Гаджетке байланған баланы шынайы өмірге қалай дайындаймыз?

Steam.kz басшысының айтуынша, балаларды ерте жастан түрлі жобалық жұмыстарға баулып, үйреткен өте маңызды

Фото: © Валерия Пекарева

Қазақстанға Steam әдісін алғаш әкелген Steam.kz жобасының жетекшісі, стартапшы Айдын Тусюбжанов Forbes Kazakhstan оқырмандарына бала тәрбиесінде не нәрсеге мән беру керектігін, Steam бағытына тән басты ерекшеліктер мен баланың жаңа үрдістерге деген қызығушылығын ояту, бәсекелестікке баулу тәсілдері туралы айтып берді.

Балаға мүмкіндік берген жөн

Steam — ғылым, технология, инженерия, өнер мен математиканы біріктірген білім беру әдісі. Steam.kz жобасының жетекшісі Айдын Тусюбжановтың айтуынша, бұл әдіс алғаш рет АҚШ-та пайда болып, сол елдің ғылыми және технологиялық әлеуетін арттыруды көздеген. Уақыт өте жаңа әдістің тиімділігі айқындалып, оқушылардың ғылыми және инжернерлік ойлау машығы едәуір артқаны байқалған. «Steam әдісі балалардың ғылыми және инженерлік машығын, креативті көзқарасын дамыту арқылы елдің бәсекеге қабілеттігін арттыруды көздейді. Steam-ді өте күрделі әдіс деп ойлайтындар бар, бірақ ол, керісінше, күрделі процесті балаға оңай, түсінікті етіп ұсынып, бір жобаны өзі жасап көру арқылы көз жеткізуіне мүмкіндік береді. PBL (Project-Based Learning) және Steam тәсілдерін зерттей келе, осы бағытты біздің елде де қолға алу керегін түсіндім. Бұл әдіс біздегі білім беру саласына өте қажет деп есептеймін. PISA сынды халықаралық зерттеу нәтижелеріне ден қойсақ, біздегі мектеп оқушыларының креативтік қабілеттері, сыни ойлау машығы төмен екенін байқауға болады. Ал егер біз теорияны практикамен бірге тиімді ұсынып, баланың өз бетінше жоба жасауына мүмкіндік берсек, бұл әлдеқайда пайдалы болмақ», — дейді біздің кейіпкеріміз.

Физика пәнінің мұғалімі Айдын Тусюбжанов Steam бағытымен алғаш рет 2013 жылы Астанадағы Nurorda мектебінде жұмыс істеп жүргенде танысқан: халықаралық Carolina Steam Challenge байқауында. Сол кезде Астанада 7-сыныпта оқып жүрген қазақстандық оқушылар бұл байқаудан жүлделі І орын алып келген. «Сол байқау Steam әдісін ерекше ұнатып, өзім үшін негізгі бағыт ретінде таңдауыма себеп болды. Байқауға Нұрдәулет, Қайсар, Шыңғыс деген үш оқушыммен бірге қатыстық. Үшеуі команда болып біріккенде жаңа қырынан ашыла түсті. Шыңғыс — команда көшбасшысы, ұйымдастырушы ретінде қалыптасты. Қайсар технология жағына икемді болса, Нұрдәулет теория жағына жауапты болды. Әр баланың өз орны, рөлі анық көрінді. Мұғалім болсам да, балалармен практика жасап, өзім де көп нәрсе үйрендім. Осы жобадан кейін Нұрдәулеттің олимпиадаға қатысуға ынтасы артып, физикадан халықаралық олимпиадада күміс жүлде алды. Қайсар технологияға қызығып, IT саласында мықты маман болды. Байқаудан соң Шыңғыс та өзінің көшбасшылық қабілетін таныта білді», — деп еске алады Айдын.

Сурет салу — креативті ойдың көзі

Steam.kz басшысының айтуынша, балаларды ерте жастан түрлі жобалық жұмыстарға баулып, үйреткен өте маңызды. Яғни, баланың бойындағы техникалық және инженерлік машығын дамытуға неғұрлым ерте кіріссеңіз, соғұрлым дұрыс болады. «Айталық, 1-сыныпқа келген балалардың ішінде қайшыны дұрыс ұстай алмайтындары бар. Ата-аналар әдетте балаларына дамытатын ойыншықтар әпереді де, оны қалай қолдану керектігін қадағаламайды. Сондықтан да балалардың көп уақыты гаджетте өтеді», — дейді Айдын Тусюбжанов.

Айдын Тусюбжанов, Steam.kz жобасының жетекшісі
Фото: © Валерия Пекарева

Ол сондай-ақ, балалардың шығармашылық көзқарасын дамытудың ең оңай әрі керемет жолы — сурет салу деп отыр. «Суретке икемі жоқ десеңіз де, қолдап, жағдай жасаған дұрыс. Өйткені сурет салу — креативті ойдың қайнар көзі. «Шағын жеңіс» түптеп келгенде үлкен жетістікке жеткізеді. Бала да кішкентай кезінен кішігірім жеңістерге жете білгені жөн. Сонда оның бойында сенім пайда болады, ол таңдау жасай алады, оның қайрат-жігері беки түседі. Біздің компанияның басты мақсаты — өзіне сенімді және әрдайым үйренуге дайын, жаңа білімге ашық балаларды тәрбиелеуге атсалысу», — дейді біздің кейіпкеріміз.

Әрине, кез келген шешім, кез келген жоба адами капиталдан бастау алады. Елдің техникалық, инженерлік әлеуетін арттыру үшін көп нәрсе жасауға болады, бірақ оны жүзеге асыратын бәрібір — адам. Ал адамның бойындағы инженерлік машықтар, яғни мәселені байқап, оның шешімін ұсына білу қабілеті бала кезден қалыптасады деген сенімде Айдын Тусюбжанов. «Қазақстанның адами капиталын арттырғымыз келсе, кішкентай азаматтарымызды сыни тұрғыдан және креативті негізде ойлауға, жаңа нәрсе ойлап табуға үйретуіміз керек. Мұғалім ретінде қызмет етіп жүргенде Steam және PBL әдістерінің балалардың инженерлік және техникалық ойлау машығын дамытатынына анық көзім жетті. Мұндай әдістегі жобаларға көп қаражат қажет емес. Сондықтан біз Steam.kz платформасын жасақтап, осы әдістерді мұғалімдерге үйретуге бел будық. Басты мақсатымыз — түрлі жобалар арқылы өзіне сенімді, еркін ойлап, нәтижеге жете алатын балаларды көптеп тәрбиелеу. Әрине, бұл бүкіл мәселенің шешімі дей алмаймын. Бірақ «қараңғыны қараңғы деп сөккенше, бір шырақ жаққанымыз» жөн болар дедік. Ал пәндерге келетін болсақ, математика-жаратылыстану бағытындағы пәндерді меңгеру өз алдына маңызды, өйткені олар аналитикалық ойлауды дамытады. Бұдан бөлек тіл, тарих, әдебиетке де көңіл бөлген дұрыс. Өйткені бала өз ойын, идеясын дұрыс жеткізе білуі керек. Кез келген әдеби, тарихи материалды балалармен аналитикалық және сыни ойлау, функционалдық сауат тұрғысынан талқылайтын болсақ, жақсы нәтижеге жете аламыз. Осы ретте Steam және PBL форматтары тек математика-жаратылыстану пәндерімен байланысты деген ой туындамау керек. Бұл әдістер тарих, қазақ тілі сияқты пәндер аясында да тиімді. Біздің жобаларымызға қазір көптеген гуманитарлық пән мұғалімдері қызығушылық танытуда, алдағы уақытта осы бағытта да жұмыс жасайтын боламыз», — дейді Steam.kz жетекшісі.

Қателік жасау — айып емес…

Жаһандық деңгейдегі деректерде Steam әдісі балаларды жобалық және пәнаралық оқыту арқылы өз бетінше оқып- ізденуге ынталандырады деп түсіндірілген. Осы ретте мұғалімдердің рөлі орасан зор екені анық айтылған. «Мұғалімнің екі түрі бар: біріншісі — балаға өз пәнін жеткізеді, екіншісі — пәнін түсіндірумен қатар, баланың өмірге көзқарасын қалыптастырады. Мұғалім сабақ беру арқылы балаға үлкен өмірде қажет болатын құндылықтарды жеткізе білуі керек, мысалы, қателік жасау — айып емес, қайтадан байқап көруге болады деген сияқты. Өйткені мұғалімнің өзі де өмір бойы үйренеді. Мектепте сабақ беріп, Steam арқылы жоба жасап жүріп, мен бірінші кезекте балаларды емес, мұғалім ретінде өзімді тәрбиеледім», — деп әңгімелейді біздің кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда Steam бағыты тек арнайы жасақталған кабинеттермен ғана шектелген. «2025 жылға дейінгі «Білім беруді дамытудың 5 жылға арналған бас жоспары» құжатында Steam сөзі тек бір рет, оның өзінде Steam сыныптары контекстінде ғана айтылады. Бұдан мынадай мәселе туындайды: көптеген директорлардың айтуынша, мектептерде Steam кабинеттері бар, бірақ олар бос тұр. Мұғалімдер оларды қалай пайдалану керегін білмейді. Ал Steam тек кабинет пен жабдықтар емес, ол — әдістеме. Әрбір мұғалім өз сабағына Steam элементтерін кіріктіре білгені дұрыс. Сондықтан бізге Steam әдісін түсінетін мұғалімдер керек. Мен Steam кабинеттеріне еш қарсы емеспін. Бұл мұғалімдер мен оқушылар үшін тамаша мүмкіндік. Тек оларды қалай пайдалану керегін білген жөн. Технологиялар қазір балалардың қалай оқитыны туралы ойлауды өзгертеді. Мысалы, 3D принтерлер мен лазерлік гравюра еңбек кабинетіндегі бірнеше станокты алмастыра алады, шығармашылық пен зерттеуге мол мүмкіндіктер береді. Steam жобаларында тарих, физика және басқа пәндерді қалай тоғыстыруға болатынын көрсетуіміз керек. Айталық, жел қондырғысының үлгісін жасау әртүрлі салалардағы білімді біріктіре алады. Балалар өздері суретін салсын. Жай ғана сурет салып қоймай, дизайнын сызсын, оны басып шығарсын. Бұл олардың психологиялық дамуы үшін маңызды», — дейді Айдын Тусюбжанов.

