Smart money: өз білгеніңмен бөлісе біл

Байқасаңыздар, соңғы жылдары елімізде әлеуметтік дамуға және экологиялық проблемаларды шешуге негізделген әлеуметтік жобалардың танымалдылығы артып, сала ішінде өзіндік бір серпіліс көрініс беруде

Фото: © Depositphotos.com/alphaspirit

Бұл тренд ел халқының, әсіресе, жастардың осы мәселелерді түйсініп, сезіну деңгейі өсіп келе жатқанын көрсетсе керек. Яғни, қоғам іші гендерлік теңдік, инклюзивті қоғам, экологияның сапасы сынды мәселелерге жан-жақты назар аудара бастады: бүгін ешкім әділетсіз де қолайсыз ортада тіршілік еткісі келмейді.

Егер осыдан он жыл бұрын ел халқы әлеуметтік мәселелерді түгелдей мемлекет өзі шешіп береді деп күтсе, қазір енді бұл түйткілдің шешімін ұсынуға мүдделі белсенді азаматтардың қатары көбейе түсті.

Осынау позитивті өзгеріс «өзің қатысып, өзің қолға ал» деген принципке жол ашты және меніңше, қоғамның осы тұрғыдағы пікір-ойы мен ұсыныстарына мемлекет те құлақ аса бастады. Әйтсе де, әлеуметтік маңызды бас­тамалар мен ұсыныстардың дамып, таралуына қарамастан, әлеуметтік кәсіпкерлікті ілгері жылжытуға өзіндік қолбайлау болып отырған қиындықтар, кедергілер де жоқ емес.

Мысалға, ҚР заңнамасында «әлеуметтік кәсіпкер» деген ұйымдық-құқықтық нысан жоқ. Тек құрамына жұмыс істеп жатқан жеке кәсіпкерлер (ЖИ), жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер (ЖШС) және үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) кіретін реестр ғана бар. Негізі, салық салу және заңдық сипаты тұрғысынан Қазақстанда ЖК, ЖШС және ҮЕҰ сынды нысандар әрқалай жіктеледі, соған қарамастан олардың әрқайсысы әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы бағдарламаның 232-1-бабына сүйене отырып, мемлекеттен жеңілдік пен артықшылыққа үміт арта алады. Бірақ Заңда «әлеуметтік кәсіпкер» деген арнайы нысанның болмауы бірнеше негізгі мәселенің шетін шығарады:

  1. Заңда әлеуметтік кәсіпкер туралы нақты анықтама болмағасын оның заңдық, құқықтық статусы мен міндеттемелеріне қатысты белгісіздік, түсінбестік туындауы мүмкін. Бұл бизнесті тіркеу­ге, қаражат алуға, сондай-ақ, өзге де құқықтық нысандарға берілетін әртүрлі көмектер мен жеңілдіктерге қол жеткізуге кедергі келтіруі ықтимал.
  2. Әлеуметтік кәсіпкер статусының ресми түрде мойындалмауы және оларға қатысты заңдық қолдаудың болмауы оның инвесторлар мен серіктестердің, қоғамның алдындағы беделін түсіреді. Бұл әлеуетті серіктестер мен инвесторлардың осы салаға деген зейін-ынтасына қаяу салып, ресурстар мен қолдауларға деген қолжетімділікті шектеуі ықтимал.
  3. Заңдық тұрғыда нақты негіз болмауы себепті әлеуметтік кәсіпкерлер өз құқықтарын қорғау барысында немесе мердігерлер мен мемлекеттік органдар алдындағы міндеттемелерін орындауда қиындықтарға тап болуы мүмкін. Ал әлеуметтік кәсіпкерді қаржыландырудың тартымдылығы туралы айтар болсақ, бұл арада ЖК, ЖШС, ҮЕҰ үшін әртүрлі қатынас қалыптасқан. Үкіметтік емес ұйымдар үшін инвестиция тарту қиын соғады. Қайырымдылыққа қаржы құятын донорлармен салыстырғанда, әдетте, инвес­торлар өз инвестициясынан пайда табуға мүдделі. ҮЕҰ дәстүрлі түрдегі табыс көздеріне жатпайды, содан да инвесторлардың оларға деген қызығушылығы төмен болуы ықтимал. Көп жағдайда үкіметтік емес ұйымдардың жобалары шешімі қиын, нәтижесі белгісіз әлеуметтік және экологиялық күрделі мәселелерді шешуге бағытталады. Ал нәтижесі айқындала қоймаған жобаларға қаражат салу – инвес­тор үшін тәуекелі мол шешім. Үкіметтік емес ұйымдардың коммерциялық сектордан басты айырмасы: олардың инвестициялық қорлар, венчурлық салым, биржа көздеріне қол жеткізу мүмкіндіктері шектеулі. Жалпы, инвесторды іздеп тауып, қызықтыру оңай шаруа емес. ҮЕҰ өз жұмысында менеджмент пен корпоративтік басқарудағы шектеулерге тап болып, есеп беру мен қаржылық басқару барысында ашықтықтың жетіспеуімен бетпе-бет келуі мүмкін. Әлбетте, бұл әлеуетті инвестордың назарынан тыс қалмайды.

