Аспанмен астасқан арман

Салтанат Томпиева: «Авиацияда ұсақ-түйек мәселе болмайды»

Фото: © Елена Сорокина

Еліміздің Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева — әлем бойынша авиация саласын мемлекеттік деңгейде басқарып отырған санаулы әйелдің бірі. Авиация саласында қызмет етіп жүрген 27 жылдың ішінде Салтанат ханым жас маман деңгейінен (тіпті осы сала бойынша арнайы білімі болмаса да), еліміздегі әуе тасымалының стратегиялық бағытын анықтайтын реттеуші лауазымына дейін сүрінбей жүріп өтті.

«Төраға болуды мақсат етпедім»

«Анамның айтуынша, мен бір жарым жасымнан-ақ ұшақпен сапар шеккен екенмін. Біз Балқашта тұрдық, анам өзі Көкшетауда туып-өскен: бала кезімде нағашыларыма жиі қонаққа баратынбыз, әдетте АН-24 шағын ұшағымен. КСРО тұсында бір ғана әуе компаниясы болды ғой, яғни «Аэрофлот». Ол кезде билет бағасы субсидияланатын, сондықтан алдын ала белгіленіп, бекітілетін. Тұрмыс жағдайы қарапайым дейтін кез келген отбасы әуе билетіне қол жеткізе алатын, мысалы, менің әкем дәрігер, анам педагог болды. Бәлкім, авиацияға деген махаббатымды оятқан да сол бала кездегі сапарларым шығар. Сол кезден-ақ мен ұшақ, әуежай дегенде елең ете қалатынмын, ал аспан тұңғиығына деген таңданысым, ілтипатым тіпті де ерекше еді», — деп еске алады Салтанат Еркінқызы.

Оның айтуынша, тағы бір жарқын естелік — балғын шақ — жасөспірім кезеңмен байланысты. 14 жастағы Салтанат ағылшын тілі байқауының жеңімпазы атанып, Канадада ұйымдастырылатын халықаралық лагерьге аттанады. Бұл, әрине, керемет оқиға болатын, оны алыстағы бейтаныс ел де, заңғар ұшақ та әбден баурап, тәнті етеді. «Кішкентай ғана қалада туып-өскен мен секілді балғын қызға алып ұшақтың бортында отырып, он сағат бойы ұшу да, алыс елдің әуежайы да, ондағы ерекше инфрақұрылым да таңсық болып көрінді. Ұшақтың қалай ұшқанын, қалай қонғанын бәрін қадағалап, қызығып қарап отырдым», — дейді ол.

Әйтсе де Салтанат Еркінқызы алдағы өмірін әу бастан авиация саласымен ұштастыруды ойламаса керек, көптеген бойжеткендер секілді ол сол тұста фотомодель, тіпті әнші болуды да армандаған. «Авиация мен үшін өте әдемі, бірақ айтарлықтай қиын сала болып көрінді және осы сезім әлі күнге дейін бар. Тіпті осы сұхбаттың фотосессиясы барысында да мен фотокамераға емес, әуеге қалықтап көтеріле бастаған іргеміздегі ұшақты бақылаумен болдым. Мен үшін әрбір ұшып-қонған әуе кемесі өзіндік бір ғаламат құбылыс», — деп жылы күлімсірейді біздің кейіпкеріміз.

1994 жылы кәсіп таңдау кезеңімен бетпе-бет келген Салтанат — Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде жаңадан ашылып жатқан «Халықаралық экономикалық қатынастар» факультетіне оқуға түседі. Оқуын бітірген соң, сол кезде жаңа мәртебе алған еліміздің бас қаласы Астанаға аттанады. Қолында дипломы бар жас маманға Елордадағы бірнеше мекемеден ұсыныс түседі — банкте кассир болудан Мәдениет министрлігінің қызметкеріне дейін. «Егер Мәдениет министрлігіне жұмысқа тұрсам, бүгін, бәлкім, әнші болып та кетер ме едім», — деп күледі ол. Дегенмен, сәті солай түссе керек, Салтанат ханым Әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық авиация қызметі жөніндегі комитетке жұмысқа орналасады. «Қазір бұл мекеме Азаматтық авиация комитеті деп аталады, ал мен жұмысқа тұрарда, атауы сондай ұзақ екен, Мәдениет министрлігін таңдауым керек пе еді деп те ойлағанмын», — деп күледі Салтанат ханым.

Осы комитеттің халықаралық қатынастар бөлімінде жұмыс істеп бастаған біздің кейіпкеріміз, соңғы жиырма жылда әуежайлар бөлімі, стратегиялық жоспарлау, инвестициялар, экономика, статистика сынды бірнеше бөлімшеде жауапты қызметтерден өтті. Ал 2024 жылдың ақпанында Салтанат Томпиева Азаматтық авиация комитетінің төрағасы болып тағайындалды. «Авиацияға деген махаббатым шексіз, бірақ төраға болсам деген мақсатым ешқашан болған емес. Меніңше, кез келген саланы басқару үшін оның ішкі болмысын жақсы түсініп, түйсіну керек. Қай қызметте жүрсем де мен әр бөлімнің бүге-шігесін меңгеруге мән бердім — халықаралық келіссөздерден бастап, әуежайдың инфрақұрылымына дейін. Авиацияда ұсақ-түйек мәселе болмайды», — дейді ол.

Салтанат Томпиева
Фото: © Елена Сорокина

Авиация ермек емес…

Әу бастан тек ер азаматтардың дәстүрлі саласы саналатын авиация нарығына арнайы білімі де, тәжірибесі де қалыптаса қоймаған сымбатты да тартымды бойжеткен жұмысқа орналасқанда әріптестер тарапынан қыңыр көзқарастар сыр бергені рас. «Керосиннің иісі мұрнының ұшына да бармаған жас қыз, ұшақтың болты тұрмақ, штурвалды да ұстап көрмеген — авиацияда не жоғалтты екен?!» деген стереотип кездесті. Маған ашық айтпаса да, біржақты шәлкес көзқарас байқалып қалатын», — деп еске алады Салтанат Еркінқызы.

Бірақ ол мұндай пікірлерге қайыспай қарсы тұрды: жұмыста ақысыз демалыс рәсімдеп, әлемдегі ең беделді авиамектептердің бірі — Франциядағы Тулуза бизнес мектебіне оқуға түседі де, аэроғарыш менеджменті бойынша МВА дәрежесін алады. Бұл, әрине, авиацияға қызығатын қазақтың қыз-келіншектері үшін зор мотивация болды. «Оқу оңай соққан жоқ, оқу бағдарламасынан бөлек сыртқы факторлар да көп еді: тобымызда 12 елден келген 19 адамның өзіне тән менталитеті, ерекшелігі бар дегендей. Бірақ оқуды ойдағыдай аяқтай алдым — маған сонда кезінде өзіме күмәнмен қараған әріптестерім демеу болды. Бәлкім, мұндай салаларда жұмыс істейтін әйелдерге мотивация беріп, шыңдайтын да осындай қолдау шығар — өз-өзіңе деген сенім артқан сайын, өзіңе деген талап та күшейіп, жаңа белестерді игеруге ұмтыла түсесің», — дейді біздің кейіпкеріміз. Сондай-ақ ол оқу барысында елде қалған қызын қатты сағынып, қиналғанын да жасырмайды. Салтанат ханымның айтуынша, оның қызметтегі лауазымы қаншалықты жоғары болса да, ол үшін басты қуаныш, басты жетістік — ана болу.

Салтанат Еркінқызы алға тартқан деректерге сүйенсек, бүгін Қазақстанның авиация саласында 23 мыңнан астам адам қызмет етсе, олардың 40%-ы әйелдер, оның ішінде 34 ұшқыш, 600-дей инженер және әуе қозғалысын басқаратын жүзден астам диспетчер бар. 2025 жылдың 4 наурызында Қазақстанда ел тарихында алғаш рет Gender Equality атты ІСАО-ның (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) аймақтық семинары өткізілді, бұл — Еуропа-Солтүстік Атлантика бюросы (EUR/NAT) елдері арасында өтетін (құрамында 56 мемлекет бар) гендерлік теңдік жөніндегі елеулі шара. Салтанат ханымның айтуынша, осы шарада сөз сөйлеген «Қазавиақұтқаруда» жұмыс істейтін ұшқыш әйелдің бірі — бес балалы ана өрт сөндірумен айналысады. «Біздің саладағы қыз-келіншектер үшін авиация құр ермек емес, өмірдің мәні», — деп қосады ол.

Тұтас бір тарихи кезең

Сөз жоқ, Салтанат Томпиева отандық авиация саласының қалыптасып, дамуына тікелей араласып, үлес қосқан тұлға. 27 жылда бұл салада орын алған ең елеулі жобалардың бірі ретінде ол Air Astana әуе компаниясының құрылуын ерекше атап өтті — бұл 2002 жыл болатын. «Ол кезде компанияда бар болғаны үш әуе кемесі, шағын штат және ел бойынша үш бағыт қатынасы бар-тын. Ал араға үш жыл салып, 2005 жылы олар енді Пекин, Дели, Лондон, Стамбұл, Мәскеу бағыттарында ұша бастады», — деп әңгімелейді Салтанат ханым. Оның айтуынша Air Astana әуе компаниясының құрылып, шыңдалуының өзі — тұтас бір тарихи кезең. Ол кезде компанияның 50%-ы Қазақстанға, 50%-ы Ұлыбританияға тиесілі еді, ал бұл негізгі халықаралық бағыттарға шығуға қиындық туғызды, мысалы, Қытай, Ресей сынды. Халықаралық ережелерге сәйкес тасымалдаушы компанияны белгілейтін елдің бақылау жүргізу және иелік ету басымдығы болуы тиіс (51 %-дан кем емес деңгейде). Негізгі нарықтарды бағындыру үшін Қазақстанға әуе компаниясының меншік құрылымын өзгертуге тура келді.

Салтанат Еркінқызы өзі араласқан маңызды жобаның бірі — халықаралық рейстердің бір бөлігін Алматыдан Астанаға ауыстыру еді. Ол жылдары шетелдік әуе компаниялар тек Алматыға ұшатын, ал жаңадан қалыптасып жатқан астанамен тікелей халықаралық байланыс орнату стратегиялық өте маңызды мәселе еді. Шетелдік компаниялардың ұшу бағытын өзгертіп, жаңа рейс қосуға көндіру үшін — ұзаққа созылатын күрделі келіссөздер жүргізу керек, мысалы, Астанада жолаушылар ағыны тұрақты әрі коммерциялық мүдде де жеткілікті дегенге көз жеткізіп. Бұл тұрғыдағы сәтті кейстің бірі ретінде Салтанат ханым Астана — Вена бағытын ашқан Austrian Airlines, Франкфурттан рейс ашқан Lufthansa-ны және бүгінде көпке танымал Turkish Airlines әуе компанияларын мысал етеді. Антальяда өткен түрік компаниясымен арадағы күрделі келіссөзге Салтанат Еркінқызы өзі де қатысқан. «Келіссөз барынша нәтижелі болды: бастапқыда Turkish Airlines аптасына екі рейс ұйымдастырса, арада жарты жыл өте ұшу жиілігін төрт рейске дейін ұлғайтуды өздері ұсынды. Кейін компанияның корпоративтік материалдарында, Астана — Стамбұл бағыты өз шығындарын жарты жылдың ішінде ақтай алған санаулы бағыттың бірі деп көрсетілді. Ал бүгін бұл бағытта күніне екі рейс ұшады», — дейді Салтанат ханым.

Ол сондай-ақ, сала тарихындағы тағы бір маңызды оқиға деп — 2019 жылы құрылған Қазақстанның авиациялық әкімшілігін атап өтті, бұл құрылымға ICAO тарапынан да жоғары баға берілген. Мұндай әкімшілік құрудың өзіндік қажеттілігі бар еді: ICAO жүргізген аудит қорытындысы бойынша Қазақстан 2009 жылдан бері Еуроодақтың «қара тізіміне» ілігіп қалған-ды — азаматтық авиациядағы бақылау мен қауіпсіздік деңгейінің жеткіліксіздігі деген тұжырыммен. Осының салдарында отандық компаниялардың бәріне дерлік Еуропаға ұшуға тыйым салынды (Air Astana ғана ұша алды, онда да белгілі бір шектеулермен). «Бұл біз үшін ауыр болса да, пайдалы сабақ болды. Жағдайды өзгерту үшін біз үкіметтің көмегімен ауқымды жұмыс жүргіздік. Бірақ сол күйзеліс бізге бүкіл саланы толығымен өзгертіп, түрлендіруге мықты серпін берді», — дейді Салтанат Томпиева.

Бұл тұрғыдағы тұрақты мониторинг 2024 жылдың наурызында алынып тасталды, бұған Авиациялық әкімшіліктің құрылуы молынан әсер етті. Аталған құрылымның басты міндеті — саланы тексеруші инспекторлардың біліктілігі мен мәртебесін арттыру болатын, қазір ол мемлекеттің бақылау және қадағалау функцияларын атқаратын акционерлік қоғам ретінде жұмыс істейді. Салтанат Еркінқызы айтып өткендей, бүгін ІСАО Қазақстанға жақсы баға беріп отыр, ал ұшу қауіпсіздігі рейтингіндегі еліміздің көрсеткіші 82% деңгейінде. Мақсат — 90%-ға жету. «Отандық авиацияның даму тарихындағы маңызды белестерді игеру барысында ел үкіметінің қолдауы зор болғанын айта кету керек, біз қол жеткізген барлық ілкімді жобалар көптеген құрылымдардың бірлесе жүргізген жұмысының жемісті нәтижесі», — дейді біздің кейіпкеріміз.

Салтанат Томпиева
Фото: © Елена Сорокина

Жетістік дегеніміз — нақты нәтиже

2025 жылы Салтанат Томпиева ICAO-ның Еуропа және Солтүстік Атлантика бюросына қарасты азаматтық авиация басшылары бас қосатын жыл сайынғы жиынында төраға орынбасары болып сайланды. Халықаралық деңгейдегі елеулі жиында Қазақстанды қолдап, дауыс бергендер көп болды. Вице-төраға лауазымы бұл жиынның күн тәртібін, тақырыбын белгілеп, талқылаулардың модерациясын жүргізу сынды жауапкершіліктер жүктейді, сондай-ақ EUR/NAT құрамындағы 56 елдің өкілдері алдында сөз сөйлеу мүмкіндігі де бар. «Бұл дегеніміз керемет нетворкинг: конференция барысында мен Сербияның авиация билігі өкілдерімен танысып, Белградқа рейс ашуды талқылауды ұсындым. Енді қарашадан бастап Белград бағытында рейс ашылды», — деп әңгімелейді Салтанат ханым.

Ал осы күзде Монреаль қаласында (Канада) өткен ІСАО Ассамблеясының 42-сессиясында Салтанат Томпиева Әкімшілік комиссияның вице-төрағасы болып сайланды. Орталық Азия өкілі бұл лауазымды алғаш иеленіп отыр. Үш жылда бір рет ұйымдастырылатын бұл жиынға еліміз биыл бірінші рет халықаралық авиация заңнамасын жетілдіру тұрғысында өз ұсыныстарын жолдады.

Салтанат Еркінқызының мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстанның әуе компаниялары 31 елге 141 бағыт бойынша аптасына 831 халықаралық рейс жасайды. 2024 жылы 22 халықаралық бағыт ашылды не қалпына келтірілді, ал 2025 жылы тағы 36 жаңа бағыт ашылады деген жоспар бар: Будапешт, Шанхай, Делиден бастап, Самарқан мен Стамбұлға дейін. Алда бұдан да ауқымды жоспарлар тұр: 2026 жылы Сингапур, Токио, Рим, Вена, ал 2027 жылы Нью Йорк бағыты іске қосылуы тиіс. Комитет төрағасының айтуынша, бұл шешімдер ұшу аясын кеңейтумен қатар, еліміздің транзиттік әлеуетін де күшейте түспек.

«Жұмысымыздың нақты нәтижесін көргенде, мен белгілі бір жетістікке қол жеткіздік деп түйіндей аламын, ал нәтиже — жаңа бағыт, заманға сай авиапарк, шыңдалған кадрлар, қауіпсіздік, қолжетімді бағалар және сала ішін реттеп, дамыта алатын сенімді команда түрінде де қалыптасуы мүмкін. Ең бастысы — бүгін әзірленіп, қолданысқа түскен тетіктер алдағы жылдары да тиімді жұмыс істеп, отандық әуе компанияларының бәсекеге қабілеттілігін, олардың технологиялық тұрғыда жылжуын және жас мамандардың мансап мүмкіндігін жүзеге асырып, ел ішінде де, елден тыс деңгейде де қауіпсіз әуе қатынасын қамтамасыз етуге септік етіп жатса, онда біз көздеген нәтиже нақты бір жетістікке алып келді деген сөз», — дейді Салтанат Еркінқызы.