Bilim Group Қазақстандағы ең ірі EdTech экожүйені қалай қалыптастырды

Шынайы құндылыққа ие өнімнің айналасында бизнес-модель өздігінен қалыптасады

Фото: © Саян Мамбеталиев

EdTech — дәл қазір Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан нарықтың бірі. Алайда басқа технологиялармен салыстырғанда бұл ортада бәсекеге қабілетті өнім жасау әлдеқайда күрделі. Білім беру саласы өз алдына консервативті бағыт болғандықтан, табысты өнім жасау идеяға деген беріктікті ғана емес, стратегиялық көзқарас пен жүйелі жұмысты да талап етеді.

Bilim Group компаниясының негізі қаланған сонау 2011 жылы елімізде EdTech ұғымы әлі қалыптаса қоймаған-ды. Алғашында мұғалімдер мен оқушыларға арналған санаулы цифрлық өнім ұсынған компания 15 жылдың ішінде еліміздегі ең ірі EdTech экожүйеге айнала алды. Балабақшадан бастап жеке дамуға дейінгі оқу жолын қамтыған экожүйе өнімдерін бүгінде 5 миллионнан астам адам қолданады. Ал кейінгі үш жылда компанияның жылдық орташа өсу қарқыны 57%-ды құрады. Компанияның бас директоры Александр Савченко білім беру технологияларына тек бизнес тұрғысынан қарамайды. «Білім — елдің болашағын айқындайтын ең басты капитал», — дейді ол.

Алдымен қолданушыға бет бұру керек

Бүгінде Bilim Group тобын тек цифрлық жүйелер жиынтығы деп сипаттау аздық етеді. Компания елдегі білім беру процесінің елеулі бөлігін қамтитын тұтас экожүйе — іргелі цифрлық инфрақұрылымға айналған. Бас директор Александр Савченконың айтуынша, мұндай ауқымды экожүйе құру мақсаты әу баста болмаған: «2011 жылы білім беру саласындағы IT-өнімнің не екенін ешкім жете түсінбейтін. Біз қолданушыларға сала іші нақты қажет ететін өнімдерді ұсынуға тырыстық: BilimLand, iMektep, iTest, Twig сияқты контенттік жобаларды іске қосып, мұндай дүниелерге сұраныстың бар-жоғын байқап көрдік. Алайда білім беру барысы үзік-үзік бөлшектерден тұрмайды, біз бұны бірден түсіндік. Мұндағы өнім мұғалімге де, оқушы мен ата-анаға да пайдалы болуға тиіс. Осыдан бізге бір тамаша ой келді: контент жасауға кіріскенде, оның толыққанды жұмыс істеуіне қажетті ортаны да өзіміз қалыптастыруымыз керек деген».

Сөйтіп Bilim Group жекелеген шешімдерден бүкіл оқу процесін цифрландыратын және оны өзара тығыз байланыстыратын платформалық жүйеге ойысады. Уақыт өте бұл тәсіл білім берудің барлық сатысына бейімделіп, кеңейе түседі. EdTech нарығына 15 түрлі өнім ұсынып отырған компанияда қазір 450 маман қызмет етеді. Ұжымның 60%-ын IT мамандар құрайды. Александрдың айтуынша, әдіскерлер мен педагог мамандардың да рөлі орасан. «Бүгін біздің жобалар еліміздегі балабақшалардың 41%-ын, мектептердің 60%-ын және колледждердің 34%-ын қамтып отыр. Осылайша біз іс жүзінде түрлі білім бағыттарын біріктірген және мемлекеттік деңгейде қызмет ететін экожүйе құра алдық», — дейді ол.

Бас директордың пайымдауынша, қазіргі қолданушы жекелеген сервистерді емес, тұтас шешімдерді іздейді. Нарық пісіп-жетілген: тұтынушылар ең алдымен өзіне тиімді, түсінікті әрі нақты қажетіне жарайтын өнімге сенім артады. Дәл осы «тиімділік коэффициенті» компанияның нарықтағы үлесін айқындайтын басты көрсеткішке айналған.

«Нарықта жеңіске жету үшін шешім шығарушыға емес, тікелей қолданушыларға бет бұру керек. Біз өнімді «кабинетте отырып» жасамаймыз. Кез келген идея міндетті түрде қолданушының сынынан өтеді, қолданушымен бірге дамиды. Соның арқасында біз шынайы құнды дүниелер жасауға мүмкіндік алдық. Басқа өнімдерден басты айырмашылығымыз — жұмысқа деген көзқараста. Білім беру саласын тек күнделікпен, контентпен немесе тестілеумен шектей алмайсыз. Бұл өзара сабақтасқан процестердің жиынтығы. Біз сондықтан жекелеген жобалармен тоқталмай, осы элементтердің басын қосатын платформа құруды көздедік. Екінші басымдық — технологияның тереңдігі. Мысалы, BilimClass электрондық журналын біз тек баға қоятын, сабақ кестесін жасайтын платформа ретінде қарастырмаймыз. Ол бүкіл оқу процесінің қалай жүріп жатқанын саралап, осал тұстарын анықтауға және түзеуге көмектесетін маңызды құрал», — дейді Александр Савченко.

Фото: © Саян Мамбеталиев

EdTech саласын миссиясыз елестету қиын

Bilim Group тобының даму жолында әлеуметтік миссияның рөлі ерекше. Компания басшысының айтуынша, бизнестің тұрақтылығы өнімнің қоғамға тигізер пайдасымен тікелей байланысты: «Біздің негізгі ұстанымымыз — сапалы білімді баршаға қолжетімді ету. Адамның өмір жолына білім қалай әсер ететініне өз мысалымда көз жеткіздім. Мен қарапайым мектепте де, лицейде де оқыдым. Сонда сыныптағы оқушы санынан бастап, мұғалімдердің жұмысқа деген ынтасына дейінгі айырмашылық жер мен көктей болатын. Осыдан-ақ білім беру барысы адамның мүмкіндіктерін арттыруға немесе керісінше, шектеуге әсер ететінін бағамдауға болады. Мен үшін білім — адамды жетістікке жеткізетін ең басты қозғаушы күш әрі ел капиталының ажырамас бір бөлігі. Осы тұрғыдан алғанда бизнесті әлеуметтік жауапкершіліктен бөліп қарастыруға болмайды. Жалпы, EdTech саласын миссиясыз елестету қиын».

Александр мырза бүгінгі жаһандық EdTech нарығында өнімнің мазмұнынан гөрі, оның маркетингі мен сатылымына басымдық беру көбірек байқалады деп отыр. Қаражаттың елеулі бөлігі өнімді жетілдіруге емес, жарнамалауға жұмсалуда. Тіпті қолданушыларға кредиттік салмақ салатын білім беру жобалары да жоқ емес. Оның пікірінше, технологиялық өнімдер арқылы мемлекеттің білім беру жүйесін дамытуға үлес қосу өте маңызды.

«Біз құндылықты бәрінен биік қоямыз: алдымен өнімнің сапасына көңіл бөліп, содан кейін ғана монетизацияға көшеміз. Бұл оңай жол емес — басымыздан кризис те, тұрақсыздық кезеңі де өтті, бірақ дәл осы ұстаным тұрақты өсуімізге септігін тигізді. Кейінгі үш жылда компанияның жылдық орташа өсу қарқыны 57%-ды құрап отыр. Мысалы, біздің OQU атты жобамыз цифрлық білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді біріктіріп, оқу процесі мен қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Біз бұл жобаға сырттан ешқандай қолдау алмай, 3 млн АҚШ долларынан астам жеке қаражатымызды салдық. Өйткені мұндай шешімдердің бүкіл жүйе үшін маңызы зор, тіпті коммерциялық пайдасы тез арада көрінбесе де. Егер өнім шынайы құндылыққа ие болса, бизнес-модель уақыт өте соның айналасында өздігінен қалыптасады», — дейді ол.

Қазақстанда EdTech жобаларын дамыту мемлекеттік жүйемен тығыз байланысты, мейлі ол реттеуші ережелер не инфрақұрылым болсын. Мұндай жағдайда білім беру жүйесіне бейімделе отырып, бизнестің дербес моделін сақтап қалу маңызды дейді Савченко мырза: «Еліміздегі білім беру саласының негізгі жүгі мемлекетке түседі, себебі мектептер мен балабақшалардың басым бөлігі мемлекеттік мекемелер. Сондықтан да бұл сектор мемлекеттік саясат пен реттеуші нормаларға бағынады. Оның үстіне, бұл — ұлттық тәрбие мен мәдениетке ықпал ететін өте маңызды сала болғандықтан, кез келген өзгеріс жүйемен үйлесуді талап етеді. Бірақ біз үшін мемлекет — табыс көзі емес, ең алдымен «ойын ережелерін» белгілейтін тарап. Қазіргі таңда табысымыздың 10–15%-ы ғана бюджет қаражатынан құралады. Біз басты құндылықты тікелей қолданушылар — мектептер, ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар үшін жасаймыз және жұмысты осы аудиториямен тікелей жүргіземіз».

