Тіл табысу өнері

Миллиардер Кристиан Ангермайер арада өткен он жылда аты шулы инвестициялық бағыттарды түгел қамтып үлгергендей екен, мәселен, криптовалюталар, галлюциногендер, ми импланттары, ұзақ өмірдің құпиясы деген сияқты

Фото: © Levon Biss үшін

Өзін қашаннан өжет санайтын ол, Питер Тиль, Ума Турман және Руанда президенті сынды көптеген танымал достарының қолдауымен, стероидтар қолданатын спортшылардың Олимпиадасын өткізуге әзірлік үстінде.

Неміс миллиардері Кристиан Ангермайер өзінің соңғы инвестициялық жобасы, яғни стероидтардан бас тартпайтын Олимпиада ойындары туралы әңгімесін Остиндегі (Техас) Four Seasons отелінің төртінші қабатында жайғаса отырып бастап кетті. Осыдан бір жыл бұрын Ангермайердің досы, кәсіпкер әрі заңгер Арон д’Суза (Gawker Mediамен соғыс барысында Питер Тиль жағында күрескен) Олимпиада ойындарына балама болатын жаңа бір ауқымды спорт шарасын өткізу туралы ой тастапты, яғни онда спортшыларға допинг қолдануға рұқсат берілуі тиіс (дәрігерлердің байқауымен) деген сарында. Мұны естіген Ангермайер бұл ойды бірден ұлық идеялар қатарына жатқызыпты.

«Мен бұл өмірге бизнес модель және ақша табу тұрғысынан қарайтын адаммын, сондықтан да мен оған: «Бұл миллиардтаған доллар тұратын идея» деп бірден айттым», — деп әңгімелейді бизнесмен.

46 жастағы Ангермайердың қазіргі дәулет байлығы 1,1 млрд АҚШ долларын құрайды, ол Мальтадағы Apeiron Investment Group атты отбасылық инвестициялық компаниясы арқылы Enhanced Games (жақсартылған ойындар) жобасына шамамен 2,5 млн доллар инвестиция құйған. Бұл жобаға венчурлық инвестор Питер Тиль мен Кремний алқабындағы криптобизнесмен Баладжи Шринивасан да қаржылық қолдау көрсетіп отыр. Бұл тұрғыдағы алғашқы сайыс 2025 жылы өтеді деген үмітте шара ұйымдастырушылары, олардың айтуынша онда спорттың бес түрі қамтылмақ, мәселен, 100 және 50 м қашықтыққа жүгіруде және еркін жүзуде әлемдік рекордтан асып түсу деген секілді. Айтпақшы, ойынның жүлде қоры 1 млн АҚШ долларын құрайды. Әрине, Олимпиада ойындарының 3000 жылдан астам тарихы бар, ол баршаға мәлім, бірақ Ангермайер өзіне тән әсіре сөйлеу әдетімен — стероидтар мен өзге де препараттарды қолдануға рұқсаты бар халықаралық сайыс адамның мүмкіндіктерін кеңейтеді, сондықтан ежелден танымал Дәстүрлі ойындарды оңай артта тастайды деген сенімде.

«Жұрт табиғатынан желаяқ адамды емес, ең жүйрік жігітті немесе ең жүйрік әйелді көргісі келеді». Ангермайердің айтуынша, ойындар стадионнан не шағын павильоннан тікелей эфир негізінде таралуы мүмкін, ол тіпті бұл сайыс көрермен ықыласына бөленетініне де еш күмән келтірмейді. Лондонда орналасқан компания қазір 300 млн доллар қаржы тарту жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. «Бұл әлемдегі ең ірі спорт франшизасының бірі болады, — деп жалғастырады әңгімесін Ангермайер отельдегі номерінде түстене отырып. — Егер біз эфирді іске қоссақ, уақыт өте ол 5 млрд, 10 млрд доллар тұратын болады. Мен бұдан да зор цифрларға иек арта аламын, бірақ реалист болып қалған да дұрыс».

Рас, Ангермайер қолға алған жобалардың көбісі бір қарағанда жүзеге асыруға келмейтіндей, тіпті ебедейсіз болып та көрінеді. Оның еш қоржынға ұқсастығы жоқ инвестициялық портфелінде (негізгі бөлігі Apeiron бақылауында, ал оның басқаруға берілген актив көлемі 2,5 млрд доллар) криптомайнингтен галлюциноген заттарға дейін, динозавр сүйектерінен ми импланттарына дейін бар. Дегенмен, оны «дарақы», «

ылжақ» деп сипаттау артықтау болар.

«Егер мен дарақы болсам, онда жүрген ортамда тренд белгілей алатын дарақы болғаным, мен енді ғана байқала бастаған тенденцияларды жазбай танимын», — дейді Ангермайер (айтпақшы, оның оң білегінде галлюциногендік саңырауқұлақтардағы психоактивті зат псилоцибиннің химиялық құрылымын бейнелейтін татуировкасы бар…).

Бағалы қағаздар мен криптовалюта негізінде байып, миллиардер болған Майк Новограц псилоцибинге сынақ жүргізетін британдық Compass Pathways биотехникалық компанияларына алғашқылардың бірі болып чек жазып берген (Ангермайер және Тильмен бір уақытта), оның пікірінше Ангермайердің суперкүші оның кіммен болса да байланыс орнатып, тіл табыса білуінде.

«Оның адамдарды капиталмен, мүмкіндіктермен беттестіріп, байланыстыру қабілетінде шек жоқ, ол — керемет нетворкер», — дейді Новограц. Осы арада айта кетсек, Новограц кезінде Ангермайермен бірге бірқатар компанияларға инвестиция салған, оның ішінде Block.One атты криптокомпания мен Ангермайер негізін қалаған ATAI Life Sciences стартабы да бар. Бұл компания галлюционогенді препараттармен айналысады және оларды психикалық ауруларды емдеуде қолдану үшін АҚШ-тың санитарлық қадағалау басқармасынан (FDA) рұқсат алуға үмітті.

Ангермайермен 59 жастағы Новограц 2010 жылы танысқан, яғни шет елдерде инвестициясы бар АҚШ қорларына еуропалық қаржы дағдарысымен күресу жолдары туралы кеңес беріп жүргенде.

«Нетворкер» немесе «дарақы» деген сөздерді Ангермайер жақтырмайды. Өзінің көздегеніне қол жеткізіп, өзгелерді пайдалану үшін көптеген адамдар онымен байланыс орнатып, жақындасуға ниетті, дейді ол. Оған енді өз өмірінде жұмыс істеп, табыс табудың еш қажеті жоқ, бірақ Ангермайер біраз уақытын өзі «алуан түрлі өмір» деп сипаттайтын әлем құруға жұмсауға дайын. Бұл орта оның жақын достарынан жасақталған, ал олардың арасында тұтас бір елдерді басқарған (не қазір де басқаратын) адамдар (бұрынғы неміс канцлері Ангела Меркель секілді), Голливуд жұлдыздары (Ума Турман) немесе оның өзінен де көп ақша тапқан ауқаттылар (Новограц, Тиль) бар. «Егер сіздер бұл әрекетті «нетворкинг» деп танысаңыздар, онда оған ақша деп қарағандарыңыз дұрыс. Бұл арада ең бастысы — күш алуандылығы», — дейді ол.

Соңғы он жылдықтағы ең өзекті дейтін жобалардың біразында Ангермайер инвестор ретінде танылып жүр, бірақ оның есімі бірқатар жанжалдарға қатысты да аталып жатады. 2019 жылы Ангермайер төлемдерді өңдеуші Wirecard компаниясының пайдасына негізделген SoftBank-тің 1,1 млрд теңге тұратын инвестициялық мәмілесіне делдал ретінде қатысты: қазір неміс компаниясы банкроттыққа ұшырап, құрдымға кеткен — аудит барысында 2,1 млрд доллар көлемінде қаражат жетіспеушілігі анықталуы себепті. Бірақ сонда Ангермайер делдал ретінде шамамен 12 млн доллар пайда тапты.

«Мен бар болғаны адамдарды бір бірімен таныстырдым, — деп еске алады Ангермайер. — Мәміле сомасынан 1% көлемінде ақы алуға келістім, бұл соншалықты көп те емес».

Тиіп-қашпа әңгімелерде айтылып жүргендей, 2018 жылы Австриядағы досының кең сарайында өзінің қырыққа толу құрметіне ұйымдастырылған кеште Ангермайер Питер Тильді РФ СІМ қызметкері Даниил Бисслингермен таныстырса керек. Business Insider мәліметінше, Тиль бұл кездесу туралы FBI өкілдерін хабардар еткен, яғни Бисслингер оны Санкт-Петербургте өтетін конференцияда сөз сөйлеуге шақырып, Владимир Путинмен кездесу ұйымдастыруды ұсынды деп. Бисслингер, сірә, Тильге дәл осындай ұсыныспен (Ресей президентімен кездесу жөнінде) 2022 жылы қайта хабарласса керек (Тиль редакцияның пікір білдіру туралы ұсынысына жауап қатқан жоқ).

Ангермайер сол жолы кең тарап кеткен бұл әңгімені «бос сандырақ» деп отыр, ал ондағы «детальдарды» — «ойдан құрастырылған» деп түсіндіреді. «Мен туған күнімді тойлап жаттым. Менің екі досым бар. Олар кездесті. Ал достарымның немен айналысатыны менің шаруам емес», — дейді ол.

Кристиан Ангермайер, әлемдік деңгейдегі нетворкер ретінде кәсіпкерлермен, саяси көшбасшылармен және Ума Турман, NBA жұлдызы Янис Адетокунбо, Куин Латифу сынды танымал тұлғалармен достастығын бизнесте де, қайырымдылықта да пайдаланып жүр.
Фото: © Getty Images/Cindy Ord, Julien M

Чехияға жақын жатқан неміс деревнясы Трибендорф тұрғындарының саны 200 адам ғана, сонда есейіп, жігіт болған Кристиан Ангермайер өзінің бүгінгі жағдайына дейін ұзақ жолдың соқпағынан жүріп өткен. Әкесі құрылыста істеген, ал бала күтімі мен үй шаруашылығын өз қолына алған анасы кезінде хатшы жұмысын атқарған. Кристиан бала кезінен бизнеске құмар болып өсті. Жазуды үйрене сала ол өзінің алғашқы жобасы ретінде төлем шотын жасап қояды (бұл шотты анасы әлі күнге дейін сақтап жүр). Алты жасында оны ата-анасы кинотеатрда көрсетілген «Қамқоршы қонжықтар» мультфильміне алып барады. Бала Кристианға бұл мультфильм қатты ұнайды, бірақ ол ата-анасы билет үшін ақша төлегенін көріп, одан бетер таңқалады. Үйге келген бойда ол теледидардың пультін өзіне алып, телебағдарлама қарау үшін ата-анасынан төлем ала бастайды, тіпті прейскурант та жасап қояды.

«Сол кезде ата-анам кәдімгідей уайымға берілді. Әрине, қазір олар мақтан тұтады, бірақ сол кезде: «Бізден кеткен қай қателік?» деп қиналғаны рас», — деп еске алады бизнесмен.

Оның пікірінше, Ангермайердің оқиғасы немістің кәсіпкерлік туралы ертегісіне арқау бола алады. 1998 жылы ол Байройт университетіне оқуға түсіп, бір айдың ішінде Штеффан Лиммер және Роланд Крейцермен есімді екі бірдей профессормен танысқан. Олар сонда «RNA-интерференция» деп аталатын гендік инженерия саласындағы ең жаңа технология жолында еңбектеніп жатқан-ды. Кейінірек осы ғалымдар Ангермайермен бірге Ribopharma AG компаниясын ашады. Кристианға компаниядан азғантай ғана үлес тигенімен, Ribopharma Германия үкіметінің қолдауына ие болады, сол тұста Ангермайер оқуын аяқтамай тастап кетеді. 2003 жылы Ribopharma Массачусетстегі Alnylam компаниясымен бірігу процедурасын өткізді, ал ол кейін биржаға шыққан. Сөйтіп, Ангермайер 25 жасында мультимиллионер атанады. Ол тіпті 30-ға толмай жатып-ақ кейін өзіне пайдасын тигізген адамдармен байланыс орната білді. Мысалы, Германиядағы ең бай отбасы өкілдерінің бірі Голо Квандтпен. Ribopharma табысқа кенелген соң Ангермайер университетте бірге оқыған екі досымен бірге қаржы қызметін көрсететін Angermayer, Brumm & Lange Group (ABL) компаниясының негізін қалады. Бастапқыда ABL-дің инвестиция тартуда жолы болмады, бірақ 2004 жылы Квандт бірқатар компанияларға шамамен 40 млн доллар құйып берді.

Тағы бір мысал: 2007 жылы Германияның сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген Ангермайердің досы одан Руанда президенті Поль Кагаме үшін кешкі ас ұйымдастыруға көмек сұрайды. Сөйтіп, Ангермайер мен Кагаме өзара тіл табысып, арада бірнеше апта өткенде Ангермайер Руанда астанасы Кигалиге шақыру алады.

Ангермайер Руанданы «Африканың Сингапуры» деп сипаттап, онда бизнес үшін қолайлы жағдай қалыптасқанына мән береді. Президентке Руанда экономикасына инвестиция құю ойы барын да жайып салады. Сонда оған Кагаме таяуда ғана сатуға шығарылған Banque Rwandaise de Développement атты шағын банк туралы ой тастайды. «Мен елге қайтқан бойда сол банкті бірден 10 млн долларға сатып алдым», — деп еске алады Ангермайер.

Кристиан Ангермайер, әлемдік деңгейдегі нетворкер ретінде кәсіпкерлермен, саяси көшбасшылармен және Ума Турман, NBA жұлдызы Янис Адетокунбо, Куин Латифу сынды танымал тұлғалармен достастығын бизнесте де, қайырымдылықта да пайдаланып жүр
Фото: © Getty Images/Hekimian

Кейін ол штаб-пәтері Франкфуртте орналасқан African Development Corporation (ADC) атты банктер тобын құрып, континент ішіндегі он шақты елде аймақтық банктердің бірқатарын біріктіре білген бас директорды жұмысқа алады. 2014 жылы Ангермайер мен оның серіктестері ADC тобын Barclays қаржы конгломератының аты шулы бұрынғы басшысы Боб Даймондқа және оның Atlas атты африкалық қаржы компаниясына сатып жібереді; жалпы сомасы 265 млн АҚШ долларын құраған бұл мәміле құрамында тағы бір банктік фирма болды. Ангермайер өзі, сол тұста оған ADC тобының 15%-ы тиесілі болғанын айтады.

Ангермайерді өзінің Президенттік консультативтік кеңесіне енгізген Кагаме оған зор құрметпен қарайтынын жасырмайды. Forbes атына жазылған электронды хатында ол оның «болашаққа деген оптимистік көзқарасы» мен «мегатрендттер» қалыптастыру қабілетіне жоғары баға береді.

ADC-тегі үлесін сатып жіберген тұста Ангермайер 36 жаста болатын, ол сонда Apeiron атты жаңа инвестициялық фирма құрып, тәуелсіз жұмыс істеуге кіріседі. «Өзімді шын мәнінде таңданды алатын дүниемен айналысқым келеді», — дейді ол.

Ангермайер — ішімдіктен түбегейлі бас тартқан адамның бірі, өзінің айтуынша, өмірінде әрі кетсе «бірер тамшы» алкоголь ішіп көрсе керек. Бірақ 2014 жылы Кариб аралдарында демалып жатқанда оған достары галлюциногенді саңырауқұлақтың дәмін татуды ұсынады. «Бұл менің өмірімде бұрын-соңды болмаған жаңа нәрсе еді», — дейді ол.

Демалыстан оралған Ангермайер Нью-Йорктегі Новограц досына жолығып, әлгі саңырауқұлақтарды фармацевтика саласында қолдану туралы ойын айтады. Ал үш күннен кейін Новограцтың кеңсесіне кездейсоқ келген Джордж Голдсмит есімді азамат псилоцибинді депрессиядан емдеу препараты ретінде қолдану туралы жоба ұсынады. Осылайша Новограц, Тиль және Ангермайер Лондондағы Compass компаниясына әрқайсысы 1 млн доллардан ақша салады.

2018 жылы Ангермайер осы салаға негізделген өз фирмасын ашып, оған ATAI Life Sciences деген атау береді, бұл компания 2021 жылы Nasdaq биржасына шығып үлгерді. Қазіргі таңда құны 44 млн АҚШ доллары деп бағаланатын бұл компанияның Ангермайерге тиесілі үлесі 20%-ды құрайды. АТАІ бірқатар галлюциногендер тобына қатысты клиникалық сынақтар жүргізеді. Бизнесмен бұл компанияға жалпылай алғанда 40 млн доллар құйған. «Егер біз галлюциногендерді медициналық препараттар қатарына енгізе алсақ, онда АТАІ ондаған, жүздеген млрд доллар тұратын болады», — дейді бизнесмен.

Әйтсе де күндердің күнінде кәсіпкердің назарын биткоин жаулап алады. Ол қазір ағымдағы құны 58 млн доллармен бағаланатын 1000-ға жуық биткоинге ие. Ангермайер криптовалютаға шындап сенеді және түптің түбінде 1 биткоин 1 млн долларға бағаланады деп күтеді. «Биткоинге келгенде жұрт көп нәрсені қиындатып жібереді, — дейді ол. — Ал биткоин дегеніміз цифрландырылған алтын».

Сондай-ақ ол, уақыт өте ғылым адамдардың егде тартып, қартаюына тосқауыл қойып, 100-ге жету әдеттегі жағдайға айналады деп сенеді. Осы сеніміне қолдау ретінде Ангермайер ұзақ өмірдің құпиясын ашуды мақсат тұтқан екі компанияның негізін қалаған: Rejuveron — Цюрихте және Camrian Bio — Нью-Йоркте. Бұл компаниялар адамның қартаюына жол бермейтін қауқары бар препараттар әзірлеуге кіріскен, оларды тіпті FDA мақұлдаған деп отыр ол. Ангермайердің инвестициялық декларациясын оптимистік те, футуристік те суреттеуге деуге келеді: ол ұзаққа жететін денсаулық пен даңғазалық ұмтылыстар сатуға кет әрі емес. «Бақыт және ұзақ өмір, меніңше бұл екеуі ең табиғи өнімдер. Бұл екеуінен бас тартатын бірде-бір адамды таппайсыз», — дейді ол.

Әдеттегідей өз жобалары үшін ең мықты маркетолог та оның өзі. 46-ға келген Ангермайер біршама жас көрінеді. Бизнесменнің айтуынша, ол өзінің әл-ауқатын жақсартып, ақыл-ойын ынталандыру үшін көптеген препараттар қабылдайды, бірақ олардың нақты формуласын ашып айтқысы жоқ; адамдар өздері дәрігерге барып, кәсіби кеңес алғаны дұрыс, мысалы, «мына мен секілді» дейді ол.

Болашаққа қатты көңіл бөлетін адам болғанымен Ангермайер ежелгі дүниенің бір көрінісі — динозаврдың сүйектерін жинауға да құмар. Өзінің монтаналық компаниясына ол «нағыз ковбойларды» жинап алған — олар ежелгі дәуірден қалған «қалдықтарды» іздеп тауып, қазып алады. Оның коллекциясында бұрын-соңды еш жерден табыла қоймаған трицертопс тұқымының ең ірі өкілі диплодок пен жас тиранозаврдың сүйектері де бар. Ангермайердің айтуынша, олардың құны 40 млн доллар шамасында бағаланады. «Бұл ептеп болса да мұнай өндірісіне ұқсас нәрсе, — деп түсіндіреді ол динозаврларға деген құмарлығын. — Мен бұған кәдімгідей бұйығып, байланып қалдым, сөйтсем, бұл тамаша инвестиция болып шықты».

Жалпылай алғанда Ангермайердің инвестициялық портфелі соңғы уақытта әртүрлі активке негізделіп құрылған. Өзінің айтуынша, жекелеген инвестициялар оған бес есе пайда әкелген, мәселен, нейрокомпьютерлік интерфейс саласындағы әзірлемелермен айналысатын Ютадағы Blackrock Neurotech компаниясы, дәрі-дәрмектермен жұмыс істеп, өз зерттеулерінде жасанды интеллект технологияларын қолданатын канадалық AbCellera фирмасы. Block.One криптокомпаниясы өз инвесторларына 70 млн таза пайда әкелген, ал шағын және орта биотехнологиялық компаниялардың акцияларына маманданған Jiva Peak хедж қоры 2023 жылдың қарашасынан ағымдағы жылдың көктеміне дейінгі кезеңде 59% кіріс көрсеткен.

Дегенмен, оның ашық саудаға түскен жобаларының бәрі бірдей табысты дей алмаймыз. Биржаға 2021 жылдың маусымында шыққанда бір акциясы 20 доллар шамасында бағаланған ATAI-дың бағалы қағаздары қазір — әр акцияға 1,30 доллардан да төмен бағаға сатылып жатыр және бұл мән Nasdaq листингі үшін 1 АҚШ долларына жетпейтін ең төменгі шекке таяп қалды. Биотехнологиялық компания акцияларының құлдырауына пайыздық мөлшерлемелердің өсуі кінәлі деп есептейді Ангермайер. Негізі, бұл пікірді жөнсіз дей алмаймыз, әйтсе де АТАІ қағаздары биржаға шыққан сәттен бастап Nasdaq-тағы биотехнологиялық компаниялардың индексі 13%-ын жоғалтса, АТАІ қағаздары 92%-ға омақаса құлады. «Мен биотехнологиялар саласында сәтті жұмыс істеп жатқан 50 шақты компанияны мысал ете аламын, олардың жағдайы барынша тәуір, бірақ акциялары бәрібір 90%-ға құлдырап кеткен, — деген уәж айтады Ангермайер. — Менен еш қателік кеткен жоқ».

Айтпақшы, немістің Northern Data майнинг компаниясында да осыған ұқсас бір оқиға болды: 2020 жылы Ангермайер оған инвестиция салғанда, компания акциялары 60 еуро тұратын, қазір акция бағасы 17 еуро шамасында. Маусым айында оның АҚШ-тағы еншілес компаниясының бұрынғы басшылары (операциялық және қаржылық директорлары) жұмыстан заңсыз шығарылғандарын айтып, тиісті орындарға шағымданды, олар сонда Northern Data өзінің қаржылық жағдайы туралы ақпаратты бұрмалап, салық төлеуден жалтарған деп те мәлімдеді. Ал Northern Data компаниясындағылар «бұл айыптаулардың жалған екенін дәлелдеу үшін бар күш-жігерін салатынын» жеткізіп, арызданушылардың көздегені «қаржы мәселесі» болса керек деп пайымдады.

Кристиан Ангермайер, әлемдік деңгейдегі нетворкер ретінде кәсіпкерлермен, саяси көшбасшылармен және Ума Турман, NBA жұлдызы Янис Адетокунбо, Куин Латифу сынды танымал тұлғалармен достастығын бизнесте де, қайырымдылықта да пайдаланып жүр
Фото: © Getty Images/Cindy Ord, Julien M

Иә, пандемия кезінде өзінің шекті мәніне жеткен бұл сектор көптеген қиындықтарды бастан өткеруде, бірақ Marathon Digital Holdings, Riot Platforms, CleanSpark, Hut 8 және Iris Energy сынды ірі майнинг компанияларымен салыстырғанда Ангермайер инвестицияларының жағдайы тіпті де мәз емес. Осы кезең аралығында Northern Data құны 79%-ға арзандап кетті. «Меніңше, Northern Data кемшілігінің бірі — листингтен Германияда өтуі, бірақ компания менеджменті бұл мәселені қайта қарап, америкалық қор нарығына шығады деген үміттемін», — дейді Ангермайер. Өз хатында ол сондай-ақ, Bloomberg терминалындағы мәліметтермен де бөліседі, онда, мәселен, 2022 жылдың қарашасындағы жағдайға сай бұл компания Marathon-мен салыстырғанда да нәтижелі болғаны айтылған. Ал АТАІ-ға тоқталар болсақ, Новограцтың пікірінше, тіпті компания акцияларының құлдырауына қарамастан, Ангермайер — психикалық денсаулық саласындағы жаһандық дағдарыспен күрес жолында креативті ұсыныс жасап, инвестиция тартып жүрген адам ретінде құрметке сай тұлға. Оның айтуынша, олар бірлесіп жұмыс істей бастаған алғашқы тоғыз айда «Ангермайердің галлюциногендері зерттеуге қоқсан қолдауы бұл бағыттағы соңғы 25 жылдағы салымдардан анағұрлым асып түседі». Ал АТАІ компаниясының келешегіне қатысты Новограц барынша оптимистік көзқараста, тіпті ІРО-дан кейін компанияның нарықтағы үлесінің құны 170 млн доллардан 15 млн долларға дейін арзандап кеткеніне қарамастан. «Өкінішті деңіз, жомарттық деңіз — қалай түсінсеңізде мен өз акцияларымның бірде-бірін сатқан жоқпын», — дейді ол.

Әрине, әлем нарықтарында тренд саналатын инвестициялық мүмкіндіктер жетіп асады, ал инвесторлар сәтсіз бір идеяға малтығып отыра бермейді. Ангермайердің санасын бойлаған кезекті мәселенің бірі қазір трансгендерлер құқын қорғаушы қоғамдық қозғалыстар адамдар үшін «тәндік автономиялар жасап жүр» дегенге саяды, ол сондай-ақ, адамдар қазір дінді қойып, жекелеген спортшылар мен әншілерді, жұлдыздарды пір тұтатыны туралы да сыр шертеді. Әйгілі әнші Тейлор Свифттің тыңдармандары мен жанкүйерлерін ол — «свифтис», жаңа мықты культ деп сипаттайды.

Ангермайердің бүкіл ойын жаулап алған осынау таңсық тұжырымдар оны енді жаңа инвестициялық идеяға жетелеп жатса керек: егер ол әлемдік деңгейдегі топ-20 жұлдыздан тұратын «инвестициялық құрал» сатып алса ше? Бұл жоба нәтижелі бола ма? Қазір адамдар компаниялар мен институттарға деген бар сенімін жоғалтты, олар қазір байшыкештер мен атақтылардың аузына қарап отыр, деп пайымдайды ол.

«Көз алдыңызға елестетіп көріңізші: сізден — «АҚШ үкіметіне сенім артасыз ба әлде Тейлор Свифтке көбірек сенесіз бе?» деп сұрады дейік. Сұраққа жауап берушілердің 90%-ы «Тейлор Свифтке сенемін» дейтініне шүбә жоқ», — дейді ол.

Осы тұста Ангермайер бізге, бүгінгі таңда, яғни осындай «атақтылар индексіне» деген сұраныс шалықтап тұрған сәтте ол жаңа бизнес бастап жатқанын және оған өзінің жақын құрбысы Ума Турман қатысатынын меңзеп айтқан болды…

Ежелгі дәуір активтері

Бизнестің футуристік түрлеріне инвестиция құюға ықтияры болмаса Кристиан Ангермайер ежелгі дәуірге «саяхат жасап», олжа іздейді. Германияда туып-өскен ол соңғы бірнеше жылда Американың Монтанасы мен өзге де өңірлерінен динозаврдың сүйегін тапқан палеонтологтарға ақша төлеп келеді. «Бұл арада мұнай іздеумен өзіндік ұқсастық бар: сүйектерді іздеп тауып, қазып алу үшін біржарым жылдай кетеді, тағы біржарым жыл оларды тазартып, аршып алу үшін қажет, — деп түсіндіреді Ангермайер. — Біраздан бері мен осыған құмармын, динозаврлар өзіме қатты ұнайды.

Осыған әбден бұйығып алдым, сөйтсем, бұл тамаша инвестиция екен». Байқаймыз, соңғы он жылда динозаврлардың сүйектері байшыкештер үшін жаңа активке айналған түрі бар: 2022 жылы «Jurassic Park» фильміндегі велоцираптордың прототипі болған дейноних динозавры 12,4 млн долларға, ал Максимус (тиронназвардың бас сүйегі) 6 млн долларға сатылып кетті — содан да Ангермайер өзіне осы нарықтан аз да болса бір кесек үлес алғысы келеді. Оның коллекциясында қазір жас тиранозавр, диплодок және Жер бетінде аса көп кездесе бермейтін трицертопс тұқымының ең ірі өкілі бар. «Білесіз бе, бұл шын мәнінде ең сирек кездесетін актив түрі, бірақ оның эмоционалдық бағасы да бар», — дейді ол.