Зілзала айтып келмейді: қазақстандықтардың сейсмикалық дайындығы қалай?

36864

Қазақстанда таяу арада жойқын жер сілкінісі болмайды, деп сендірді елдегі сеймологиялық жағдайды талдап, қорытынды жасаған отандық сейсмолог мамандар

Фото: © unsplash.com/Dave Goudreau

«Сейсмикалық жағдайды бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысына сәйкес, 2024 жылға арналған орта мерзімді перспективада 0,7 ықтималдықпен – республика аумақтарында жойқын жер сілкінісі күтілмейді», - деп мәлімдеді таяуда Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев.

Айта кетейік, 2024 жылы earthquakes.zone дайындаған жер сілкінісі рейтингінде Қазақстан 100 елдің ішінде 6-шы орыннан көрінді. 2023 жылмен салыстырғанда, еліміз биыл бірден 58 позицияға көтерілген. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда ең қуатты жер сілкінісі 1887 және 1911 жылдары тіркелген болатын.

Оңтүстік бүйірі түгелдей сейсмикалық қауіпті аймаққа жататын Қазақстанда көршілес елдерде болған жер сілкіністерінің әсері жиі сезіледі. Биыл 23 және 26 қаңтар аралығында ел аумағында 1900-ден астам әлсіз дүмпулер тіркелген. Тектоникалық аймақта жатқан Алматы, Шымкент қалаларынан бөлек, жерасты дүмпулері Астанада, сондай-ақ Жетісу, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында да сезілген.

Оңтүстік астанада соңғы жылдары біршама айқын сезіле бастаған жер сілкіністері туралы «Алматы» орталық сейсмологиялық обсерватория басшысы Жансая Досымбекова былай дейді: «2023 жылы Алматыда – 11705, 2024 жыл басталғалы – 2723 жер сілкінісі тіркелді (мақала әзірленіп жатқан тұста – F). Оның 16-сы сезілді, бұлардың негізгі бөлігі Қытайдан шыққан афтершоктар. Бұған дейін бізде болған жер сілкіністері 2–3 балды құрады, ал биыл қаңтарда 5 балдық дүмпу сезілді. Бірақ оны «қуатты дүмпу» деп айта алмаймыз. Күшті жер сілкіністері 7 балдан бастап саналады».

Жансая Досымбекова
Жансая Досымбекова
Фото: жеке архивтен

Маманның айтуынша, сейсмологиялық негіздегі орта мерзімді болжамдар бойынша, Алматыда таяу арада ірі зілзала күтілмейді.

«Жалпы жер сілкіністерін болжау барысы үшке бөлінеді: ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді деп. Біздің институтта қысқа мерзімді болжау әр апта сайын жасалып, өкілетті органдарға жіберіледі. Ал орта мерзімді болжау жылына 2 рет өтеді: жылдың басында және ортасында. Мәселен, өткен қаңтар айында біз 2024 жылға орта мерзімді болжам жасап, алдағы келешекте қауіп жоқ екендігін анықтадық», - дейді Жансая Досымбекова.

Әлемдік тәжірибеге қарасақ, халықтың зілзалаға қатысты хабардарлығы неғұрлым жоғары болса, оның сейсмикалық дайындығы да соғұрлым тиісті деңгейде деген сөз. Жер дүмпулері жиі сезілетін Жапонияда жер сілкінісін алдын ала анықтау үшін озық үлгідегі технологиялар қолданылады. Мысалы, оларда ғимараттар Friction Pendulum Bearings жүйесімен (маятник сипатындағы) салынады. Бұл зілзала кезінде ғимараттардың қозғалып, жер сілкінісі энергиясын сіңіруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұнда үйді іргетасынан бөліп тұратын Base Isolation технологиясы (оқшаулауға негізделген) бар. Сонымен қатар, тұрғындар үшін психологиялық кеңес қарастырылған.

Statista.com сайтының дерегінше, 2023 жылы Жапония табиғи апаттардың алдын алу жұмыстары мен халықтың сейсмикалық сауаттылығына 643,84 млрд йен (4,330 млрд АҚШ доллары) жұмсаған.

Мамандардың айтуынша, Қытайда әр 5 жыл сайын қуатты жер сілкіністері байқалып тұрады. Елдің бүкіл аумағының сейсмикалық қауіптілігі жоғары. Мұнда зілзаланы алдын ала анықтау үшін GPS стансалары пайдаланылады әрі жер сілкінісін жер асты сулары арқылы бақылау үшін ұңғымаларда арнайы құрылғылар орнатылған. Олар судың деңгейі мен түсіне қатысты өзгерістерді жазып, температураның нормада болуын бақылайды. БҰҰ-ның Төтенше жағдайлар қаупін азайту жөніндегі басқармасының 2018 жылғы дерегінше, Қытай сейсмологиялық ахуалды қалыпты деңгейде ұстауға жыл сайын 200 млн юаньнан астам (31 млн АҚШ долларынан астам) қаржы жұмсайтын көрінеді.

2023 жылы Түркия мен Сирияда қуатты жер сілкіністері орын алғаны есімізде. Зілзала салдарында 46 мыңға жуық адам мерт болды, оның 4267-сі Сирия азаматтары. Оқиғаға қатысты пікір білдірген сарапшылар Түркияның мұндай апатқа дайын болмағанын айтып, «елдегі ғимараттардың сейсмикалық жағдайға төзімділігі төмен» деген қорытынды жасады. Ал азаматтық соғыс салдарында халықтың әлеуметтік жағдайы әбден күйреген Сирияда ахуал әлі де нашар.

Осы ретте Алматыдағы ғимараттардың жерасты дүмпулеріне қаншалықты төзімді екенін «Қазақ құрылыс, сәулет» ғылыми зерттеу және жобалау институтының өндіріс жөніндегі басшысы Ералы Шоқпаровтан сұраған едік.

Ералы Шоқпаров
Ералы Шоқпаров
Фото: жеке архивтен

«Алматыдағы ғимараттардың басым бөлігі 9 балдық жер сілкінісіне төзімді етіп салынған. Орналасқан ауданына байланысты әр ғимаратқа жеке жоба жасалады. Құрылыс кезінде бекітілген жобадан ауытқулар бола қалса, тұрғындар бізге хабарласады. Біз тексеріс жүргізіп, егер ғимараттың талаптарға сай келмейтіні анықталса, онда жағдайды реттеуді қарастырамыз. Елде тұрғын үй қабаттарына, қабырғаларға белгіленген нормалар қойылады. Алматы қаласындағы үйлердің көпшілігі монолитті. Олардың қабырғалары мен қалқалары бар. Кез келген адам қабырғалар мен қалқаларды ажырата алады деп ойлаймын. Қабырғаның қалыңдығы 250 мм болса, қалқалар гипсокартоннан, бетоннан 100–120 мм боп дайындалады. Зілзала болып жатса, олар бірден үгітілмейді», - дейді ол.

Ералы Шоқпаровтың айтуынша, Қазақстанда «Жер сілкінісінің қарқындылығы шкаласы МСК – 64» деген құжат бар. Онда зілзала жағдайында ғимараттар қандай балл шегінде қалай зардап шегуі мүмкін дегеннен бастап, құрылыс жұмыстары кезінде баса назарда ұсталатын стандарттар туралы жазылған.

«Басқа елдердегі ахуалға анализ жасалып, аталған құжатқа түрлі нормалар енгізіліп отырады. Соңғы өзгерістер 2017–2020 жылдарды қамтыды. Жалпы, посткеңестік елдермен салыстырғанда сейсмикалық төзімді ғимараттар жөнінен Қазақстан алда келе жатыр деп сеніммен айтуға болады», - дейді «Қазақ құрылыс, сәулет» ҒЗЖИ өндіріс жөніндегі басшысы.

Айта кетейік, ел үкіметі қолға алған Құрылыс кодексінің жаңа жобасында «Сейсмикалық аймақтардағы жобалау және құрылыс ерекшеліктері» деген жаңа тарау қарастырылған. 13 ақпанда аталған жобаны мәжіліс депутаттарының назарына ұсынған ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин, Қазақстан аумағының 45%-ы сейсмикалық тұрғыда қауіпті аймаққа жатқызылатынын ашық айтты – мұны соңғы жылдары жүргізілген зерттеу қорытындылары көрсеткен. «Осыған байланысты, сейсмикалық аймақтардағы жобалау және құрылыс нормалары біздің ел үшін өте маңызды», - деді вице-министр.

Айтпақшы, төтенше жағдайлар кезінде дезинформация, яғни жалған ақпарат тез таралатыны белгілі. Бұған биыл қаңтардағы 5 балдық дүмпу кезінде кезекті мәрте көз жеткіздік. Жалған ақпаратты білмей таратушылар «өзгелерге септігім дейсін» деп ойлауы мүмкін, бірақ бұл дегбірі қашқан жұртты одан әрі үрейлендіріп жіберетіні сөзсіз.

Мира Сағынғали
Мира Сағынғали
Фото: жеке архивтен

Төтенше жағдайлар кезінде кей адамдардың фейк ақпарат таратуға неліктен құмар болатыны туралы психолог Мира Сағынғали былай деп пікір қосады: «Адамның күнделікті мінез-құлығы кез келген төтенше жағдайда өзгеріп кетеді. Үрей мен қорқынышты сезінетін адам қауіпті болжауға бейім тұрады. Ол мүмкіндігінше өзекті жаңалыққа қол жеткізгісі келеді. Оның бойында: басқаларға жақын болу, өзін және жақындарын қорғау, қоғамға пайдалы болу секілді инстинкттер оянады. Сөйтіп, ол өзі сенетін қауіпке басқаларды да сендіре бастайды. Оның үстіне, жалған ақпарат неғұрлым қорқынышты болса, оны таратушы да соғұрлым танымал бола түседі. Бұл біздің психикамыздың негативке көбірек көңіл бөлуінің салдары».

Маманның айтуынша, қолға түскен ақпаратты, жаңалықты оқып, онымен бөлісу – оны тартқан адамға жағдайды өз бақылауында ұстағандай әсер береді.

«Адам табиғи апаттардың алдын ала алмайды. Аталарымыз айтпақшы, зілзала сұрап келмейді. Мұндай жағдайға адамның психикасы толыққанды дайын бола алмайды, сол үшін де ол қалыптасқан жағдайды бақылауға талпынуы мүмкін. Кейбіреулер үшін фейк ақпарат тарату – өзге жұрттың назарын аудартып, жеке мүдделері мен идеяларын насихаттаудың бір жолы. Әрине, бұл арада уақыт факторы да маңызды – төтенше жағдайлар кезінде фактілерді жиі әрі толыққанды тексеруге уақыт жете бермейді, демек бұл кезде эмоция жоғарылай түседі»,- дейді Мира Сағынғали.

Төтенше жағдайлар кезінде жалған ақпараттың тез тарайтынын Factcheck.kz бас редакторы Думан Смақов та айтып отыр. 

Думан Смақов
Думан Смақов
Фото: жеке архивтен

«Біз бұған пандемия тұсында да, әскери қоймалардағы жарылыстар мен «Қаңтар оқиғасы» кезінде де көз жеткіздік. Өз тарапымыздан, біз ел халқына кез келген жағдайда ақпаратты сенімді қосымшалар арқылы, айталық, Android платформасындағы бағдарламалар негізінде тексеруді ұсынамыз. Ресми ақпаратқа сүйенуге кеңес береміз. Бірақ кейде ресми ақпараттың таралу жылдамдығы фейктермен қатарлас бола бермейді. Мұндайда қарапайым тексеру әдістерін қолдануға болады. Мысалға, сізге бір фото не видео келсе, «Google Объектив», «Яндекс Фото» қызметтеріне жүгініп көріңіз. Сонда оның бұған дейін таралып не таралмағанын көре аласыз. Мәтінге де назар аудару керек: «бір ғимарат құлап қалды» деген ақпарат келсе, БАҚ-тан, желіден іздеп, анық-қанығын тексеріңіз, ресми ақпаратпен салыстырыңыз. Ең бастысы, эмоцияға, дүрбелеңге бой бермеңіз», - деп кеңес береді фактчекер журналист.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, Алматыда төтенше жағдайлар кезінде халыққа уақытша пана бола алатын 384 эвакуациялық арнайы орын бар. 2GIS жүйесінде бұларды «зардап шеккен халықты қабылдау пункттері» деп іздеуге болады. Олардың дені мектептер мен балабақшалар ғимараттарында орналасқан. Сейсмология саласының мамандары өз тарапынан, алдын ала «дабыл қоржынын» да дайын ұстаған жөн деген кеңес береді. Онда: құжаттарыңыз бен қолма-қол ақша, дәрі-дәрмек қобдишасы, консервілер, 3–4 л су, жеке гигиена құралдары, жылы киім, сіріңке, қалта шам, қолшам, ысқырық, радио қабылдағыш сынды өзге де өзіңізге қажет заттарды түгендеп қойсаңыз болады. «Сақтансаң – сақтайды» демекші, эвакуация қажеттілігі туындап жатса, үйден шығарда газ, су, электр жарығын желіден ажыратып, сөндіруді де ұмытпағаныңыз абзал.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube