Ақтөбелік Малика Дүйсенбаева неліктен қаржы саласын тастап, ұлттық өнерге қарай бет бұрды

8936

«Асыл қазына» брендінің негізін қалаған дизайнердің үлгілері неліктен сұранысқа ие?

Малика Дүйсенбаева
ФОТО: из личного архива
Малика Дүйсенбаева

Бұл туралы Малика Дүйсенбаева Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

Сіздің кезінде экономика саласын таңдаған екенсіз. Қаржыгер мамандығы бойынша қызмет етіпсіз. Қайда білім алдыңыз және қанша уақыт еңбек еттіңіз?

- Иә, менің үш бірдей экономикалық білімім бар. «Дүние» колледжі, онда менеджер-бағдарламашы мамандығын меңгердім, екіншісі білімім темір жол саласына қатысты болды, онда бухгалтерияда істедім. Ал үшінші оқу орны Экономика және статистика академиясы болды. Алғаш темір жолдан бастап, 10 жыл жұмыс істедім, материалдық бухгалтер болдым, одан кейін мұнай саласына ауыстым, араға уақыт салып ірі компанияның бас есепшісі атандым. Бірақ одан әрі өсу мүмкін емес екеніне көзім жеті, сондықтан бұл саладан кетуді шештім. Содан өзімнің жүрегім қалаған, тегім тартқан салаға бет бұрдым.

Сіз жетекшілік ететін «Асыл қазына» брендінің негізі қалай қаланды?  Неден бастадыңыз? Бастапқы қаржы мәселесі қалай шешілді?

- Бұл брендтің тарихы бір емес, бірнеше жыл бұрын басталған. Алғаш оны анам қолға алды, атауы «Асыл мұра» болатын. Ал кейін оның жолын мен жалғастырып әкеттім және Алматыға барған кезде оның атауын «Малика Дүйсенбаева» деп атадым. Өйткені сол кездері фирмаға өз есіміңді беру сәнге айналған еді.  Бірақ арада екі жыл өткенде оның атауын қайта өзгерттім, себебі біз ұлттық киімдерді тігеміз және бәрі соған сай болуы тиіс. Көп ойландық, байқау жарияладық, сосын анам «Асыл қазына» деген атауды ұсынды. Өйткені оның ұлттық, философиялық мәні терең. Ал жұмыс  анамның ательесіндегі үш тігін машинасынан, ондағы 4 маникеннен басталды. Бастапқы қаржы көп болған жоқ. Бірақ еш қиын болмады. Алғашқы тапсырыстардан түскен қаржыны қажетті құралдарға жұмсадық. Әрине, бұл кезде ұлттық киімдерге деген сұраныс үлкен емес еді. Бірақ біздің бақытымызға орай, жанымызда би тобы, конкурсанттар болатын. Біз соларға арнап киім тіктік. Жалпы бұл өнер маған анамнан дарыған, ал оған өз анасын берілген. Мен бұл істі жалғастырған төртінші буынның өкілімін. Қызым Диляра да  дизайнер, немереміз Айзере де осы жолды таңдайды деген сенімдемін.

Қазіргі күні қандай киім үлгілерін тігесіздер? Ұлттық киімдерге деген сұраныс пен қызығушылық қандай? Сіздердің клиенттеріңіз кімдер?

- Қазір біз ұлттық киімдерді қазіргі заманның үлгілеріне микс жасау арқылы тігудеміз. Ал қазір таза қазашқа киімді тігу қиын және оны күнделікті ешкім кимейді. Сондықтан адамдарға қуаныш сыйлайтын, салтанатты кештерге киіп баратын немесе концерттерге және қыз ұзатуға арналған киім үлгілерін жасуды қолға алдым. Қысқасы, біздің клиенттеріміз- тұрмыс құрған қыздар, келіндер, құдалар мен құдағилар және эстрада жұлдыздары. Бірақ пандемия кезінде той мен концерттерге тыйым салынды, сол себепті біздің жұмысымыз да тоқтады.

Сіз материалды қайдан аласыз? Қазақстаннан ба, әлде шетелден бе?

- Материалды өзім барған елдерден алатынмын. Оның ішінде Қытайдан және басқа мемлекеттерден. Басында аздап алдық, себебі  бір киімді қайталамаймыз, өйткені үлгілердің әрбірі эксклюзивті. Ал пандемия онлайн жұмыс істеуді үйретті. Қазір біз әлем елдерінен тапсырыс береміз және бізге өздері жеткізіп береді. Әрине, қажет кезде Қазақстаннан аламыз.

Сіз үшін бұл сала қаншалықты табысты? Жұмыс қаншалықты күрделі?

- Әрине, миллиондап  тауып жатырмыз деуге болмайды. Бірақ өзімізді қамтасыз етуге, зәулім үй салуға, балалардың біліміне және күнделікті шығынымызға жетеді. Алғашқы 10 жылда мен демалыссыз істедім. Менде тек жаңа жыл мен наурызда ғана үзіліс болды. Өйткені бұл сала үлкен күш-жігерді талап етеді, оған жан-тәніңмен берілу керек, өйткені бәрі қолдан жасалады. Бірақ өзің жақсы көретін іспен айналысқанда, сүйікті жұмысыңнан рахат алғанда бәрі ұмытылады.

Сіздің киімдеріңіздің құны неге байланысты?

- Әрине, біз бәрін калькуляция жасаймыз. Бұл тікелей матаның сапасына байланысты. Қымбат матадан тігуге болады, мысалы Үндістаннан әкеліп, қолдан тіккен кездеріміз болды. Қолдың жұмысы көп болған сайын, оның құны жоғары, ал егер кутюрден болса, әрине қымбатқа түседі. Біз оларды үш сегментке бөлеміз. Ал екіншісі орташа топтың тұтынушыларына арналған, үшіншісі масс -маркет, бірақ біз олармен аз жұмыс істейміз. Әрине қолжетімді бағамен көп істегіміз келеді, істеп те жатырмыз, бірақ оның көлемі аз. Бірақ менде қатып қалған баға жоқ. Егер клиенттің көңілі қалап тұрса, үлгілерімді ұнатса, сұраған бағасына беріп жіберемін. Ондайда маған ақша емес, адамның көңіл күйі, бақытқа бөленген сәті маңызды.

Ұжым кімдерден құралған? Командаңыз қанша адамнан тұрады?

- Біздің ұжымның бір бөлігі дайын әрі білімді шеберлерден тұрса, кейбірін өзіміз үйреттік. Мен оларға өздерінің қиялындағы дүниелерді жасауға мүмкіндік беремін. Себебі бұл жан-жақты дамуға мүмкінідк береді. Мысалы, бұған дейін менде істеген қыздардың көбі өз істерін ашып, бөлініп шықты. Олардың басым бөлігін кезінде анам үйретті. Сондықтан бізде үйренем дегендерге үлкен мүмкіндік береді. Табиғатынан тігінші, он саусағынан өнер тамған тігіншілер көп келеді. Мен ондайлардан айырылмауға тырысамын. Себебі менің де, анамның да арнайы білімі болған жоқ. Бұл тегімізде бар өнер.

Әлем байқауында жеңімпаз атанған екенсіз. Қай елде, қандай номинация бойынша көш бастадыңыз?

- Иә, 2016 жылы Халықаралық байқауға іріктеу болды. «Қазақстанның үздік көйлегі» атты байқау алдымен елде өтті, онда мен жеңімпаз атандым және Сербияның Белградында өткен Халықаралық жарыста бағымды сынап, онда да жеңімпаз болдым. Бұл 2017 жылы еді, оған көптеген елдер қатысты, біз ұсынған киім үлгісі «Томирис» деп аталды. Онда ұлттық тарих пен бүгінгі заманның элементтері көрініс тапты, мен бұл жұмысқа бар өнерімді салдым, ал идеяны анам екеуміз ойлап таптық. Өте күрделі жұмыс болды, жүз рет өзгерттік, оны қайта тігуге тура келді. Осылай еңбегіміз бағаланып, әлем елдері арасында көш бастадық.

Пандемия кезінде бизнесіңізді жауып тастамақ болған екенсіз. Оның себебі неде? Қазір жағдай қалай?

- Біз пандемия кезінде жаңа сән үйін ашып, локацияны ауыстырған едік. Онда жұмысшылар жалдап, жөндеу жұмыстарына кірістік. Ал бір аптадан кейін карантин басталды. Біз сол кезде бұйымдарымыз ешкімге керек болмайды деп ойладық, себебі бәрі тоқтады. Әрине, қорқышын болғаны рас. Сондықтан біз қарап отырмай эксклюзивті маскалар мен киім тігуге кірістік. Бәрі үйде отырғандықтан әдемі халаттар тіктік. Осылай үш ай істедік. Бірақ біз жалға алу құнын ақтай алмадық, жалақы төлеу қиындады. Сондықтан бұл бизнесті тоқтатуды шештім. Басқа салаға ауысуды ойладым, себебі менің білімімен басқа кәсіпті бастауға болар еді. Бірақ мені клиенттер өздері іздеп келетін болды. Сол кезде мен пайдалы екенімді түсіндім, сол сәттен бастап жұмысымды жалғастыруды шештім. Ал жүз жаңа есім жобасында үздік атанғаным маған қосымша шабыт берді. Қазір біз Қызылордадан сән үйін аштық. Бұл менің кіші отаным, оның үстіне орналасқан жері өте қолайлы, Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, бәрі жақын, оның үстіне салтанатты шаралар көп өтетін Оңтүстік өңір болып табылады.

Қазақстанның Іскер әйелдері кеңесіне мүше екенсіз. Бұл ұйымдағы миссияңыз қандай?

- Иә, мен Іскер әйелдердің Ақтөбе облысындағы төрағасының орынбасарымын. Онда келгеніме жеті жыл болды, өзім сұрандым, мақсатым-елдің дамуына үлесімді қосу еді. Көп шаруа жасадық. Өз басым тігін ісіне қатысты мастер- класстар, бизнес жүргізуге қатысты тренингтер өткіздім. Жас кәсіпкерлерге қолдау жасадық, бағыт көрсеттік, мотивация бердік, өз тәжірибемізбен бөлістік.

Сіз Tumar Hanym Халықаралық көрсетілімдердің, Business Lady Qazaqstan байқауларының тең ұйымдастырушысы екенсіз. Олардың мақсаты мен нәтижесі қандай?

- Business Lady Qazaqstan  жобасын басында бірге бастадық. Үлкен жобаны жүзеге асыруды көздедік. Бірақ бұйырмады. Өйткені маған ол жақтан кетуге тура келді. Ал Tumar Hanym жобасы жалғасуда, бұл арқылы әйелдердің қайсарлығын, әйелдердің қолынан іс келетінін көрсету басты мақсат болды.

Алдағы жоспарыңыз қандай? Қандай жаңалық күтеміз?

- Біздің алдымызда кішкентай қыздарға, жасөспірімдерге арналған мектеп ашу және модельдер агентігін құру міндеті тұр. Қазір курстарымыз бар, онлайн және оффлайн форматта мастер-класстар өткізудеміз. Себебі бұл сала тек тігін ісін үйренумен шектелмейді, өйткені ең алдымен ұлттық тарихты білу маңызды. Тек содан кейін ғана іске көшеміз, салт-дәстүрді білмей, ұлттық нақыштағы кәсіппен айналысу мүмкін емес. Ал жуырда Санкт-Петерборда өтетін сән апталығына қатысамыз, біз онда өз үлгілерімізді ұсынамыз, сонымен қатар фотосессиялар жасалады, бұл эрмитажда немесе Петергофта болуы мүмкін, бізге осындай керемет локацияларды беріп отыр. Содан кейін Түркияға бет аламыз. Ал одан кейінгі бағытымыз-Еуропа болмақ. Біз тек  пандемияның аяқталуын күтіп отырмыз. Бұйырса Еуропа елдеріне шығатын күн алыс емес.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить