ЖИ: 2028 жылға дейінгі 5 негізгі үрдіс
Қазіргі таңда кез келген компания үшін жасанды интеллектіні қолдану — таңдау емес, қажеттілік

Соңғы зерттеулерге сәйкес, ЖИ шешімдерін белсенді түрде енгізетін ұйымдар өз тиімділігін арттырып, бәсекелестік артықшылықтарға ие болады. 2030 жылға қарай ЖИ-дің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 15,7 трлн доллар шамасын құрайды деп болжануда. Осы жарыста тек ЖИ-ді уақтылы игеріп, оған инвестиция салғандар ғана жеңіске жетеді. Ал ЖИ-ден қалыс қалғандар өз орындарынан айырылып, тіпті бизнес сегменттерін жоғалтулары мүмкін. Бүгінгі мақалада соңғы зерттеулерге сүйене отырып, алдағы үш жылға қатысты ЖИ дамуының бес негізгі тенденциясын атап өткім келеді.
1. 2027 жылға дейін Жалпы жасанды интеллект (AGI) пайда болуы мүмкін
Бұрын жалпы жасанды интеллект (Artificial General Intelligence, AGI) алыс болашақтың жобасы деп саналса, қазір сарапшылардың болжамдарына сүйенсек, алғашқы AGI жүйелері 2027 жылдың өзінде пайда болуы мүмкін. «AI 2027» және «Стэнфорд ЖИ индексі 2025» есептерінше, 2027 жылдың наурыз-тамыз айлары аралығында AGI бағдарламалау мен ғылыми зерттеулер саласында «адам сенгісіз» деңгейге жетуі ықтимал. Бұл компьютерлік қуаттың күрт өсуі мен жаңа алгоритмдердің дамуы негізінде жүзеге аспақ.
2. Автономды AI-агенттер бизнес үдерістерін өзгерте бастады
Біз қазір автономды AI-агенттердің дамуының басында тұрмыз. Олар жоспарлап, шешім қабылдап, өздігінен әрекет ете алатын жүйелер ретінде бизнес үдерістеріне белсенді түрде еніп жатыр. Gartner болжамынша, 2028 жылға қарай күнделікті жұмыс шешімдерінің 15%-ын толықтай AI-агенттер қабылдайтын болады. Яғни, әдеттегі істердің көпшілігі өз шешімін табады деген сөз. Қазіргі қиындықтар мен ауқымды шығындарға қарамастан, бұл үрдіс тоқтамайды — AI-агенттер компания командаларының ажырамас бір бөлігіне айналуда.
3. Генеративті ЖИ — корпоративтік стандартқа айналады
PwC және Morgan Stanley компаниясының 2025 жылғы зерттеуінше, компаниялардың 78%-ы генеративті ЖИ-ді кем дегенде бір бизнес-процесінде қолданады. Генеративті ЖИ контент өндіру, маркетинг, бағдарламалық жасақтама әзірлеу және ғылыми зерттеулер салаларын түбегейлі өзгертуде. 2028 жылға қарай оның қолданылуы компаниялар үшін міндетті стандарт болады.
4. ЖИ — ЖИ жасай бастайды
AI саласындағы келесі бір төңкеріс: жасанды интеллект енді өзін-өзі жетілдіріп, адам араласпаса да жаңа модельдер жасай алады. AutoML сияқты автоматтандырылған құралдардың арқасында бұл процесс жылдамдап келеді. 2027 жылға қарай алдыңғы қатарлы компаниялар жаңа алгоритмдер мен жүйелерді әзірлеуді ЖИ-дің өзіне сеніп тапсырады деп күтілуде.
5. Қауіпсіздік, этика және реттеу мәселелері
ЖИ ықпалының өсуімен қатар тәуекелдер де артуда: Жасанды интеллектіні қолданумен кибершабуылдар, жалған контент жасау, биологиялық қауіптер сияқты жаңа сын-қатерлер де пайда болуда. 2027 жылға қарай бұл мәселелер күн тәртібіне енеді деп болжануда. Осыған байланысты әлем елдері ЖИ-ді реттеуге арналған жаңа заңдар әзірлеп жатыр, мысалы: ЕО-ның ЖИ туралы актісі, АҚШ-тың NIST AI Risk Management Framework құжаты. Жасанды интеллекті саласын реттеу және саналы басқару тақырыбы алдағы үш жылдағы ең маңызды тақырыптарының бірі болады деп күтілуде, ал бұл трендтерді елемейтін компаниялар кейін сан соғып қалуы мүмкін.
Сонымен, соңғы зерттеулерге сүйенсек, алдағы үш жыл ЖИ дамуының шарықтау шегі болмақ. AGI-дің пайда болуы, AI-агенттер мен генеративті ЖИ-дің кеңінен қолданылуы, автономды жүйелердің дамуы, қауіпсіздік және реттеу мәселелері — ЖИ қолданатын бизнес өкілдері осы негізгі бағытты назарда ұстағаны абзал.