Жүгіру мәдениеті немесе әлеуметтік құбылысқа айналған тренд
Соңғы жылдары Қазақстанда салауатты өмір салтына және спортқа деген қызығушылық артып келед

Бұған айқын мысал – марафонға жүгіру мәдениетінің қарқынды дамуы. Жүгіру енді жай ғана спорт емес, ол қоғамды біріктіретін әлеуметтік құбылыс. Бұл мәдениеттің қалыптасуына бірнеше фактор ықпал етті, олардың ішінде Алматы марафоны мен басқа да ауқымды марафондар ерекше орын алады.
Forbes Kazakhstan әуесқой жүгірушілер – Еренғайып Қуатайұлы, Ляззат Құрманова, сонымен қатар триатлоншы әрі кәсіби жаттықтырушы Екатерина Шатнаямен сұхбаттасып, осы құбылыстың мәнін түсінуге тырысты. Сонымен, марафонға жүгіру, бұл – уақытша тренд пе әлде өмір салты ма?
Марафон және қайырымдылық
Марафонның шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі 490 жылы өткен Марафон шайқасымен байланысты. Аңыз бойынша, грек жауынгері Пайдииппид (кейде оны Фидиппид деп те атайды) Марафон жазығындағы гректердің жеңісін хабарлау үшін Афинаға дейін шамамен 42 шақырым жүгіріп өтіп, «қуаныңыздар, афиндықтар, біз жеңдік!» деген сөзді жеткізген бойда қайтыс болады. Бұл оқиға 1896 жылы алғашқы Олимпиада ойындарына марафон жарысын енгізуге негіз болған. 1908 жылы Лондон Олимпиадасында қазіргі 42,195 шақырымға жүгіру қашықтығы бекітілді. Бүгінгі таңда марафон – әлемнің түкпір-түкпірінде өткізілетін танымал спорттық шара және өзіндік төзімділік символы деуге болады.
Қазақстанда жүгіру мәдениетінің дамуына түрткі болған негізгі қозғаушы күш – Алматы марафоны. Алғаш рет 2012 жылы ұйымдастырылған бұл шара Қазақстандағы жүгіру қозғалысының катализаторына айналды. Бүгінде Алматы марафоны Орталық Азиядағы ең ірі спорттық оқиғалардың бірі ретінде кең танымал. Жыл сайын Алматы марафонына мыңдаған адам жиналып, елдегі жүгіру мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосуда.
«Жүгіруге деген қызығушылығым Алматы марафонындағы алғашқы тәжірибемнен басталды. Әлеуметтік желіде түрлі жүгіру шараларын көріп, мен де қатысып көрейін деген ой келді. Бірден 21,1 км қашықтыққа тіркеліп, жүгіріп өттім. Ал араға екі жарым жыл салып, тұрақты жаттығулардың арқасында 21,1 км қашықтықты 1 сағат 25 минутта жүгіріп өтетін болдым», - деп еске алады кәсіпкер Еренғайып Қуатайұлы. Оның жүгіруге деген қызығушылығы 40 жасында басталыпты, салмағын тастау мақсатында спортпен айналысқан кәсіпкер бүгін алты бірдей ірі марафонды (мэйжор) үш сағаттан аз уақытта жүгіріп шыққан жалғыз қазақстандық әуесқой. Бұл жарыстар Лондон, Бостон, Берлин, Чикаго, Нью-Йорк және Токиода өткізіледі.

«Мен жүгіруге 48 жасымда келдім және оның бірнеше себебі болды, - деп әңгімелейді өз кезегінде төрт баланың анасы Ляззат Құрманова. - Біріншіден, артық салмақ жинай бастадым. Екіншіден, спортпен шұғылдануға ерінетін кіші қызыма үлгі болғым келді. Қызыма тәртіп пен жігердің үлгісі боламын деп, оның үстіне мақсатымды нығыздай түспек оймен Алматы марафонының 10 шақырым қашықтығына жазылдым. Бұл қашықтықты құрбыммен бірге ақырын жүгіріп өткенім есімде. Маған сонда жүгіру күнгі атмосфера, мерекелік көңіл-күй, айналамдағы жігері тасып, көздері жанып тұрған адамдар қатты ұнады. Енді жүгіру мерекелерінен қалмауым керек деп шештім. Содан бері жүгіріп келемін».
Ляззат Құрманова бала кезінде жеңіл атлетикамен айналысып, орта қашықтықтарға жүгірген. Ал әуесқой жүгіруге балалары ер жетіп, өзіне уақыт бөлуге мүмкіндік болғанда келіпті. Оның айтуынша, әуесқой спорттағы әйелдерге өз хоббиімен толыққанды айналысу оңай емес. Отбасылық, аналық міндеттермен қатар, тұрақты жаттығуларға уақыт табудың өзі кәдімгідей күш-жігерді талап етеді. «Балаларымды оқуға, түрлі секцияларға тасып, олардың уақытын тиімді жоспарлауды үйреніп қалғандықтан, өзіме келгенде де тиімді уақыт менеджері бола алдым. Аптасына алты күн жүгіремін, кейде жолдасым жүгіруді отбасыңнан жоғары қоясың деп қалжыңдайды. Бірақ, әрине, олай емес. Мен де тәуліктегі 24 сағатқа бағынамын. Бірақ шынайы қызығушылық бар болса, оған қалайда уақыт табады екенсің», - дейді ол.
«Алматы марафонының сәттілігі оның әлеуметтік және қайырымдылық аспектілерінде», - деп есептейді Қазақстанның атақты триатлоншысы, жаттықтырушы бапкер Екатерина Шатная. Шынында да, Марафон арқылы жиналған қаражаттың бір бөлігі жыл сайын қайырымдылыққа бағытталады. Бұл – әлемдік тренд. Қазір «Run for Charity» (қайырымдылық үшін жүгіру) концепциясының қалай туындағаны туралы нақты бір мәлімет жоқ. Ол 1970-жылдары жаппай жүгіру жарыстарының танымалдығы артқан кезде өз-өзінен қалыптасып, пайда болған бастама. Бұл идея кеңінен таралған алғашқы ауқымды оқиғаның бірі 1981 жылы Крис Брасер мен Джон Дисли ұйымдастырған Лондон марафоны еді. Олар Нью-Йорк марафонының жетістігінен шабыт алып, қайырымдылық мақсатында қаражат жинауды марафонның құрылымына қосқан. Содан бері бұл тәсіл бүкіл әлемде қолданылып келеді. «Қатысушылар үшін бұл физикалық форманы жақсартудың ғана емес, сонымен қатар қоғамға өз үлесін қосып, айналасындағы адамдарды қайырымдылыққа қатысуға шабыттандырудың да бір жолы», - дейді Екатерина.

Ресми деректерге жүгінсек, соңғы 13 жылда Алматы Марафоны аясында 277 млн теңге көлемінде қаражат жиналып, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорттық инфрақұрылым құруға жұмсалыпты. «Өз басым, біз төлеген жарнаның қайда, қалай жаратылып жатқанын тұрақты түрде қадағаламасам да, жүгіру жарнасының қандай да бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалатынын жақсы білемін. Осылай тұрақты түрде қайырымдылыққа үлес қосуға мүмкіндігім болғанына қуаныштымын», - дейді кәсіпкер Еренғайып Қуатайұлы.
Марафон және экономика
Марафондар тек спорттық іс-шара емес, ол елдің экономикасына тікелей әсер ететін маңызды фактордың бірі. Туризмнің дамуы, қызмет көрсету салаларының көбеюі, инфрақұрылымның жақсаруы және қайырымдылық шаралары арқылы марафондар елдің экономикалық өсуіне де үлес қосады. Халықаралық деңгейдегі ірі марафондарға әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар мен жанкүйерлер келеді. Бұл, өз кезегінде қаладағы қонақ үйлер, мейрамханалар, туристік орындар мен басқа да қызмет көрсету салаларында экономикалық белсенділікті арттырады.

Ляззат Құрманова Алматыда толық марафонды (42,2 км) жүгіріп өткен соң араға тоғыз ай салып 2019 жылы қайта жүгіреді. «Алматыда марафон екі айналымнан тұрады. Алғашқы айналымда жартылай марафон қатысушылары мәреге жетіп жатса, саған осындай қашықтықты осы маршрутпен тағы бір жүгіріп өту керек. Әлі есімде, екінші айналымға шыққанда, тамағымды бір өксік қысты. Бәрін тастап кетіп қалғым да келді... Кейін Берлин, Лондон, Чикагода өткен марафондарға қатысып, трасса бойындағы қолдаудың қандай болатынын өз көзіммен көрдім. Алматыда толық марафон жүгіріп өтуге дайын жүгірушілер де, оларға лайықты қолдау көрсететін жанкүйерлер де әзірше жоқ. Бірақ бір күні оған да жетерміз», - деген сенімде Ляззат. Оның айтуынша, марафоншы үшін жүгіру өмір салтына айналғанда отбасының қолдауы өте маңызды: «2023 жылы жұбайымен бірге Дубайда 10 км қашықтыққа жүгіріп, сол жерде өткен Ironman жарысында отбасылық эстафетаға қатыстық», - дейді ол.
Әр жаңа жыл алдында барлық маңызды жүгіру жарыстарына тіркелетін Еренғайып Қуатайұлы қазір саяхатының бәрі жүгіру жарыстарымен байланысты екенін алға тартады. «Биыл Африкадағы Намиб шөлінде 250 шақырымды 57 градус ыстықта жүгіріп өттім. Оған қатысу жарнасы 4200 доллар болды, ал ұшақ билеті бір миллион теңгеге шықты. Сондай-ақ, Super Halfs сериясындағы Лиссабон, Прагадағы жарты марафондарды жүгірдім, қазанда Валенсиядағы жартылай марафонға қатысуды жоспарлар отырмын», - деп әңгімелейді кәсіпкер. Еренғайыптың таяу келешектегі мақсаты – қазақстандықтар сирек қатысатын ауқымды да іргелі жүгіру шараларына қатысу.
Марафонның қала экономикасына әсері 2023 жылы «Бірінші болу батылдық» корпоративтік қоры жүргізген «Almaty Marathon-ның Алматы қаласы экономикасына әсері» атты зерттеуінде жақсы көрсетілген. Зерттеу нәтижесінде Almaty Marathon-ға қатысқан мыңға жуық адамның 46%-ы екі күндік шара кезінде сауда жасағаны анықталған. Олар 16 800 АҚШ долларына (7,9 млн теңге) сауда жасаған. Айта кетерлік жайт, бұл соманың 39%-ын өзге қалалар мен елдерден келген қонақтар жұмсаған. 2023 жылы жүгіру жолына 44 елден 14 000-ға жуық әуесқой жүгіруші шыққан, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 26%-ға көп. Қатысушылар санының, әсіресе, шетелден келушілердің артуы қызмет көрсетушілердің табысын көбейтіп, жергілікті туристік индустрияның дамуына ықпал ететіні сөзсіз.
«Марафондар кезінде жергілікті кәсіпкерлер үшін де қолайлы жағдай жасалады. Спорттық киім-кешек сатушылар, тағам өндірушілер, медициналық қызмет көрсетушілер мен басқа да салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлер марафоншылар мен көрермендерге қызмет етіп, өз тауарларын сатуға мүмкіндік алады, - дейді Екатерина Шатная. - Жүгіруді қымбат та, қолжетімді етіп те жасауға болады. Ең бастысы – жарақаттың алдын алу үшін дұрыс кроссовка таңдау».
Бұл пікірмен Ляззат та, Еренғайып та келіседі. «Басында, әрине, түсінбейсің. Бірақ жүгіре келе, ең маңызды нәрсенің бірі – аяқ киімің ыңғайлы болғанын қалайсың. Кроссовка – кез келген жүгіруші үшін ең маңызды инвестиция. Дұрыс таңдалған кроссовкалар жарақат алудың алдын алуға және жаттығу кезінде жайлылықты арттыруға көмектеседі», - дейді Ляззат Құрманова.
Ал Еренғайып Қуатайұлы, қазір өзінде бір емес бірнеше жүгіру аяқ киімі бар екенін айтады: «Жолда жүгіруге арналған аяқ киім, трейл-жүгіруге арналған аяқ киім, жылдамдық үшін жеңіл аяқ киім, қыстық немесе суық ауа райына арналған аяқ киім деп әр түрлі жағдай мен мезгілге орай киілетін кроссовкалар болады. Сондықтан бұл еріккендік не сән қуу емес, жаттығуларыңның сапасына әсер ететін қажеттілік», - деп түсіндіреді ол өз таңдауын.
Қазіргі таңда Алматыда 20-дан астам жүгіру клубтары жұмыс істейді. Бұл клубтар жүздеген адамды біріктіріп, жүгіруді өмір салтына айналдыруға септік етіп жүр. Жүгірудің ең басты артықшылығы – оның қолжетімділігі. «Жүгіру үшін тек қолайлы аяқ киім мен ерік-жігер қажет», - дейді Екатерина Шатная. Оның сөзінше, Алматыдағы жүгіру жаттығуларына айлық абонемент 30 000-нан 50 000 теңгеге дейінгі аралықта.
«Қазақта «ораза намаз тоқтықта» деген тамаша сөз бар. Әдетте, менің жүгірудегі жетістіктеріме қарап, көп жігіттер кеңес сұрап жатады. Мен 32–33 жасымда кәсіпкерлікпен айналысып бастап, аяғыма 40 жасымда нық тұрғандай болдым. Жүгіруге де осы уақытта келіп, бүгінде әлемнің үздік старттарына қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Мен үшін жүгіру – үлкен шығын. Сондықтан жаттығуды серік етіп, аяққа нық тыруға тырысыңыз. Жүгіру старттары ешқайда қашпайды деп айтамын», - дейді Еренғайып Қуатайұлы.
Марафон және мәдениет
Қазақстанда жүгіру мәдениетінің қалыптасуы – бұл тек спорттық шаралар мен марафондар ғана емес, жаңа өмір салтын қалыптастырудың көрінісі де. Алматы марафоны және жүгіру клубтарының жұмысы қазақстандықтарды дене белсенділігіне баули отырып, қоғамның әлеуметтік және мәдени өміріне де өз әсерін тигізуде. Болашақта бұл үрдіс одан әрі дамып, еліміздегі спорт мәдениетінің ажырамас бір бөлігіне айналатыны сөзсіз.
Ашық көздегі деректерге сүйенсек, Алматы Марафоны бастау алған 2012 жылы оған 2500 адам қатысса, 2013 жылы олардың саны 5000-ға жетіпті. 2023 жылғы 1 ақпандағы мәліметке сай, марафонға әлемнің 44 елінен 14 000 адам қатысыпты. Ал биыл қыркүйекте өткен Алматы Марафонында әлемнің 56 елінен 15 600 адам қатысқан. «Қыркүйек марафонында 10 км қашықтықта менің жас категориям бойынша (50-59 жастағы) 98 әйел жүгіретінін көріп таң қалдым. Бұрын-соңды мұндай болмаған еді. Осының өзі қазіргі уақытта жүгірудің қаншалықты дамып жатқанын көрсетсе керек», - дейді Ляззат Құрманова.
Айтқандай, Нью-Йорк немесе Бостон марафондары сияқты ірі жарыстар аясында жүргізілген түрлі зерттеулерінде World Athletics ұйымы: марафонға қатысушылар саны әлем халқының шамамен 0,5-1%-ын құрайтынын көрсетеді. «Марафон, ол – тәртіп, яғни дисциплина және режим. Физикалық және психологиялық сынақ. Сондықтан 42,195 шақырым қашықтықты жүгіріп өтуге кез келген адам дайын бола бермейді», - дейді триатлоншы әрі жаттықтырушы Екатерина Шатная.
«Мен «супермен» емес, «өлерменмін» деп қалжыңдайтыным бар кейде. Маған өзімді сынаған, жаңа белестерді бағындырып, физикалық шегімді бақылап көрген ұнайды. Адам мүмкіндігі шексіз. Тек оған саналы түрде келіп, әр жеңістің артында ұзақ жаттығу жататынын ұмытпаған жөн», - деп түйіндейді өз кезегінде кәсіпкерЕренғайып Қуатайұлы.
Марафон туралы қызықты деректер
1. Қайырымдылық бойынша рекордшы шара.
Лондон марафоны әлемдегі ең ірі қайырымдылық марафонының бірі. 1981 жылдан бері қатысушылар әртүрлі қайырымдылық мақсаттарға 1 млрд фунттан астам қаражат жинаған. 2019 жылы бір марафонның өзінде 66 млн фунттан асып түсетін сома жиналған.
2. Ең ауқымды қайырымдылық марафоны.
Нью-Йорк марафонына жыл сайын қайырымдылық ұйымдары арқылы мыңдаған адам қатысады. Charity Partner бағдарламасы арқылы жыл сайын 40 млн доллардан астам қаражат жиналады. Мысалы, Team for Kids бағдарламасы балаларға арналған спорт пен білімді қолдайды.
3. Жаппай қайырымдылық көрсеткіші.
Чикаго марафонында қайырымдылық бағдарламасына 170-тен астам ұйым қатысады. Әр жылы 10 мыңнан астам адам әртүрлі әлеуметтік бастамаларды қолдау мақсатында марафонда жүгіріп, қайырымдылық үшін қаражат жинайды. Қайырымдылық үшін қаражат жинаған жүгірушілер көбінесе лотереясыз марафонға қатысу мүмкіндігін алады.
4. «Charity Bib» – арнайы тіркеу жүйесі.
Бостон және Берлин сияқты көптеген марафондарда «Charity Bib» деп аталатын арнайы тіркеу жүйесі бар. Марафонға жүгірушілер бұл жүйе арқылы қайырымдылыққа қаражат жинай отырып, жарысқа қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл жүйе танымал марафондарда шектеулі орындар болған кезде өте құнды.