Тәуекелге толы туризм бизнесі

Қазақстанда ішкі туризмнің дамуына қатысты түйткілді мәселе әлі де көп

Мәншүк Ықыласова
Мәншүк Ықыласова
Фото: жеке архивтен

Freedom Finance Global ұйымының мәліметінше, ел тұрғындарының 15 пайыз ғана өз демалыстарын Қазақстанда өткізеді. Ал 85 пайыз қазақстандық жылына бір рет болса да шетелге шығып, демалуды қалайды екен.

Отандық туризмнің дамуына қатысты бірнеше мәселені айтуға болады. Біріншіден, ішкі жол қатынасының сапасы нашар. Әуе қатынасының құны қымбат. «Атамекен» ҰҚКП сарапшыларының пікірінше, ішкі туризм нысандарының орталық қалалардан қашықта орналасуы жол қатынасына қатысты күрделі жағдай туғызады. Мысалға, бір ғана Алакөл жағалауына ұшақпен жетудің бағасы едәуір қымбатқа түседі. Ал Алматы — Үшарал бағытындағы автокөлік жолының құрылысы пайдалануға берілгенімен, әлі толық аяқталған жоқ, Үшаралдан ары, көл жағалауына дейінгі аралықтағы жолдың сапасы сын көтермейді. Сол сияқты Алматы — Мақаншы бағытындағы күре жолдың жағдайы төмен. Ал Астанадан Үржарға немесе Үшаралға көлікпен жету ел ішіндегі ең азапты жолдардың бірі ретінде қабылданады.

Қазір Алакөлдің шығыс және оңтүстік жағалауларында туристік маусым ашылып, демалушылар келе бастады. Жағажайға ең жақын екі әуежай Үржар ауылы мен Үшарал қаласында орналасқан. Алматы — Үшарал арасындағы әуе билетінің бір бағыттағы құны — 14 000 теңгеден басталады.

Мәншүк Ықыласова
Мәншүк Ықыласова
Фото: жеке архивтен

— Әрине, ішкі туризмнің дамуын бір ғана тасымалдау қызметі құнының жоғары болуымен байланыстыруға болмайды. Мұның себебі жеткілікті. Жақында Президенттің төрағалығымен туризмді дамыту жөніндегі кеңес өтті ғой, сонда негізгі себептер мен кедергілер айтылды. Бұл — қордаланған мәселе және ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген түйткіл. Жолдың нашарлығы мен ұшақ бағасының жоғарылауы соған кіреді. Және ол мемлекеттің араласуымен шешімін тауып келеді. Былайша айтқанда, туристік нысандар орналасқан аймақтардың әкімдерінің қолында тұрған шаруа.

Мысалы, Алматыдан Үшаралаға дейінгі ұшақ бағасын бұрынғы Алматы облысы субсидиялайтын. Қазіргі жағдайды білмеймін, бірақ, екі-үш жыл бұрын әкімдіктің өңірге турист тарту туралы жоспары болғаны анық. Билет бағасының шекті мөлшерден аспауын да назарда ұстаған еді. Ал Үржар бағытындағы ұшақ билетінің құнында мұндай бақылау болмады. Әсіресе, Астанадан қатынайтын ұшаққа қымбат болса да билет табу проблема болды. Сол тұста Алакөлдің арғы жағалауынан нысандарды жалға алып, туристік бизнеске қадам жасаған адамдарға кеңес берген едім, сондықтан бұл мәселені іштей білемін, сондықтан айтып отырмын, — дейді «R&C» халықаралық бизнес клубының сарапшысы, «Атамекен» компаниясының директоры Мәншүк Ықыласова.

Дегенмен, әуе қатынасындағы билет құнының қымбат болуы мен тапшылығы Алакөл жағасына асыққан туристің жолына тұсау бола алмасы анық. Демалушылар қатары азаятыны анық. Бұл жерде екінші мәселе, туристерге қызмет көрсетудің сапасы туралы сұрақ туындайды. Туризмді дамыту туралы кеңесте бұл жағдайға мән берілді. «Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, бұл салада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті туристер нөпірі артқанына қарамастан, курорттық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, азайып барады. Алакөл демалыс аймағының Жетісу облысы жағы мен Алматы тау кластері көш соңында келеді. Алакөлдегі қонақүйлер, отельдер мен туристік базалардың саны 24-ке, ал Алматыда 16-ға қысқарған. Соның салдарынан бюджет тұрақты салық түсімінен, ал өңірлер жұмыс орындарынан қағылып отыр» деді Тоқаев сол жиында.

Шын мәнінде, туристік қызмет көрсетумен айналысу тәуекелі жоғары бизнес қатарына кіріп отыр. Тағы да Алакөл жағалауындағы нысандардың жағдайын салыстырсақ, бұл бағыттағы жұмыстың іскерлігінен көрі, «жабайы» туризмге көбірек ұқсайтынын байқауға болады.

Мәншүк Ықыласова
Мәншүк Ықыласова
Фото: жеке архивтен

— Қалай дегенмен, туризмді дамытатын шағын және орта бизнес өкілдері екенін естен шығармайық. Бұл жерде табиғи фактор мен адам факторын ескеру керек. Жағажайдағы бизнес-кейспен жұмыс істеу барысында ұққаным, жағажайда қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлер маусым кезеңінде мейлінше аз шығын шығарып, мол табыс тауып қалуды көздейді. Кәсіпкерлікке қадам басқан адам әуелі істің бірден мол табыс әкелуін ғана емес, ұзақ мерзім бойы қызмет көрсетіп, қаржы табатындай тұрақты механизмге айналуын болжай білуі тиіс. Біздің еліміздің экономикасында мұндай табысты орталар жеткілікті. Алғашқы тәуекелден өтіп, нақты болжаммен ісін бастаған кәсіпкер аз қаржымен де табысты бизнеске қол жеткізетінін уақыт көрсетіп отыр. Тек, нақты бағытты адаспай таңдаған жөн. Тәуекелді жеңу дегеніміз осы.

Мысалы, Алакөлдегі демалыс маусымы 3 ай ғана. Кәсіпкер осы кезеңде салған қаржысын қайтарып үлгеруі керек. Яғни, жағажай туризміндегі сервистің дамуына табиғи фактор әсер етеді. Оның сыртында ғимаратты жалға алу, еңбекақы төлеу сияқты шығындардың артуы қызмет құнының қымбаттауына әкеледі. Екіншіден, Алакөл жағасында кәдімгі құтыдағы таза судың қымбат екеніне шағымданатындар көп. Оның себебі бар, жер шалғай болғандықтан эскпедиторлық жұмыс жолға қойылмаған. Сол сияқты электр жарығының тапшылығы асханалар жүйесінің жұмысына кедергі келтіреді. Өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптың сақталмауынан адамдардың өміріне қауіп төнген жағдайлар жиі қайталанады. Демек, бұл жердегі жауапкершілікті жеке кәсіпкер емес, сол аймақтағы атқарушы билік көтеруі тиіс.

Қазір іс бастағысы келетіндерге туризм саласындағы қызмет көрсету бағытын ұсынамын. Бұл бағытта әлі де көптеген бос орындар тұр. Мен өзім әйгілі Шарын шатқалына жақын ауылда туып, өстім ғой. Бала кезден шатқалға барған сайын «неге осындай қызықты демалыс орынында ішетін сусын, жейтін тамақ сататын орындар жоқ?» деп ойлайтын едім. Кәсіпкерлер қызметтің бұл түрін енді дамыта бастады. Еліміздің туристік әуелеті зор ғой, түбі бұл бағытта табысқа жеткен кәсіп иелері көптеп шығады, — дейді бизнес кеңесші Мәншүк Ықыласова.

Жалпы, жағажай туризіміне қатысты айтылған бұл проблема басқа бағытарға да тән деуге болады. Мәселен, Алматы облысы маңындағы тұмса табиғатқа бай орындарға келіп, қыдырушылар легінің артуы байқалған. Бірақ, сервистік қызмет көрсетудің нашарлығынан туристер бұл аймаққа сапарын бір реттен артық жалғастырмайды екен. Өкінштісі, аймақтағы Шарын шатқалы, Көлсай көлдері сияқты жұрт аяғы басылмайтын нысандарда қарапайым әжетхананың тапшылығы мен қоқыс тастайтын орындардың жоқтығы туристердің наразылығын туғызған жағдайлар кездескен. Жалпы, туризм тақырыбын көтеру мен оның мәселелерін теріп айту — тырнақ астынан кір іздеу емес, саланы дамытуға деген ықластан туған ниет. Өйткені, дүниежүзі туризмді табыс көзіне айналдырып, экономикалық табысқа қол жеткізіп отыр. Дерекке қарасақ, әлем елдерінің туризмнен тапқан табысы жалпы ішкі өнімнің 9 пайызын құрап отыр. Ал жұмыспен қамтудағы туризмнің үлесі 10 пайызға жетті.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте