Жас биотехнолог топырақсыз жерде қалай бидай өсірді?

36881

Дәнді дақылдарды өсіруде голландиялық әдісті қолданып жүрген қазақстандық биотехнолог, ауданы 16 шаршы метрді құрайтын жер аумағынан 1 тонна бидай алғанын айтады

Мағжан Ысқақов
Мағжан Ысқақов
Фото: жеке архивтен

Мағжан Ысқақов 23 жаста, KazGidroBioKorm жобасының авторы. Жетісу облысының Кербұлақ ауданында туып-өскен, сол жерде білім алған. Орта мектептің 7-ші сыныбында оқып жүргенде жауыннан кейін целофанның үстінде топырақсыз өскен бидай дәнектерін көріп таң қалғанын еске алады. Сол кезден бастап биология сабағына деген қызығушылығы да арта түскен.

Мағжанның айтуынша, дәнді дақылдарды өсіруге негізделген ғылыми ізденісін қолға алуға, кезінде ауылында көрініс берген арпа ауруы себеп болған. «Мәселенің шешімін табу үшін арпаның құрамын зерттеп, ғылыми жұмыс жазып бастадым. Мектепте оқып жүргенде түрлі олимпиадаларға қатысатынмын», - дейді ол. Ал орта мектепті аяқтаған соң Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне «Биотехнология мамандығы» бойынша оқуға түседі.

Мағжан Ысқақов қазір ғылыми білімін бизнеске айналдырып жүрген отандық стартапшылардың бірі. Сәтті басталған жобасының дәлелі –биологиялық жемді голландиялық әдіспен жеті күннің ішінде өсіру дегенге саяды. Яғни, дәнді дақылдарды топырақсыз арнайы пластик ыдыстардың үстіне тамырландыру әдісі арқылы орналастыру. Бұл әдіс күріш өсіруге ұқсайды, дейді ол, ең бастысы жиі суғарылып тұру керек.

Мағжанның айтуынша, алғашында ол бұл әдісті әкесінің шаруа қожалығында қолданып көрген. Сөйтсе, бір аптаның ішінде ауданы 16 шаршы метрді құрайтын алаңда 1 тонна бидай шыққан.

«Әжем әрқашан өсімдік түнде өседі деп айтып отыратын. Осы сөзін негізге алып, бидайды қараңғы жерде өсіріп көрдім. Нәтижесінде: он сегіз күнде көтерілуі тиіс бидай жеті күнде топырақсыз өсіп шықты. Сәтті гипотеза болды. Яғни, биологияда жаңа ештеңе жоқ. Тек табиғатта бар құбылысты мұқият байқап, түсіну керек», - дейді ол.

Сәтті басталған тәжірибеден кейін Мағжан Ысқақов осы әдісімен ауылындағы 40 шақты адаммен тегін бөлісіп, қарапайым шаруаларға қолдау көрсеткен. Қазіргі таңда онға жуық шаруашылық қолдағы малын осы әдіс бойынша асырап отырған көрінеді. Ал жұрттың алғысын алған жас биотехнолог ғылыми ізденісін стартап жобаға айналдырып, 2017 жылы Алматы облысы әкімінің 2 600 000 теңгелік грантын ұтып алады. Осы қаржыға ол мектеп жанынан зертхана ашып, бидайдың 8 сортын өсіріп көрген. Мағжанның айтуынша, бұл әдіс тек бидайға ғана емес, арпа, бұршақ, жасымық (чечевица) секілді басқа да дәнді дақылдарды өсіруге жарай береді, ол бұған өзі көз жеткізген.

