Кенші мамандығына деген көзқарасты түбегейлі өзгерту керек

46579

Отандық сарапшылардың пікірінше, елімізде кеншіге, тау-кен өнеркәсібіне деген ұстаным өзгермейінше, өндірістегі апат атаулыға тұсау қою қиын соғады

Лакшми Миттал
Лакшми Миттал
Фото: © Depositphotos.com/ChinaImages

Тамыздың аптап ыстық күндерінің бірінде ел ішін елең еткізген қаралы хабар Қарағанды облысынан келіп жетті: Шахтинск қаласындағы «Қазақстан» шахтасында орын алған алапат өрт бес бірдей кеншінің өмірін қиды. Жалпы, Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ (АМТ) құрамына кіретін көмір шахталарында соңғы 28 жылда «өндірістегі апат салдарында» жүздеген адам қайтыс болған. Айта кетсек, Қазақстанның көмір индустриясындағы негізгі кен орындарының біріне иелік етіп отырған АМТ АҚ шетелдік инвестор Лакшми Митталдың қарауында.

Олигархтар арасында «қалаулылар» жоқ

Кеншілер қауымдастығының мүшесі Павел Шумкин жерасты шахталарында 22 жылдай еңбек еткен ардагер кенші. Маманның айтуынша, Қарағандыдағы көмір шахталары 70 жылдан астам жұмыс істеп келеді, қазір олар әбден ескірген, онда жаңа техника жеткізудің өзі қиямет-қайым. Жалпы, біздегі шахталарда қалыптасқан бүгінгі жағдайды тек осы салаға тікелей қатысы бар мамандар ғана жақсы біледі, былайғы жұрт хабарсыз, дейді ол.

Павел Шумкин, отандық кеншілер қозғалысының ардагері
Павел Шумкин, отандық кеншілер қозғалысының ардагері

«Еңбектің ұйымдастырылуын қамтамасыз ететін инженерлік-техникалық құрам кеңестік кезеңнен қалған. Онда қолданылатын басқару әдістері де ескірген... Өндірістегі апат салдарында бұл салада кеншілердің өлім-жітімі 90-шы жылдардың ортасынан бері жалғасуда», - дейді ардагер кенші.

Ал Қорғаныс өнеркәсібі кешеніндегі кәсіпорындар қауымдастығы басқармасының төрағасы, кәсіпкер Айбек Барысов болса, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қожайындарын Қазақстанда жауапқа тарту мүмкін бе?» деген сұраққа былай деп жауап қатты: «Бүгінгі билік тұсында әбден мүмкін. Меніңше, қазір біздің билік олигархтар арасынан «қалаулысын» таңдап отырған жоқ. Ал «АрселорМиттал Теміртау» туралы айтар болсақ, бұл компанияның Қазақстандағы беделі өте күмәнді. Негізі, Лакшми Митталдың өзге елдердегі активтерінің жұмысы ойдағыдай жүріп жатыр. Соған қарап, біздің елде жұмыс істеп жатқан шетелдіктердің бүгінгі тірлік-әрекетіне біз өзіміз рұқсат беріп отырсақ керек деген ой келеді».

Айтпақшы, «Қазақстан» шахтасындағы апаттан кейін БАҚ өкілдері алдында алғашқылардың бірі болып пікір білдірген ҚР ЕХӘМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов АМТ басшылығының кісі өліміне қатысты жауапкершілігі төңірегінде: «ҚР Қылмыс кодексіне сай, егер сот басшылықты [АМТ АҚ басшылығын – F.] кінәлі деп таныса, онда жеті жылға дейінгі мерзімге қылмыстық жауапкершілік ескерілген», - деді 18 тамызда Шахтинск қаласында өткен брифингте.

Өз кезегінде, кенші Павел Шумкин бұл тұрғыдағы пікірін былайша жеткізеді: «Әдетте, кенеттен «бірдеңе» бөлінді дегенді естігенде, бірқатар сұрақ туындайды. Өйткені шахтада дұрыс етіп ұйымдастырылған жұмыс барысында – жоғарыдан, бүйірден және алдыңғы жақтан жүздеген скважина бұрғылау керек, газды сорып шығару керек. Оның сыртында газ деңгейін өлшейтін көптеген датчиктер бар. Ал газды сорып шығаратын кім? Бұл кімге керек? Митталға ма? Мәселе осында... Біздің кеншілер нағыз камикадзе деуге тұрады».

«Кезінде Ленин шахтасында 41 адам қаза тапқан жағдай әлі есімде, оған қатысты сот барысын мен өз көзіммен көріп, тыңдадым. Негізі, қадағалаушылар күн сайын мониторинг жүргізіп, шахтадағы жағдайды біліп отырады, яғни онда газ қаупі бар, адамдар бүгін болмаса ертең өлім құшуы мүмкін дегендей. Бірақ инвесторға ақша керек, жоспар керек – мәселе осында. Қазір енді «Қазақстан» шахтасындағы жағдай бойынша кінәлі деп танылғандарға 7 жыл берілуі мүмкін деп жатыр, меніңше, 25 жылға соттау керек. Бүгін біз бүкіл қоғам болып – кеншілерді, жалпы, еңбек адамын қорғауды талап ету туралы жауапкершілік алуымыз керек», - дейді кеншілер қозғалысының ардагері Павел Шумкин.

Осы арада естеріңізге сала кетсек, 2006 жылдың 20 қыркүйегінде Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ иелігіндегі Ленин атындағы шахтада орын алған жарылыс салдарында қазақстандық 41 кенші қаза тапқан болатын...

Отандық инвесторды бағалайтын кез келді

Айтқандай, 18 тамызда ҚР парламенті мәжілісінің депутаттары Ерлан Сайыров пен Құдайберген Бексұлтанов, «Қазақстан» шахтасындағы қайғылы оқиға еліміздегі көмір шахталарындағы құрал-жабдықтардың бүгінгі жай-күйі мен өндірістегі персоналды оңды-солды қысқартудың тікелей салдары дегенді алға тартып, мәлімдеме жасады. Олардың пікірінше, Миттал мырзамен қоштасатын кез келді және бұл жолы, әдеттегідей, инженерлік-техникалық қызметтегі жергілікті мамандар емес, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының шетелдік топ-менеджменті жауапқа тартылуы тиіс.

Мәжіліс депутаттарының мұндай ұсынысына сарапшы Айбек Барысов та қарсы емес, алайда, оның айтуынша, бұл арада «жылы мен жұмсақты» шатыстырмаған жөн.

«Митталдың орнына жақын көршіміздің ірі бизнесі келуі де ғажап емес, бүгінде біздің нарықта солтүстіктен ағылған инвесторлар саны еселеп өсуде. Әлбетте, Митталмен қоштасатын кез келді, бірақ оның орнына өзіміздің жергілікті инвестор не инвесторлар тобы келуі тиіс. Негізі, бізде отандық, ұлттық инвесторлар дұрыс бағаланып жатқан жоқ», - дейді кәсіпкер Барысов.

Сарапшының пікірінше, саяси ерік бар жерде келісімшартты бұзу еш қиындық тудырмауы тиіс әрі бұл еліміздің инвестициялық ахуалына да еш жағынан әсер етпейді.

Ардагер кенші Павел Шумкин болса, мемлекет пен қоғамның кеншілердің еңбегіне деген ұстаным, көзқарасы түзелмейінше, көмір шахталары кімнің қолында қалатыны маңызды емес деген пікір айтады. Мейлі Миттал, мейлі ресейлік, қытайлық, не жергілікті инвестор келсін, ең бастысы, ел ішінде кенші мен кен қазуға деген қатынас өзгеруі тиіс, деп есептейді ол.

«Өз басым, бұл арада бірдеңе өзгереді дегенге бәрібір сенбеймін, өйткені көмір қазу технологиялары да, кеншіге деген қатынас та, тіпті заңнаманың өзі де түк өзгерген жоқ, бәрі сол қалпында. Бұған, сондай-ақ жемқорлықты қосыңыз. Депутаттардың мәлімдемесін саяси науқан құралы деп бағалаймын. Әрине, мен Митталды түк те ақтап отырған жоқпын, кәсіби тұрғыда мен оған немқұрайлы қарайтынымды жасырмаймын. Менің айтарым – ең алдымен, ел ішінде кеншіге, кен қазу ісіне деген қарым-қатынас жүйелі түрде түбегейлі өзгеруі тиіс», - дейді отандық кеншілер қозғалысының ардагері.

Павел Шумкин, сондай-ақ, мұндай қайғылы оқиғалар қайталанбасын десек, кәсіби одақтардың еркіндігін қамтамасыз ету керек дегенді де алға тартады: «Бізде қазір кәсіподақтар жоқтың қасы, инвесторлар, әншейін, олардың жұмысын ауыстырып отырған бәз біреулермен келісімге келеді де, әрі қарай өз білгендерімен жүре береді. Елімізде мықты кәсіподақтар бой түзеп, ереуіл құқығы берілгенде ғана, біз жер қойнауындағы өз байлығымызды халық игілігіне жаратып, еңбек адамын бағалауды үйренеміз».

Айбек Барысов, Қорғаныс өнеркәсібі кешеніндегі кәсіпорындар қауымдастығы басқармасының төрағасы
Айбек Барысов, Қорғаныс өнеркәсібі кешеніндегі кәсіпорындар қауымдастығы басқармасының төрағасы

Ал бұл тұрғыда кәсіпкер Айбек Барысов, ел ішіндегі қолданыстағы еңбек қауіпсіздігі туралы заңдар мен ережелерді өзгертіп, күшейту қажет деген пікірге тоқталады.

«Өндіріс өкілі ретінде, мен, ең алдымен, қай салада болмасын, еңбек қауіпсіздігі туралы заңнаманың орындалуын дұрыс қадағалау керек деп есептеймін. Ал көмір өндіру саласында 2006 жылдан бері жүзден астам адам қаза тапқан. Меніңше, бұл арада сұрақты төтесінен қойып, заңнамаға қатаң талаптар енгізу керек», - дейді Қорғаныс өнеркәсібі кешеніндегі кәсіпорындар қауымдастығы басқармасының төрағасы.

Естеріңізге сала кетсек, 17 тамызда Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында орын алған өртке қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел үкіметіне және Қарағанды облысының әкімшілігіне тапсырма беріп, онда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтасындағы апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізуді, сондай-ақ зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетуді баса айтты.

«Үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөз жүргізу тапсырылды. Шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындарда жиі қайталанатын апаттар олардың инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғанын көрсетеді. Аталған жағдайлар олардың Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал етеді», - делінген Akorda.kz жария еткен ресми ақпаратта.  

Ал 19 тамызда Шахтинск қаласында ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңес барысында мәлім етілген деректерге сүйенсек, биылғы жылдың 7 айында «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының көмір өндіретін кәсіпорындарында жүргізілген 6 тексеру жұмысының нәтижесінде, аталған өндіріс ошағында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны туралы 957 жағдай анықталған.

«Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа 55 қауіпті өндірістік нысан мен қауіпті техникалық құрылғылардың жұмысын тоқтату туралы 7 талап арыз жолданды. Қазір сот шешімімен 25 нысанның жұмысы тоқтатылған», - деп көрсетілген primeminister.kz жария еткен ресми ақпаратта.

Айтпақшы, 27 тамызда Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қарамағындағы «Саранская» шахтасында да өрт шыққаны мәлім етілді. Әбүйір болғанда, бұл жолы кеншілер дер кезінде жер үстіне шығарылып, оқиға салдарында зардап шеккендер болған жоқ.

Фотосуреттер сарапшылардың жеке архивінен алынды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить