Бір үміт, бір күдік
Жасанды интеллект адамзат өркениетінің жаңа парағын ашатын құрал ма?
ХХІ ғасырдың технологиялық серпілістері ішіндегі ең ауқымдысы — жасанды интеллект (ЖИ). Бұл тек ІТ мамандарының ғана емес, экономистердің, саясаткерлердің, философтардың және қоғамтанушылардың да қызу талқысына түскен тақырып. Біреулер ЖИ-ді адамзат өркениетінің жаңа парағын ашатын құрал деп бағаласа, енді бірі оны жұмыссыздық, мәдени дағдарыс және әлеуметтік теңсіздіктің бастауы деп қарайды.
Қазақстанда да білім беру, медицина, бизнес пен мемлекеттік басқару салаларында жасанды интеллект жүйелерін қолдану біртіндеп кеңейіп келеді. Алайда, бұл үрдіске тек техникалық немесе экономикалық тұрғыдан қарау жеткіліксіз. Мәселе — адам капиталының болашағы жөнінде.
ЖИ: адамзатқа қандай пайдасы бар?
Оның басты мақсаты — адам миын көшіру. Толық көшіре алмаса да, мидың кейбір функцияларын орындауға талпынады. Мысалы, адамның танымдық қабілеттерін, яғни көру, тыңдау, есте сақтау қабілеттерін технология көмегімен көшірді. Көру, тыңдау, есте сақтау сияқты процестер — бүгінде компьютерлік көру (computer vision), дыбыс пен мәтінді тану, мәліметтерді өңдеу арқылы жүзеге асады.
Сол сияқты, көпшілікке таныс, екінші деңгейлі банктердің адам жүзін тану қызметі — осының дәлелі, яғни ол да жасанды интеллект жетістігі. Аударма жасау да адам миының бір функциясы. Ал Google Translate, Yandex Translate сияқты бағдарламалар адамның тілдерді аудару қабілетін көшіріп, сол процесті жеңілдететін құралға айналды.
Жасанды интеллект нейрон желілерге негізделген, бұл — адамның жүйке жүйесіне ұқсас модель. Осылайша ЖИ миды зерттеу арқылы, оны қайталауға, түсінуге талпыныс жасап, адам өмірін жеңілдетуді көздейді.
Бүгінде жасанды интеллект барлық салаға дендеп еніп жатыр. Әр салада жасанды интеллектінің түрлі модельдері пайда болды. Медицинада адам көзіне көрінбейтін, ұсақ нәрселерді байқап, дәрігерлердің көмекші құралына айналды. Маркетинг саласында контекстік жарнама ұсына алады. Мысалы, телефонның қасында отырып, бір тақырып жөнінде сөйлесеңіз, кішкенеден кейін әлеуметтік желіде сізге сол туралы жарнамалар шығады. Бұл да ЖИ қызметі, яғни сіз айтқан сөздер арқылы, неге қызығатыныңызды дәл табады.
Қазір жасанды интеллект дегенде көбінің есіне бірінші ChatGPT түсетін шығар. Ол адаммен сапалы, логикаға негізделген әңгіме-дүкен құра алатын қызметімен ерекше, әрі адамның көп функциясын атқара алады. Диалог жүргізе алады, мәтін аударады, оны қысқартады, шығарма жаза алады, бағдарламалау кодын жазады, есеп шеше алады, заң жағынан кеңес береді, әрі басқа ЖИ түрлерімен салыстырғанда нақты жауап береді. Бұл қызметтер адам жұмысын жеңілдетті, уақытын үнемдеді. OpenAI компаниясы әуелде ChatGPT-ді ғылыми жоба ретінде құрған болса, енді оны коммерциялық, яғни ақша табу мақсатында пайдалана бастады.
Шектеу қою қажет пе?