Әлбетте, дәл қазір Қазақстанда мектеп директорлары Steam әдісін енгізуі керек деген арнайы талап жоқ. Бірақ біздің кейіпкеріміз Steam бағытының қазақстандық білім беру үшін қаншалықты маңызды екендігін айқындайтын жұмыстар мемлекеттік деңгейде де жүргізілсе тамаша болар еді, деп отыр. «Оқу-ағарту министрлігі Steam бойынша конференциялар өткізуді бастады. Біздің ортақ міндетіміз — Steam күрделі емес, қолжетімді және түсінікті дүние екенін көпшілікке жеткізу. Иә, мұғалімдер мен мектеп басшыларының арасында жаңашылдықты қаламайтындары да кездеседі. Steam бағытын дамытуға әдетте жекеменшік мектептер бейім тұрады: өйткені оларда қаржыландыру жағы тікелей оқушылардың санына байланысты, сондықтан да олар білім сапасын арттыруға мүдделі. Мемлекеттік мектептерде оқушы тапшылығы жоқ. Мұғалімдер сабақтан бөлек қағазбастылықтан шаршайтыны рас, білім саласындағы соңғы үрдістер мен жаңалықтардан хабарсыз болатыны да сондықтан. Мұғалім шаршап жүрсе, ең керемет бастаманың өзі нәтижесіз болуы мүмкін. Бұл үлкен мәсенің бірі», — дейді Steam.kz басшысы.

Айта кетейік, Steam.kz платформасы 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Бастапқыда онда тек физика, химия пәндері бойынша жобалар ұсынылса, қазір 200-ден астам жоба, 100-ден астам лабораториялық жұмыс пен 100-ге таяу симуляторлар бар. Айдын Тусюбжановтың айтуынша, Steam.kz платформасының бір мақсаты — мұғалімдерге көмектесу, олардың күнделікті жұмысын мүмкіндігінше жеңілдету. «Steam — теорияны практикаға айналдыратын қызықты жол. Балада идея туды дейік. Steam немесе PBL арқылы біз сол идеяны бірлесе зерттеп, команда құрамыз, зерттеу жүргіземіз, сол саланың мамандарымен кеңесеміз. Мәселе туындаса, басқа жолдарын іздейміз, қателессек — қайта зерттеп, ізденеміз. Бұл баланың білімге деген ықыласын арттырады», — дейді ол.

Отбасының қолдауы өте маңызды

«Шынымды айтайын, қызығушылықтың қаншалықты маңызды екенін қырыққа келгенде ғана түсініп жатырмын. Әкем ерте қайтыс болған соң, аяққа тұрып, анамызға жәрдемесу керек болды. Грантқа түсуге тырыстық, оқу гранты біз үшін «әлеуметтік лифт» іспетті еді. Алайда қазір қызыма «тек грант үшін, тек ақша табамын деп оқыма» дегенді жиі айтамын. Ата-ананың балаға дұрыс бағыт-бағдар бере білгені өте маңызды. Үлкен қызым сурет салуға, дизайнға қызығады. Осы қызығушылығы мен шығармашылық талпынысына барынша қолдау көрсеткім келеді. Жазда балаларыммен бір апта бірге демалдық. Сол кезде отбасылық челлендж жасап, бір аптада қызықты нәрсені үйренейік деп шештік. Ең бастысы ол бұрын жасап көрмеген нәрсе болуы керек. Мысалы, мобилография дегендей. Ал бір аптадан кейін үйренгенімізбен өзара бөлісеміз. Осы арқылы балаларыма үздіксіз үйренудің (lifelong learning) маңызын көрсеткім келеді. Бірнеше рет байқап көрген бала уақыт өте кез келген нәрсені үйренуге болатынын түсінеді», — дейді Айдын Тусюбжанов.

Оның айтуынша, Steam және PBL форматтарының мақсаты да сол: түрлі жобалар жасап, мұғалім мен ата-ананың қолдауын алған бала әрі қарай өзі де зерттей түсуге, танып-білуге ынталана береді. «Мысалы, біздің компанияның Family Steam Challenge деген бастамасы бар. Қазақстанның түрлі өңіріндегі қалалар мен ауылдарда тұратын отбасылар әртүрлі жоба жасап, сайысады. Былтыр қарапайым заттардан кран құрастырудың жолымен бөлісті, бейнероликтер түсірді. Бұл ата-ана мен балалардың бірлесіп қызықты уақыт өткізуіне, қарым-қатынасын жақсартуға едәуір үлес қосатын бастама. Осы жобаны әрі қарай жалғастыру ойда бар. Сөйтіп ата-аналар да, мұғалімдер де, балалардың өздері де жобалық жұмыстарға бірлесе қызығып, Steam әдісінің маңызын түсінсе дейміз», — деп түйіндейді өз әңгімесін Steam.kz басшысы Айдын Тусюбжанов.