Мұнайға деген жаһандық сұранысты қалыптастыратын факторлар қайсысы?
Мұнайдың бағасы аумалы-төкпелі мына заманда сарапшылар қауымын толғандырып отырған мәселенің бірі «адамзат баласы мұнай өндірудің шекті межесіне қашан жетуі мүмкін?» дегенге саяды
Сарапшылардың бірқатары бұл «межеге» араға алты жыл салып, яғни 2030 жылы жетеміз десе, екіншілері – жер қойнауындағы мұнайдың қоры әлі 20–30 жылға жетерлік деген сенімде. Әдетте олар өз болжамдарында әлем бойынша ауық-ауық талқыға түсіп жататын көмір қышқыл газын шығаруды азайту туралы жоспарларға сүйенеді. Яғни парниктік газдардың ауаны ластау көрсеткішін нөлге жеткізу жөніндегі сарапшы болжамы неғұрлым пессимистік сипатта өрбісе, мұнай өндірудің «ақтық кезеңі» де, оның пікірінше, бірнеше жылға алыстай береді.
Өз кезегінде The Boston Consulting Group (BCG) мамандары – мұнай өндірісінің шекті межесін анықтауға ден қойған сарапшылар «одан кейін не болады?» деген сұрақтың төркініне мән беріп отырған жоқ деген пікірде. «Шындап келгенде, мұнай өндірудің шекті межесінен өткеннен кейін мұнайға деген сұраныс қалай, қай тұстан құралуы мүмкін деген сұрақ бизнес-шешім үшін өте маңызды», - дейді BCG консалтинг компаниясының басқарушы директоры әрі аға серіктесі, Энергетика ықпалы орталығының жетекшісі Морис Бернс. Оның айтуынша, әлемнің түкпір-түкпірінде туындап, қалыптасуы ықтимал мұнайға деген сұраныс көрсеткіші – мұнай өндірудің жаһандық шегінен анағұрлым маңызды. Сол сияқты отынның түрлеріне мән беруді де ұмытпау керек. Жекелеген мұнай өңдеуші зауыттар мен мұнай сатушы компаниялардың өміршеңдігін анықтауда дәл осы екі көрсеткіш негізгі өлшемге айналады, дейді ол.
BCG мамандарының түсіндіруінше, бензин және дизель отынына деген сұраныс Еуропада сәйкесінше 1996 және 2006 жылдары өз шегіне жеткен. Сондай-ақ қазір АҚШ-та электр негізіндегі көліктерге сұраныс қарқын алған, ендеше бензинге деген сұраныс бұл елде ковидке дейінгі деңгейге орала қоятыны күмәнді. Сол себепті де америкалық мұнай компаниялары мұнай өнімдерін өзге өңірлерге экспорттауға ден қойған. Оның сыртында қазір тұтынушылар экологияны қорғау мақсатында әуе сапарларын қысқартуға талпыныс білдіруде, ал бұл ұшақ керосиніне деген сұранысты төмендетуі ықтимал.
Америка энергетика институтының (АЕІ) мәліметінше, коронавирус пандемиясынан кейін авиакеросинге деген сұраныс әлем бойынша әлі де қалыпқа келе қоймаған. Тек былтыр ғана Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кіретін елдерде сұраныс ептеп артқан –10,5% шамасында, ал бұл ұйымнан тыс елдерде – 28,7% деңгейінде. BCG мамандарының пайымынша, алдағы уақытта мұнай өнімдерінің түр-түріне деген сұраныс әлемнің әр бөлігінде әртүрлі болады. Бұл тұрғыда бізге бірнеше факторды есепке алуға тура келеді, дейді BCG сарапшылары.
Бірінші фактор – мұнай өндірудің шекті шегіне жеткеннен кейінгі дамушы елдердегі мұнайға деген сұраныстың траекториясын анықтау, деп түсіндіреді өз болжамдарын BCG мамандары. Яғни ақтық межеге жеткеннен кейін ЭЫДҰ құрамындағы елдер мұнай және мұнай өнімдерін қажет ете ме? Егер сұраныс түсіп жатса, қандай қарқынмен? BCG сарапшыларының айтуынша, бұл әншейін пайым, болжам емес, бұл – есепке алуды қажет ететін маңызды өлшемдер. Мысалы, көмірдің бағасы 2014 жылы шарықтау шегіне жеткеннен кейін төмендеп, 2021 жылы – электр энергиясын жеткізудегі іркілістер аясында қайтадан жоғары өрледі. Әрине, мұнайға деген жоғары сұраныс бірнеше жыл бойы құбылмалы деңгейде болуы ықтимал. Халықаралық энергетикалық агенттік әзірлеген мұнайға деген сұраныс болжамдары парниктік газдардың көлемін азайту шараларын жүзеге асыру барысына негізделеді. Бірақ бұл тұрғыдағы іс-шараларды жүзеге асыру әлем елдеріндегі үкіметтердің саяси ерік-жігеріне тікелей тәуелді, тіпті саяси билік ауысқан сайын өзгеріп отыруы да мүмкін. Мысалы, Ұлыбритания дизель отынымен және бензинмен жүретін жаңа көліктерді сатуға тыйым салу талабын 2030 жылы емес 2035 жылы енгізетін болды. Сол сияқты Нью-Йоркте 2024 жылдың жазына жоспарланған қала орталығына кіретін көліктерден кептеліс төлемін алу шарасы да күтпеген жерден тоқтап қалды.
Мұнай өнімдерін тұтыну барысында дамушы елдердің рөлі орасан зор. Бұл елдердегі мұнайға деген сұранысқа көптеген факторлар әсер етеді, оның ішінде экономиканың өсіп, дамуы, халық санының артуы және баламалы энергия көздеріне қатысты ұстанымдары да маңызды. Қазір дамушы елдердің қатарында мұнайға деген сұраныс көшінің басында Қытай тұр, бірақ BCG сарапшылары: болашақта мұнайға деген сұранысты төмендетуге ықпал етуші негізгі ел дәл осы Қытай болады деген пікірде. Мұның себебін олар Қытайда көрініс бере бастаған халық санының қысқару тенденциясымен және қытай тұтынушылары арасындағы электромобильге деген сұраныспен түсіндіреді.
BCG болжамынша, дамыған елдермен салыстырғанда қазір дамушы елдерде авиакеросинге деген сұраныс тұрақты өсіп келеді. Мұнай өнімдері арасында отынның бұл түріне деген әлемдік сұраныс 7%-дан сәл асады. Бірақ оған деген сұраныс әлі де арта түседі, өйткені оны дәл қазір қандай да бір балама отынмен алмастыру мүмкіндігі жоқ, дейді олар. Ал электр энергиясын өндіру барысында мұнайдың рөлі төмендей береді деп болжайды BCG сарапшылары. Қазір әлем жұрты біртіндеп баламалы қуат көздеріне көшіп жатыр. Егер бұл нарық осы бағытта әрі қарай дамуға серпін берсе, онда электр қуатын өндіруде мұнайдың үлесі азайып, ол тек төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын энергия көзі болып қалуы әбден мүмкін, дейді сарапшы мамандар.
Айтқандай, мұнайға деген сұранысты көптеген жылдар бойы қыздырып, қолдаған негізгі өндірістің бірі – жаһандық автоөнеркәсіп десек, қателеспеспіз. Бірақ бұл салада да елеулі өзгерістер жүріп жатыр: қазір сарапшылардың назары электромобиль нарығына қадалған. Әйтсе де, BCG сарапшыларының пікірінше, бүгінгі таңда біз іштен жанатын қозғалтқышқа негізделген көліктерді де ысырып тастай алмаймыз. Соңғы он жылда бұл көліктердің тиімділік көрсеткіштері еселеп артып, олар енді экологиялық стандарттардың қатаң талаптарын орындауға бейімделе бастаған. Бірақ бұл стандарттар әзірше тек дамыған елдердің бірқатарында ғана қолданыста бар.
Қалай десек те, экономика парадокстарға толы құбылыс, болжам жасау барысында сарапшы қауым мұны да есепке алғаны жөн. BCG сарапшыларының пайымынша, қай кезеңде болмасын – мұнайға деген сұраныстың төмендеуі дереу бағалардың құлдырауына әкеліп соғуы ықтимал. Ал арзандаған өнімге деген сұраныс күрт жоғары өрлеуі тағы мүмкін.