Осы кезде адамдар өз қауіпсіздігін ойлай бастады. Жасанды интеллект мүмкіндіктері артқан сайын «Ол бір күні адамзатқа қарсы тұрса ше?» деген сұрақ қойылып, бітпейтін пікірталасқа ұласты. Биыл наурыздың басында ҚР Парламентінің Мәжілісі отырысында Қазақстанның кейбір депутаты оқушыларға жасанды интеллект құралдарын қолдануға шектеу қою туралы ұсыныс жасады.
Депутат Дәулет Мұқаев жасанды интеллектіге шектеу қойылмаса, болашақта біліксіз мамандар шығады деп санайды. «Мектеп жасындағы оқушыларға қандай да бір шектеулер қойылуы керек секілді. Егер шектеу қойылмаса, ертең олар студент болады, еңбек нарығына араласқан кезде, зардабын 20 жылдан кейін көреміз. Бұл біздің ел үшін келе жатқан үлкен қауіптің бірі», — деді депутат Мұқаев Мәжілісте ЖИ туралы заң жобасын талқылау кезінде.
Жасанды интеллект туралы заң жобасын әзірлеуде басы-қасында жүрген депутат Екатерина Смышляева болса: «Жасанды интеллект көмекші ретінде дұрыс қолданылса — зиян емес», — деп есептейді. Ол, мәселе шектеу қоюмен шешілмейді деп отыр. «Microsoft компаниясы мен бірқатар университеттің жасанды интеллектінің миға кесірі туралы жасаған зерттеуін оқыдым. Онда ол адамның когнитивтік функцияларын төмендететіні жазылған, яғни адам ойлануды, өздігінен ізденуді, сапалы тұжырым жасауды азайтады. Бірақ сол көмекшілер, ассистенттер адамды мүлде ойлану қабілетінен айырады дегенді білдірмейді. ЖИ шығарып берген мәтінге адам сыни көзбен қарауға тиіс, дұрыс, не бұрыс екенін бағалап, қосымша дереккөздерді тауып, сапалы контент алу үшін оған 500 сұрақ қою керек. Егер сын тұрғысынан ойлауды қоса алсақ, онда когнитивтік функциялардың төмендеу қаупі болмайды.Сондықтан бұл мәселеде мектеп деңгейінде, тіпті балабақшадан бастап балалардың дағдыларын қайта бағдарлау қажет. Бұрын біз оларды ақпаратты жинауға және талдауға үйретсек, енді сол ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауға үйрету керек. Осыған байланысты білім беру стандарттарын қайта қарау қажет», — дейді депутат Смышляева.
Депутат жасанды интеллектіні қолдануда балаларға шектеу қою жауапкершілігін ата-аналарға қалдыру керек деп санайды. «Заң жобасында жасанды интелектінің когнитивтік функцияларға ықпалы ескеріледі», — дейді ол.
«Қазір оқушылардың көбінің телефонында ата-ана бақылауы деген функция бар, — дейді Балқаш қаласындағы № 7 мектеп-гимназиясының информатика мұғалімі Жансая Маратова. — Оқушылар ChatGPT қолданбасын ата-анасының рұқсатынсыз жүктей алмайды. Рұқсат етілмеген сайттарды да аша алмайды. Менің көп оқушым, солай шағым жасайды. Дегенмен үйге берілген тапсырманы ChatGPT көмегімен жасап келетін балалар да бар. «Бұл жасанды интеллектінің жұмысы, қабылданбайды» десем, олар: «қайдан біліп қойдыңыз» деп таң қалады. Бұл балаларды жалқаулыққа, дайын жауапты жеңіл алуға үйретеді. Ізденуге деген құлшынысын басып тастайды», — дейді мұғалім. Десе де, Жансая Маратова жасанды интеллектінің зиянынан гөрі, пайдасы көп деп санайды. «Сол үшін оған түгел тыйым салу — надандық», деп есептейді мұғалім.
Нью-Йорк қаласының білім департаменті 2023 жылы ChatGPT-ді мектептерде қолдануға тыйым салған, бірақ шамамен бес айдан соң бұл тыйым алынып тасталды. Қазір кейбір мектептерде ChatGPT-ді білім беру процесіне енгізудің жолдары қарастырылып жатыр. Әзірше ЖИ туралы заң қабылдаған — Еуропалық одақ. 2024 жылы қолданысқа енгізілген заң жасанды интеллект құралдарын қолдануға қатысты қауіпсіздік және этика талаптарын белгілейді. Десе де, онда мектеп оқушыларына қолдануға қатысты нақты тыйымдар жоқ.
Мәжілісте заң жобасын талқылау кезінде Қазақстанда жасанды интеллектіні қолдануға тыйым салу туралы сөз қозғаған тағы бір депутат — Анас Баққожаев. Оның айтуынша, бұл технология елдің қауіпсіздігіне қатер төндіреді, мемлекеттік маңызы бар деректер тарап кетеді. «Жасанды интеллектіден кейде қорқамын. Ол интеллектуалдық деградацияға апарады. Әлем жаңа технология жасады екен деп соның соңынан ере береміз бе? Өзіміздің интеллектуалдық мүмкіндіктерімізді ашатын жолдар қайда? Өткен жолы бір шенеунік жұмысының материалдарын ChatGPT-ге салыпты. Бастығы берген тапсырманы тез орындайын деп істеген. Бұл жалқау шенеуніктерге жақсы болды. ChatGPT-дің иесі кім? Онда жүктелген материалды жинап, өзімізге қарсы қолданбасына кім кепіл? Министрліктерде, мемлекеттік органдарда жасанды интеллектінің қолданылуын кім қадағалап жатыр? Қаншама деректер кетіп қалды?!» — деді эмоциясын ұстай алмаған депутат Мәжіліс отырысында.
Оған жауап берген Қазақстанның цифрлық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин: «Жасанды интеллектінің жақсы жағы да бар» деді. Оның сөзінше, жыл аяғына дейін мемлекеттік қызметтегі жинақталып сірескен жұмыстар ЖИ құралына тапсырылады. «Жыл аяғына дейін бүкіл мемлекеттік органдарда 50-ге жуық жасанды интеллект шешімдерін ассистент ретінде әзірлейтін боламыз», — деді вице-министр.
Booking.com компаниясының инженер-менеджері Әлібек Дәтбаев «ең үлкен қауіп — жасанды интеллектіні қолдануға шектеу қою» деп санайды. «Жаңа технология бір орында тұрмайды. Егер оған біршама уақытқа шектеу қойса, бұл бәсекеге қабілетті төмендетеді. Жасанды интеллектіні адам жұмысының өнімділігін арттыратын құрал ретінде қарауға кеңес беремін», — дейді Дәтбаев.
Машинаны оқыту (Machine learning) маманының айтуынша, Қазақстан — Орталық Азияда жасанды интеллектіге айтарлықтай көңіл бөліп жатқан бірден-бір мемлекет. Оған елде құрылғалы жатқан халықаралық Alem.ai орталығы дәлел деп санайды ол. Астанада Alem.ai орталығы ашылатыны биыл қаңтардың аяғында белгілі болды. Онда ірі технологиялық компаниялардың, соның ішінде шетелдік компаниялардың зертханалары орналаспақ. Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, қазір шетелдік компаниялармен алдын ала келісім жасалған. Жасанды интеллектіні экономиканың барлық секторына енгізу үшін мемлекет пен бизнес және ғылым өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылмақ.
Айта кетейік, 2025 жылдың 14 мамырында Мәжіліс 7 тараудан және 28 баптан тұратын «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттар өз сөзінде аталған заң жобасы жасанды интеллектіні ел экономикасының әртүрлі салаларына енгізу барысындағы мемлекеттің рөлін айқындайды деп атап көрсетті.