Әйтсе де төлем қабілеті шектеулі нарықта тұрақты бизнес-модель қалыптастыру оңай емес. Бұл міндетті компания серіктестік жобалар мен тың тәсілдер арқылы шешіп отыр. «Мысалы, серіктесімізбен бірлескен жоба аясында негізгі өнімдерді мектептер мен қолданушылар үшін тегін ететін модельді іске қостық. Біз оқу процесіне артық салмақ түсірмей, керісінше, оны жетілдіруге күш саламыз. Сөйтіп, мемлекеттік нарықтың ерекшелігін ескеретін, бірақ оған басыбайлы тәуелді емес жүйе құра алдық. Дәл осы фактор бізге өз сегментімізде көшбасшы компания атанып, ауқымымызды кеңейтуге мүмкіндік берді», — дейді Bilim Group басшысы.

Фото: © Саян Мамбеталиев

ЖИ білім беру жүйесін өзгерте алады

Александр мырзаның айтуынша, қазір білім беру технологиялары нарығы да жылдам қарқынмен өзгеріп жатыр. Бүгін маңызды әрі сұранысқа ие болып көрінген нәрсе ертең-ақ өзектілігін жоғалтуы мүмкін. Ендеше, бәсекеге қабілетті болу үшін бизнес те өзгеріске жылдам икемделе білуі керек. Ол дегеніміз — өнімдерді қайта жасақтап, болжамдарды қайта қарастыра білу және технологиялық жаңалықтар мен қолданушы сұранысына дер кезінде жауап беру.

«Бүгінгі таңдағы негізгі қозғаушы күш — жасанды интеллект. Ол білім беру процесін түбегейлі өзгерте бастады: тіпті әкімшілік жұмыстарды автоматтандырудан бастап, білім алуға арналған жаңа құралдардың пайда болуына да ықпал етуде. Мысалы, қазір көптеген параметрді ескере отырып, сабақ кестесін автоматты түрде құратын бағдарламалар немесе оқушыға дайын жауапты бермей, оны дұрыс шешімге бағыттайтын ЖИ-көмекшілер бар. Мұндай қарқынмен білім беру процесінің түпкі логикасы да түбегейлі өзгеруі мүмкін. Ал біз бұл процестің бастапқы сатысында ғана тұрмыз. Алдағы бірнеше жылда ЖИ ықпалы әлдеқайда артып, білім беру жүйесі тұтастай өзгермек. Оның ішінде, оқу процесін дербестендіру — басты бағыттардың бірі. ЖИ оқу процесін әр баланың дайындық деңгейіне, қарқынына, қызығушылығына қарай икемдеуге мүмкіндік береді. Бұл материалдың күрделілігіне де, оны жеткізу форматына да қатысты. Әрине, біз бұған белгілі бір деңгейде сақтықпен де қараймыз: технологияларды қазақ тіліне бейімдеу және инклюзивтілікті қамтамасыз ету өте өзекті, ал бұл бағыттағы жұмыстар көп ресурсты талап етеді. Сондықтан біздің стратегиямыз — жаңа технологияларды белсенді енгізе отырып, олардың мүмкіндіктерін байыппен бағамдау. Бірақ осы көштің алдында болмасақ, бәсекеден тез шығып қалатынымызды жақсы түсінеміз», — дейді Александр Савченко.

ЖИ қазақша «сөйлегені» өте маңызды

Жасанды интеллектінің дамуы тілді технологиялық ортаға бейімдеу мәселесін аша түскені рас. Әсіресе, бұл цифрлық инфрақұрылым мен төл контент қатар дамып жатқан нарықтар үшін өте өзекті.

«Біз қазақ тіліндегі контентті арттыруға жүйелі түрде күш салып келеміз. Материалдарымыздың басым бөлігі әуелден қазақша дайындалған және қазақшаға аударылған. Бұған оқу контенті ғана емес, кітаптарды аудару, цифрлық кітапханалар мен аудиокітаптар әзірлеу жобалары да кіреді. Жалпы, аудиоматериалдар мен цифрлық мәтіндер — сөзді тану және оны дыбыстау технологияларының іргетасы. Бұл жасанды интеллектінің қазақша «сөйлеуі» мен тілді ұғынуы үшін өте маңызды. Бірақ тілдік модельдің сапасы мен мазмұнын жетілдіру бағытында атқарылар шаруа әлі де көп», — дейді Bilim Group басшысы.

Қазір компания ChatGPT Edu атты ауқымды жобаны қолға алған. Оның негізгі мақсаты — мұғалімдерді бүгінде аса қажет саналатын технологиялармен жұмыс істеуге дағдыландыру. «Серіктесіміздің қолдауымен биыл 165 мыңға жуық лицензия беруді жоспарлап отырмыз. Бірақ біз үшін оны қолжетімді ету ғана емес, оның іс жүзіндегі пайдасы болғаны маңызды: мұғалімдер бұл құралдарды меңгеріп қана қоймай, оның білім сапасын арттырудағы рөлін түсінуге тиіс. Тағы бір маңызды міндет — мұндай шешімдердің қазақ тілінде де тиімді жұмыс істейтінін көрсету. Қазіргі модельдердің мультимодальді мүмкіндігі арқасында кез келген ақпаратты ана тілімізде алуға болады, тіпті түпнұсқа мәтін ешқашан қазақшаға аударылмаған болса да. Бұл тілдің сақталуына ғана емес, оның цифрлық ортада дамуына жол ашады. Сондықтан біз үшін мұндай құралдардың қазақ тілінде сапалы деңгейде қолжетімді болуы өте маңызды», — деп қосады Александр Савченко.

Оның айтуынша, алдағы жылдары білімге қол жеткізу мүмкіндігі емес, сол білімді игеріп, пайдаға асыра білу қабілеті шешуші рөл атқармақ: «Меніңше, білім саласындағы басымдық нақты машықтарды дамытуға қарай ойыспақ. Ақпарат қолжетімді болған сайын, оны игеріп, кәдеге жарата білудің маңызы арта түспек. Бұл ретте өздігінен оқуға икемділік, сыни ойлау, қарым-қатынас мәдениеті, жауапкершілік ала білу секілді қасиеттер алдыңғы қатарға шығады деп ойлаймын».

Жаңа дәуірдің талаптарына сай технологиялық шешімдер де жаңара түсетіні анық. Александр мырза компанияның алдағы ауқымды жоспарларының бірі ретінде экожүйе өнімдерін бір сервисте біріктіруді атап өтті: «Өз өнімдеріміздің негізіндегі тәжірбені бір жерге жинақтап, SuperApp форматына көшуді көздеп отырмыз. Шынайы өмірде қолданушы тек бір деңгеймен шектелмейді: бір отбасының балалары бір мезгілде балабақшада, мектепте немесе колледжде оқуы мүмкін. Сондықтан оқудан бөлек, тамақтану, үйірмелер секілді бағыттарды, білімге жұмсалатын шығындарды бір жерден басқаруға мүмкіндік беретін ортақ платформа жасау ойда бар».

Bilim Group басшысының пікірінше, мұндай өнімнің экспорттық әлеуеті де зор. Компания қазір өз назарын Орталық Азия елдеріне, яғни Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға аударған. Түркия мен Пәкістан нарығына қызығушылық та жоқ емес.

Басты қағида: ешқашан берілмеу

Компания қол жеткізген жетістіктер мен ауқымды жоспарлар туралы әңгімеден кейін біз Александр мырзадан бизнесте табанды болуға серпін беретін өз бойындағы жеке қасиеттерді атап өтуді сұрадық.

«Менің басты қағидам — ешқашан берілмеу. Мен үшін кез келген істі соңына дейін жеткізу өте маңызды (нәтижесі қандай болса да). Тіпті ол шешім соңында қате болып шықса да, баға жетпес тәжірибе мен нені жақсарту керегін түсінуге мүмкіндік береді. Екінші ұстанымым — оптимизм. Әр қиындықты «мәселе» емес, шешілуі тиіс «тапсырма» ретінде қабылдаймын. Дәл осы көзқарас тіпті ең ауыр сәттерде де еңсе түсірмей, алға жылжуға күш береді», — дейді Bilim Group басшысы.

Ол сондай-ақ команданың әуелгі жолдан таймай, басты құндылықтарға адал бола білгенін «мақтаныш сезімін оятатын жайт» деп түйіндейді. «Мен ең алдымен біздің ұжымды мақтан тұтамын. Біз нағыз білікті де жігерлі мамандардың басын қосып қана қоймай, олардың компания ішінде өсіп-өркендеуіне жағдай жасай алдық. Екінші маңызды дүние — ұстанымға адалдық. Жұмысты бастағаннан бері әлеуметтік жауапкершілікті бірінші орынға қойып келеміз. Түрлі дағдарыстар мен қиын кезеңдерге қарамастан, бұл бағыттан айныған жоқпыз. Ең бастысы — біз білім беру саласын ел капиталының ажырамас бөлігі деп білеміз. Біз үшін бұл жай ғана міндет емес, өмірлік миссия», — дейді Александр Савченко.