Үкіметтік емес ұйымдар үшін басты мүмкіндік – демеушілердің көмегі немесе грант түріндегі қаржыландыру бағдарламалары. Бүгінде көптеген компаниялар ESG принциптеріне талпынатыны баршаға мәлім, яғни ҮЕҰ ұсынған әлеуметтік жобаларды қаржыландыруды бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асыруға болады. Бірақ бұл мүмкіндік жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ұсынатын жобаларға жарамайды. Гранттық қаржыландыру бағдарламаларының дені коммерция­лық емес ұйымдар мен қайырымдылық қорларына, қоғамдық бастамаларға бағытталған. Әдетте ЖК немесе ЖШС түріндегі нысандар бұл бағдарламалардың критерийлеріне сай келмейді. Грант беруші ұйымдар мен қорлардың басым бөлігі нақты бір әлеуметтік немесе экологиялық проблемаларды шешуге негізделген жобаларға бағытталған. Бұл тұрғыда ЖК, ЖШС сынды нысандар өз жобасының әлеуметтік маңызын, тиімділігін барынша ашып көрсетіп, түсіндіріп беруі тиіс, ал бұл үшін қосымша уақыт, күш-жігер, ресурс қажет етіледі.

Ақпараттық технологиялар саласындағы әлеуметтік кәсіпкер ретінде мен елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдайтын жайлы да ыңғайлы экожүйе қалыптастыруға шақырамын. Ол үшін бізге арнайы ұйымдық-құқықтық нысан әзірлеу қажет, онда кәсіпкердің әлеуметтік миссиясы мен мақсаты ескерілуі тиіс, сондай-ақ оларға арналған белгілі бір дәрежедегі басымдықтар мен жеңілдіктер (мысалға, салықтық жеңілдіктер), гранттар мен қаржылық қолдаулар қарастырылуы керек. Онда әлеуметтік маңызды жобалар мен бастамаларды арнайы қаржыландыратын импакт қорлар мен өзге де қаржы құралдарының болуы өте маңызды.

Әлеуметтік кәсіпкерлікке баулитын оқу, дамыту бағдарламаларын әзірлеуді де ұмытпау керек. Онда бизнес жоспар құруға, қаржылық менеджментке, цифрлық технологияларға, масштабтау және әлеуметтік әсерді өлшеу құралдарына мән берілу керек. Инфрақұрылым мен желілік қарым-қатынас, оның ішінде инкубаторлар, акселераторлар мен коучингтік бағдарламалар әлеуметтік кәсіпкерлердің арасында тәжірибе және ресурс алмасуды жеңілдетеді. Сол сияқты, гранттар, салықтық жеңілдіктер сынды мемлекеттік қолдаулар да әлеуметтік жобаларға инвестиция салуды ынталандырады. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік туралы ақпарат таратуға негізделген науқандар мен кең ауқымды event шаралар бұл салаға қоғам мен инвесторлардың назарын аударуға септік етеді. Сала ішіндегі нәтижелерді бағалап, мониторинг жүргізуді бір жүйеге келтіру, әлеуметтік кәсіпкерліктің әсерін өлшеп, нәтижеге сәйкес қолдау стратегияларын бейімдеуге көмектеседі. Мен сондай-ақ, отандық ірі компанияларды peer to peer принципін ұстанып, өз ісін енді ғана бастаған әлеуметтік компанияларға менторлық қолдау көрсетуге шақырамын. Smart money инвестициясы аясында өздеріңізге тән өсу мүмкіндіктерімен, ресурстарыңызбен бөліссеңіздер болады. Жалпы, бұл стратегия әлеуметтік кәсіпкерлік экожүйесінің өзіндік бір маңызды бөлігі, өйткені ол тұрақты даму жолында бірлесе өсіп-шыңдалуға мүмкіндік беретін бірден-бір сенімді әрі жылдам бағыт.