Голландиялық әдіспен өскен биологиялық жем
Голландиялық әдіспен өскен биологиялық жем
Фото: жеке архивтен

Әрине, ғылыми ортада жеті күнде өсетін дақылдың сапасына күмәнмен қарағандар да болған. «Мұндай жеммен қоректенген малдың еті қаншалықты құнарлы?» деген сұрақтар да көптеп қойылған. Жауап ретінде Мағжан Ысқақов осы жеммен қоректенген малдың етін Қазақ тағамтану академиясында сараптамадан өткізеді. Ет құрамы мемлекеттік алтын сапа стандартымен сәйкес келеді. Демек 100% таза табиғи өнім. Ол, сондай-ақ Мәскеудегі еттің құрамын зерттейтін зертханадан рецензия да алған. 

«Қазақ қыстан арықтап шыққан малын көктемде бірден шалғынға жаяды. Себебі, енді көтеріліп келе жатқан көктің құнары жоғары. Сәйкесінше төрт түлік бірден семіретін болған. Сол секілді осы технологияның артықшылығы да сонда – бойындағы құнарын өзінде сақтап қалу. Бидайдың құрамындағы клетчатка, яғни өзек екіншілік эндосперм қабатындағы қоректік ортаны пайдаланып 7 см өседі. Одан артық көтерілмейді. Біз соны малға береміз. Оның құрамында кальций, фосфор, Е витамині, биотин, мыс, цинк, магний сияқты көптеген пайдалы заттар бар», - дейді биотехнолог маман. 

Алматыға келген соң Мағжан Ысқақов түрлі стартап батлдар мен гранттық жобаларға қатысып, қаржылай қолдаулар ұтып алғанын айтады. Ақшаны осы жобасын жетілдіруге жұмсағанды жөн көрген. Қазір командасында бес адам бар. Оларды да өзі қатысқан әртүрлі форумдар мен батлдар аясында кездестірген. Мысалға, Беркли университетінде гидропоникалық жем жасау әдісінде жасанды интеллектіні қолдану бағытында жоба бастаған әріптестерімен ұдайы байланыста. Шайхстан Есімбек биотехнологияны құрылыспен біріктіріп, жем өсіретін жылыжайлар салады. Ал Айжамал Ихласова болса, «Ғылым саласында қандай жаңа серпілістер бар, қазақстандық ізденушілер неге шетелге шықпайды?» деген сұрақтардың жауабын іздеп, өзі хабарласқан. Мағжанның жобасына қызығушылық танынып, ерікті түрде ғылыми жұмысты ағылшын тіліне аударып, шетелдік журналдарға жариялап жүрген әріптестері де бар. Бүгінде Мағжанның осы жобасын сатып алуға Германиядан, Франциядан ұсыныстар түсіп жатыр. Бірақ ол бұл жобаның Қазақстанға қызмет етіп, отандық ауыл шаруашылығы саласына жаңа серпіліс әкелгенін қалайды. 

Зертханадағы зерттеу жұмыстары
Зертханадағы зерттеу жұмыстары
Фото: жеке архивтен

Негізі, Мағжан өз жобасын ұсынып, ауыл шаруашылық министрлігіне бірнеше рет хат та жолдаған. Бірақ ресми мекемеден еш жауап болмаған. Қазақстан аграрлы ел дейміз, әдетте. Әйтсе де, ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылы еліміз 239 мың тоннадан астам ет өнімін сырттан импорттаған. Үш жыл бұрын Маңғыстаудағы қуаңшылық салдарында оң мыңға жуық мал қырылып қалғаны айтылды, ал биыл ел ішін жайлаған топан су кесірінен қарапайым жұрт қолындағы малынан айырылып жатқаны тағы бар.

«Екі жыл бұрын Ақтауда, Атырауда болдым. Малдың қоқыс полигондарын аралап жүріп, картон жеп жатқанын өз көзіммен көрдім. Шыны керек, бұл көрініс жүрегіме қатты батты. Сол сәттен бастап осы жобамды әрі қарай дамытуды мақсат еттім. Тек шағын шаруа қожалықтары ғана емес, барлық мал өсіріп отырған жұртшылық менің жобаммен танысып, өз игіліктеріне пайдаланса екен деймін. Әрине, мұндайда мемлекеттің қолдауы керек-ақ. Күндердің күнінде жер астындағы байлығымыз да таусылуы ықтимал, сонда ел экономикасын тығырықтан алып шығатын сала ауыл шаруашылығы болмақ. Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі қазірден бастап агростартаптарға көңіл бөліп, түрлі көрмелер өткізіп, өз қалауымен мәселенің шешімін ұсынып жүрген жандарға қолдау көрсетсе екен», - деп бөліседі өз ойымен Мағжан Ысқақов.  

Ол, сондай-ақ ел ішінде, Орталық Азия аясында өтіп жататын әртүрлі форумдар мен көрмелерге барынша қатысуға тырысып жүр. 2024 жылдың қаңтарында Түркияда өткен AgroExpo көрмесіне Қазақстанның атынан қатысып келді. Одан бөлек екі ай бұрын Алматыда өткен «Industry 4.0 Startup Battle» шарасының жеңімпазы атанып, 15 мың АҚШ долларын ұтып алды. Биыл енді Еуропа, АҚШ мемлекеттеріне шығуды да көздеп отыр. Дәл қазір Мағжан Германиядағы Аgra Leipzig форумына қатысып, өз жобасын әлем жұртына таныстырып жатыр. Мамыр айының басында Канаданың Регина қаласында өтетін «Canada's Farm Show» халықаралық ауылшаруашылық форумында жобасын қорғамақ. Ал тамызда АҚШ-та өтетін «Feast on the Farm Gala 2024» халықаралық фестиваліне тұңғыш рет Қазақстанның атынан қатыспақ. Осы мүмкіндіктер арқылы ол Орталық Азиядағы аграрлы мемлекеттерге әлемнің назарын аударып, инвесторлар тартсақ деген мақсаты барын жасырмайды.

«Стартап  «іске қосу» деген сөзден шыққан ғой. Менің зерттеуім соңында бір проблеманы шешіп тұрса, ол ақша әкеледі деген сөз. Иә, қазір көптеген стартапшылар гранттан грантқа күн көреді. Бірақ сол ұтқан қаржыны жобаны дамытуға салса, ақша өзі-ақ келетініне көзім жетті. Сондықтан өзінің жұмысына шын жаны ашып, ұзақ перпективадағы жоспардың болуы маңызды. Халық саны күнен күнге өсіп жатқан мемлекеттерде халықты азық-түлікпен қамту қиындап жатыр. Осындайда біз оларға өз өнімдерімізді экспорттасақ, бізге ешкім қой демес. Бізде биологиялық жем жеп өскен мал етінің құнарлылығы Америка сынды елдерде жоғарғы сорттағы деликатес ретінде сатылады. Бір келісі 26 мың теңгеге дейін барады. Осыған мүмкіндік ретінде қарап, әрекет жасасақ, Қазақстанның мерейі үстем болады деп есептеймін. Біз енді АҚШ-та өтетін халықаралық форумда қазақстандық өнімдердің, оның ішінде мал еті мен дәнді дақылдардың сапасын барынша ашып көрсетуді мақсат етіп, дайындалып жатырмыз», - дейді Мағжан Ысқақов.

Қазір ол Астана қаласындағы Ұлттық биотехнология орталығында ғылыми жұмыстарын жазып, көпжылдық бидайларды өсірумен айналысады. Сонымен қатар, 2022 жылдан бері мектепте биология пәнінен сабақ береді. Ондағы мақсаты – жаңа буын өкілдерін ғылымға қызықтырып, баулу. Мағжанның сабақ берудегі ұстанымы: баланы құрғақ теориямен тойдырып қоймай, түрлі тәжірибелер жасауды үйрету. Ол гранттан ұтқан қаражатына шамасы жеткенше мектеп ауласынан жылыжайлар салғызып, оқулықта жазылғанды практикада жасатып жүр.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить