Қазақстандағы кейнсиандық
Мемлекеттік шығындарды арттыра отырып, экономиканың ұзақ мерзімге негізделген даму қарқынын қамтамасыз етуге бола ма және бұл үшін не істемек керек, нені ескеру қажет?
Бұл тұрғыда кейнсиандық теория не дейді? Бұл ұстанымды Қазақстан жағдайында қолдану қаншалықты тиімді немесе икемді? Егер мемлекет бірқатар маңызды талаптар мен шарттарды дұрыс орындап, қолдана алса — әбден мүмкін. Айта кететін жайт, бұл теория аясында бірінші кезекте есепке алынатын маңызды шарт, өзіндік мәселе — жұмыссыздықтың жоғары деңгейі болса, екінші мәселе — ел ішінде өнім шығармай босқа тұрған өндрістік орындардың болуы дегенге келіп тіреледі.
Мемлекеттік бағдарламалар жұмыссыздықты азайтуға және соған сәйкес тұтынушылық сұранысты арттыруға ықпал ете алады, мұны қоғам іші жақсы түсініп отыр. Ал бұл өз кезегінде, тұтыну тауарлары мен отын, құрал-жабдық, жанар-жағар май сынды өзге де аралық тұтыну тауарларының өндірісін ынталандыруға септік етуі тиіс. Әлбетте, өндірістің қарқын алып өсуі үшін — жоғарыда айтып өткеніміздей, босқа тұрғанымен, керек кезде жедел іске қосылуға дайын өндіріс ошақтарының болуы маңызды шарт. Егер нарық ішінде бұл секілді қуат көздері болмаса немесе оларды іске қосу үшін едәуір уақыт қажет болса, онда өндірісті ынталандыруы тиіс мемлекеттік бағдарламалар бағалардың өсуі мен импорттың қымбаттауына әкеліп соғады. Ал осының салдарында ұлттық қаржы жүйесіне елеулі деңгейде нұқсан келуі әбден мүмкін. Айталық, мұндай жағдай 2000-жылдардың басында Аргентинада орын алған болатын.
Баршаға мәлім (бұл үшін тіпті арнайы статистикалық дерек іздеудің де қажеті жоқ) — Қазақстанда қазір қолданыссыз бос тұрған өндіріс ошақтары баршылық, бірақ оларды күрделі жөндеуден өткізіп, қалыпқа келтіру үшін айтарлықтай ұзақ уақыт қажет. Сол сияқты Қазақстанда қазір жұмыссыздық деңгейі біршама төмен. Бізде, сондай-ақ ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндерден құралған өзіндік еңбек армиясының резерві де болған, бірақ соңғы жылдары олардың саны екі есе қысқарып қалды деуге негіз бар.
Ресми органдардың дерегінде, 2024 жылдың ІІ тоқсанында еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ды құрағаны айтылған (Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесіне сай есептелген көрсеткіш, яғни онда табыс әкелетін жұмысы жоқ, белсенді түрде жұмыс іздеушілер саны ескеріледі). Ұлттық статистикалық бюро мәліметтерінше, биыл ІІ тоқсанда ел экономикасының әртүрлі салаларында 9 190,4 мың адам жұмыс істеп жатқаны тіркелген…
Олай болса, біздің елде дәл қазір кейнсиан моделін тиімді жолмен жүзеге асыру мүмкіндігін беретін алғышарттар жоқ деген сөз. Қазақстан үшін бүгінгі таңдағы маңызды бағыт — жеке инвесторлардың капиталын инновациялық қызметтерге тартуды ынталандыру және осы бағытта барынша ізденіп, жаңа тетіктер мен әдістерді ойлап табу дегенге саяды. Десек те, біздің елде қазіргі кезеңде бюрократиялық жалаң ұрандар мен совет заманынан жатталып қалған бұрынғы мантраларды қайталаудан өзге ештеңе болып жатқан жоқ тәрізді. Әлде біз қандай да бір өзгерістерді дұрыс танып, қабылдай алмай, түсінбей отырмыз ба?..
Қосымша мәлімет ретінде айта кетсек, кейнсиандық — бұл нарық тетіктері дағдарыс кезеңдерінде икемге келмей, сұранысты ынталандыруға мемлекеттің араласуына тура келетін жағдайдың қалыптасуын меңзейтін экономикалық теория. Яғни, мемлекеттік бағдарламалар сұраныс пен ұсынысты арттыруды ынталандыруға септік етуі тиіс, сөйтіп, экономика қарқынын өсіру мүмкіндігі қалыпқа келеді деген тұрғыда.