Сарапшылар: Еліміз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады

33399

Биыл жыл басында мәлім етілгендей, өткен 2022 жылы әлем бойынша азық-түлік бағасы рекордтық деңгейге көтерілді

ФОТО: © Depositphotos.com/yana-komisarenko@yandex.ru

Біріккен ұлттар ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) дерегінше, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша  азық-түлік бағасының индексі, орташа есеппен алғанда, 143,7 тармақты құрады: 2021 жылмен салыстырғанда бұл 18 тармақ жоғары көрсеткіш.

FAO сарапшылары, 2022 жылы тіркелген азық-түлік бағасының қымбаттауы, осы тұрғыдағы мәліметтерді жинауға кіріскен сонау 1990 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш екендігін алға тартты.

Өз кезегінде, қазақстандық сарапшылардың айтуынша, нарықтың қай сегментін алсақ та, импорт өнімдеріне тікелей тәуелді Қазақстанда бағаның өсуі биыл да әрі қарай жалғасуда және де бағаның қымбаттауы тек сырттан келген өнімдерге ғана қатысты деуге келмейді.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистикалық бюросы мәлім еткен деректерге сүйенсек, 2023 жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша елімізде жылдық инфляция (2022 жылдың ақпанына шаққандағы) 21,3%-ды, инфляцияның жылдамдау көрсеткіші 0,6%-ды құраған (2023 жылдың қаңтарындағы жылдық инфляция 20,7% деп мәлімделді).

Инфляция бір айда 1,3%-ды құраған, мамандар бұл соңғы бес жылдағы инфляция деңгейінен жоғары көрсеткіш деп отыр.

Өткен жылдың ақпан айымен салыстырғанда биыл қаңтарда азық-түлік бағасы 26,2%-ға өскен (қаңтарда 25,7%-ға). Инфляция динамикасына үңілсек, былтырғы ақпанмен салыстырғанда, биыл ақпан айында пияздың бағасы ел ішінде 105%-ға өскен. Сол сияқты, қиярдың бағасы 56,8%, қанттың бағасы – 55%, консервіленген сүт – 49,1%, күріш – 44,9%, банан – 44,5%, макарон өнімдері – 41,1%, ұн – 40,2%, қаймақ – 39,1%, минералды су – 36,6% деңгейінде өскені байқалған.    

Жалпы, инфляция бойынша, республикалық орташа деңгейден асатын жылдық мәндегі ең жоғары көрсеткіш  Маңғыстау облысында (25,1%), Астана қаласында (23,5%), Ақмола облысында (22,4%), Солтүстік Қазақстан (22,1%), Қостанай, Павлодар (21,7%-дан), Ұлытау (21,6%), Түркістан және Ақтөбе (21,5%-дан) облыстарында қалыптасқан.

«Жаһандық дүмпулер Қазақстанды да айналып өтпейді»

Экономист-сарапшы Қуанышбек Дуйсеновтың айтуынша, Қазақстандағы азық-түлік бағасының өсуіне елеулі деңгейде әсер етіп отырған факторлар: жаһандық инфляция, импортталған инфляция, геосаяси қақтығыс және соның салдарында көрініс берген логистикалық қиындықтар.

Қуанышбек Дуйсенов
Қуанышбек Дуйсенов

«Еліміздегі көптеген кәсіпорындар шикізат тұрғысында да, өнеркәсіп құралдары бойынша да шетелдік өнімдерге байлаулы, яғни олар өздеріне керек-жарақты шет елдерден сатып алады және де ұлттық валютаға шаққанда қымбат бағаға, сөйтіп олардың түпкі өнімі де тұтынушы үшін қымбатқа түседі. Импортталған инфляция дегеніміз осы, оның сыртында жаһандық инфляция тағы бар. Геосаяси дүмпулер де Қазақстан экономикасына әсер етпей қоймайды – Ресей еліміздің негізгі экономикалық серіктесінің бірі, сәйкесінше бұл елдегі дағдарыс пен антиресейлік санкциялар әсері бізді де айналып өтпейді. Геосаяси қақтығыс логистикалық бағыттар мен тораптарды өзгертіп жатыр, өз кезегінде, бұл тасымал құнын жоғарылатып, Қазақстанға жеткізілетін импорт өнімдерінің қымбаттауына себеп болып отыр», - дейді экономист маман.

Сондай-ақ, ол, бүгінде еліміз импорт өнімдеріне, соған сәйкес сыртқы факторларға барынша тәуелді дегенді баса айтады: «Әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік қатарындағы ет өндірісінің өзіне шет елдерден импортталған технологиялар секілді сыртқы факторлар әсер етуде».

Қуанышбек Дуйсеновтың болжамынша, ішкі нарықтағы бағалардың өсуі салдарында ел үкіметі отандық кәсіпорындарды қолдауды әрі қарай жалғастырып, әлеуметтік тұрақтылықты бір деңгейде ұстау үшін көптеген әлеуметтік жобаларды қолға алуы ықтимал.

Айта кетейік, 19 наурызда өткен мәжіліс сайлауы барысында, ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов, жаңадан сайланатын парламент мәжілісі алдында ел үкіметі отставкаға кететінін мәлім етті. Оның айтуынша, жаңа үкімет құрамы жасақталғанша, министрлердің міндетін атқаруды бұған дейінгі үкімет құрамы орындай береді.

«Парламент мәжілісі сайлауынан кейін жасақталатын жаңа үкімет алдындағы басты міндет – инфляцияны бәсеңдету. Олар, сондай -ақ бүгінгі таңда ішкі нарықта қалыптасқан бағаларды халық көтере алатындай деңгейге келтіру үшін ел азаматтарының табысын арттыруды қолға алуға пәрмен береді деп ойлаймын. Әлеуметтік тұрақсыздық қай үкіметке болса да керек емес», - дейді экономист Қуанышбек Дуйсенов.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейінгі сөздерінде үкімет басшысы, 2023 жылға арналған негізгі міндеттердің бірі – жыл қорытындысы бойынша инфляция деңгейін 9,5%-дан асырмау дегенді айтқан болатын.

Өз кезегінде, қаржыгер Расул Рысмамбетов, Қазақстандағы азық-түлік бағасының қымбаттауына «соңғы жылдары белең алған тарихи оқиғалар тікелей әсер етуде» деген пікір айтады.

Расул Рысмамбетов
Расул Рысмамбетов

«Бағаның өсуінің негізгі себебі – Covid–19 пандемиясы мен Ресей–Украина соғысы. Соңғы үш жылда логистикалық тізбектерді астан-кестен етіп, әлем нарықтарын шайқалтып жіберген басты мәселе осылар. Жаһандық пандемиядан аман шыққан компаниялар логистикалық тізбектерді барынша қалыпқа келтіре бастаған сәтте соғыс басталды. Осылайша, баға атаулы сол қалпы өсе берді. Яғни, мұндай жағдайда азық-түлік бағасының қымбаттауының басты себебі – пандемия кезінде басталған екі жыл бойғы белсенді мемлекеттік қаржыландыру мен мемлекеттік шығындардың артуы», - дейді Расул Рысмамбетов.

Ал экономист Қуанышбек Дуйсеновтың айтуынша, қай кезеңде болмасын, Қазақстан үкіметі нарықты реттеуде бағаларды «ұстап қалу» саясатын негізге алады.

«Үкіметті кім басқарса да, бізде нарықты реттеу шаралары әдетте бағаларды бір деңгейде «ұстап қалу» дегенге негізделеді. Бірақ бұдан инфляция тоқтап, немесе елеулі деңгейде бәсеңдеген емес: биыл қаңтардың өзінде азық-түлік инфляциясы 1,4%-ға артқан. Жалпы, үкіметтің осы уақытқа дейін бағаны тұрақтандыру саясаты көп жағдайда «өрт сөндіру» жағдайын еске салды. Яғни, алдымен әлеуметтік желіде не БАҚ-та азық-түліктің бір түрі, мысалы, қант не сәбіз жетіспей жатыр деген «өрт» шығады да, тек содан кейін ғана үкіметте дабыл қағылып, шара қолданылады. Шаралардың ішінде алға тартылатыны – «тұрақтандыру қорлары» мен агросектор кәсіпорындарымен форвардтық келісімдер және антимонополиялық комитеттің баға спекулянттарына қатысты шаралары. Алайда, бұлардың тиімділігі тек орта мерзімдік деңгейді қамтиды, яғни инфляцияны бірнеше пайыз коридорында бәсеңдету деген тұрғыда ғана, бірақ, жалпы азық-түліктің қымбаттауына әсері төмен», - дейді сарапшы.

Өз тарапынан қаржыгер Расул Рысмамбетов, азық-түлік бағасы «жазға қарай қымбаттайды» деген болжам айтады.

«Азық-түлік бағасының бүгінгі қымбаттауына, біріншіден, тікелей импорт құнының өсуі әсер етуде. Екіншіден, көктем келіп қалды, азық-түлік бағасы әдетте көктемге дейін көтерілетіні бар. Мен, тіпті, жазға дейін баға атаулы әлі де қымбаттайды дер едім. Жалпы, ішкі нарықтағы бағаларды реттеу үшін, алдымен, нарық бойынша ашықтықты қамтамасыз ету керек: дәл қазір нарық ішінде қандай ойыншылар бар, сатушылар кімдер, делдалдар кімдер, өндірушілер кімдер, бәрін түсін түстеп, ашық көрсету керек», - дейді қаржыгер.

Деглобализация трендін де есепте ұстау керек...

Айтпақшы, ресми мәліметтерге жүгінсек, бүгінгі таңда 2022 жылғы егін келісім-шарты бойынша нақты қорлар: пияз – 110%, картоп – 105%, сәбіз – 87%, қырыққабат – 70% деп мәлімделді.

Былтыр жаздағы жекелеген нарық сегменттерінде көрініс берген дүмпулерден кейін, тұтынушылар арасында арагідік азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты бірқатар сұрақтар туындауда.

Сарапшылардың айтуынша, еліміз бүгінде өз-өзін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бірқатарымен белгілі бір деңгейде толық қамти алады, мысалы, ұнмен, жармамен, сүт өнімдерімен, т.б.

«Министрлер кабинетінің сендіруінше, елімізде азық-түлік қорлары жеткілікті. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, елімізде «әлеуметтік маңызы бар тауарлар қоры 1 млн тоннаны құрайды». Олар, сондай-ақ тұрақтандыру қорлары мен форвардтық келісімдердің іске асырылу механизмін «әлі де жетілдіреміз», бағаның күрт өсуі мүмкіндігіне «дайынбыз» деп отыр. Бірақ жақындағы пияздың күрт қымбаттауы мен жоғарыда айтқан инфляцияның өсімі әлі тоқтаған жоқ. Әрине, бұл механизмдер қаншалықты тиімді және қор көлемі қаншалықты жеткілікті деген сұрақтарға, біз, тапшылық туындаған жағдайда ғана баға бере аламыз. Елімізде импорт үлесі жоғары дейтін өнімдер бағасының қымбаттау ықтималдығы бар. Дегенмен, «аузы күйген, үрлеп ішеді» демекші, сайлаудан кейін жасақталатын жаңа үкімет бұған дейінгі олқылықтарды түгел ескеріп, әлеуметтік маңызы бар өнімдер тапшылығымен күресте мейлінше тиімді шаралар қолданады деген үміттеміз», - дейді экономист Қуаныш Дуйсенов.

Өз кезегінде қаржыгер Расул Рысмамбетов: «Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі бірінші орында тұруы керек. Облыстардағы ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші кооперативтердің тұрақтандыру қорларына қатысты көптеген сұрақтар бар, бұл өндіріс орындарының жұмысы сын көтермейді, осыған мән беру керек», - деген пікір айтады.

Экономист Қуаныш Дүйсенов алға тартқан мәліметтерге жүгінсек, бүгінде еліміз өз-өзін толыққанды қамтып отырған азық-түлік түрлерінің ішінде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің үлесі жоғары.

«Соңғы анықталған мәліметтерге сәйкес, Қазақстан өз-өзін толыққанды қамтамасыз ететін өнімдердің ішінде ұн, жарма, ет және құс еті, сүт өнімдері, күнбағыс майы бар. Бұлардың ішкі нарықтағы үлесі 80%-дан жоғары. Мысалы, еліміз ішкі нарықты ұнмен – 99%, жармамен – 94%, ет және құс етімен – 87,9%, сүт өнімдерімен – 84,6%, күнбағыс майымен – 84,4% деңгейінде қамти алады. Ал импорт қатарында: шұжық өнімдері – 60,9%-ды, қант – 50%-ды, ірімшік – 52,8%-ды құрайды. Десе де, отандық нарықтың түгелін қамтитын салалар да баға саясатында бәрібір жабдықтаушыларға тәуелді. Егер, жабдықтаушылар шетелдік болса, онда бұл өнімдер бағасының өсу мүмкіндігі жоғары. Сондықтан да импортқа тәуелді өнімдер бойынша отандық өнім үлесін арттырып, әлемдегі деглобализация трендіне сәйкес, жергілікті өнеркәсіпті дамытуды қолға алу өте маңызды», - дейді Қуанышбек Дуйсенов.

Бұл пікірмен қаржыгер Расул Рысмамбетов те келіседі.

«Әлеуметтік маңызы бар барлық азық-түлік өнімдерін Қазақстанда шығаруға болады. Былайша айтқанда, Қазақстан өзін-өзі бұл өнімдермен толық қамтамасыз ете алады, бұл арада мәселе жеке бизнесті дамыту дегенге келіп тіреледі», - дейді қаржыгер.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube