кешен Түркістан облысының Бадам ауданында орналасқан. Кәсіпорын Республика бойынша  күрке тауық шаруашылығын өнеркәсіптік негізде өсіру бойынша алғашқы жоба болып табылады. Қазірде онда «Дәмді ет» брендімен 100 астам ет өнімдері шығарылады және 420 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінгі  күні Қазақстан бойынша күрке тауық өсіретін үлкенді-кішілі шаруашылықтар бар. Жуырда Павлодардағы «Turkey-PVL» ЖШС үндік етінің өндірісін жолға қойды.  Түркістан облысынан кейінгі ірі кәсіпорын өнімдері жергілікті дүкендерден бөлек, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Қарағанды қалаларына жетізіледі, келешекте Ресей нарығына шығу жоспарланған. Бұл өңірдегі компания 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить