«Кодекс әлеуметтік мәселелерді бірден шешіп тастамайды»

36016

2023 жылдың 1 шілдесінен бастап, елімізде Әлеуметтік кодекс өз күшіне енеді. Отандық сарапшылар, жаңа кодекс «қоғам ішінде қосымша қақтығыстардың туындауына жол бермеуі тиіс әлеуметтік қолдаудың икемді моделі болады» деп күтті

ФОТО: © pixabay.com/ulia Volk

20 сәуірде «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Әлеуметтік кодексіне қол қойды» деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Кодекстің мәтіні баспасөзде жарияланады.

Естеріңізге сала кетсек, биыл наурызда ҚР парламенті сенатының депутаттары ҚР Әлеуметтік кодексін талқыға салып, кодекс пен оған қатысты өзге де ілеспе заңдарды екінші оқылымда қабылдаған болатын.

Ләззат Қалтаева
Ләззат Қалтаева
ФОТО: parlam.kz

Елімізде тұңғыш рет қолданысқа түсетін Әлеуметтік кодекстің негізгі басымдығын сенатор Ләззат Қалтаева: «Халықты жұмыспен қамтуды ынталандыру және азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру» деп түсіндірді.

Өз кезегінде, отандық сарапшылар, жаңа кодекс әзірленіп жатқан тұста, бұл құжат ел ішінде қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерді түгелдей қайта қарап, «әлеуметтік саладағы барлық заңнамаға ревизия жүргізіледі» деп күтті.

«Әртүрлі дағдарыстар салдарында көптеген адамдар экономикалық қиындықтарға тап болып жатқан кезде – әлеуметтік қолдаудың қоғамда қосымша қақтығыстар тудырмайтын икемді моделі қажет. Сол себепті де Әлеуметтік кодекс іс жүзінде өмір сапасының жаңа стандартына айналуы керек», - деп жазды сол кезде саясаттанушы Жұлдызай Искакова отандық БАҚ-тағы жариялымдарында.

Бұған дейін ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Әлеуметтік кодекстің жобасы 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұратынын айтқан болатын.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова
ФОТО: gov.kz

Министр, сондай-ақ кодексті әзірлеу барысында Еуроодақ тәжірибесі басшылыққа алынғанымен, онда өз елімізге тән ерекшеліктер жан-жақты ескерілгенін де тілге тиек етті.

Тамара Дүйсенова айтып өткендей, Әлеуметтік кодексте төмендегідей негізгі бес мәселеге түпкілікті назар аударылған: отбасының цифрлық картасын немесе еліміздегі отбасылардың дербес дерекқорын жасау, мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы жүйелеріне қатысты өзгерістер, халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, жаңа кодекс елдегі әлеуметтік саясатты құруға негіз болады деп сендіреді.

Экономист-сарапшы, AlmaU университетінің «Менеджмент Мектебінің» оқытушысы Қуанышбек Дуйсенов, Қазақстанда алғаш рет қабылданып отырған Әлеуметтік кодекс ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді «бірден шешіп тастамайды» деген пікір айтады. Дегенмен, кодекс қоғам ішінде қордаланған әлеуметтік мәселелерді «жеңілдетуге септігін тигізе алады» деп есептейді ол.

Экономист Қуанышбек Дуйсенов
Экономист Қуанышбек Дуйсенов
Фото спикердің жеке архивінен

«Әлеуметтік кодекстегі атап өткім келетін оң өзгерістердің біріншісі – былтыр сынақ ретінде енгізілген отбасының цифрлық картасы. Отбасының цифрлық картасы толыққанды іске асырылатын болса, ол еліміздегі әлеуметтік көмекке мұқтаж, бірақ сол көмекті алуға болатынын білмейтін көптеген азаматтардың жағдайын жеңілдетуге септігін тигізетіні анық», - дейді ол.

Өз кезегінде, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі былтыр жыл соңында өткен үкімет отырысының бірінде, Әлеуметтік кодекстегі Отбасының цифрлық картасын жасау тұрғысында: «Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылуда» дегенді айтты.

Министрліктің ашық көздердегі ресми ақпаратына сүйенсек, Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленген. Яғни, ендігі кезеңде мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға да мүмкіндік алады.

«Карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік статусына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құықылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқаратын болады. Мұндай ақпарат әрбір отбасына орталық мемлекеттік орган тарапынан СМС хабарлама ретінде жіберіледі.

Мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізілетін болады. Яғни, азаматтарға әлеуметік төлемдер және көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделеп тағайындалады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылатын болады», - деп түсіндірді бұл бағытты Тамара Дүйсенова.

Айтпақшы, ресми деректерге сүйенер болсақ, бүгінде Қазақстанда 6,3 млн отбасы бар көрінеді. Әрине, олардың бәрінің әлеуметтік жағдайы мемлекеттің араласуын қажет етеді деген сөз емес...

«Әлеуметтік кодекс ел ішінде талай жылдан бері қордаланып қалған түйінді мәселелерді дереу шешіп бермейді, бірақ әр бағыт бойынша ұсынылған оң шешімдер көңілге қонымды. Соның бірі әлеуметтік көмек беруде кедейлік шегін күнкөріс деңгейі арқылы емес, медиандық табыс деңгейі арқылы есептеу. Бұл өте дұрыс шешім», - деп жалғастырады өз ойын экономист Қуаныш Дуйсенов.

Кодексте бұл шешім Мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы аясында ұсынылған.

«Егер күнкөріс деңгейі адамның физиологиялық қалпына келуін қамтамасыз ететін болса, медиандық табыс – жалпы халықтың нақты тұтынушылық шығындарын жабатын орташа күнкөріс табысы.

2025 жылдан атаулы әлеуметтік көмек медиандық немесе жалпыхалықтық орташа табыстан төмен табысы бар азаматтарға берілетін болады. Әрине, оның сомасы қомақты және атаулы шаралармен бірге беріліп, отбасыларына өмірлік қиын жағдайдан шығу мүмкіндігін қамтамасыз ететін болады», - деп түсіндірді кезінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 

Қуаныш Дуйсенов болса: «Осы уақытқа дейін атаулы әлеуметтік төлемдер тағайындауда елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі есепке алынды. 2023 жылға бұл шама 40 567 теңге деп белгіленді. Атаулы көмек мөлшерін анықтауда осы жылдың басынан бұл сомманың 70%-ы, яғни 28 397 теңге қарастырылды. Ал медиандық табыс есепке алынғанда, атаулы әлеуметтік төлем сомасын едәуір ұлғаяды деген сөз. Жалпы, медианды әдіс тек қана атаулы әлеуметтік төлемге ғана емес, жалпы еліміздегі азаматтардың нақты табыс деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін әдіс ретінде мойындалып, қолданылуы маңызды деп есептеймін. Сонда ғана біз халықтың экономикалық жағдайына анық баға беретін боламыз», - дейді.

Мысал ретінде айта кетсек, ел ішіндегі кедейлік шегін анықтауда Америка Құрама Штаттарында медиандық табыстың 40%-ы, Австрия, Германия, Дания, Норвегия, Франция, Швецияда – 60%-ы, Канадада – 50%-ы есепке алынады.

Ал экономист Қуаныш Дуйсенов кодекстегі өзге де оң өзгерістердің ішінде мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетіп жүрген отбасы мүшелеріне еңбекақы төлеу шешімін де қолдайтынын айтады.

«Отбасы мүшесін әлеуметтік қызметкер ретінде рәсімдеп, оған жалақы төлеу, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарнасын аудару – бұл дұрыс шешім. Енді кодекстегі осы оң ұсыныстардың тиімді де нәтижелі негізде іске асырылуын күтетін боламыз. Әлбетте, ел үкіметі бұл шешімдердің іске асырылу механизмдері мен оларды қолдану жөніндегі нұсқаулар қарапайым азаматтарға түсінікті болуын да қамтамасыз етеді деп сенгіміз келеді», - дейді Қуаныш Дуйсенов.

Айта кетсек, наурыз айында сенаторлар қолдаған Әлеуметтік кодекске мемлекет басшысы бейсенбі күні, яғни сәуірдің 20-да қол қойғаны белгілі болды.

Жаңа кодекс 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енуі тиіс.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить