Шығармашылық еркіндік алаңы

Креативті индустрияның негізгі валютасы – идея

Фото: © Сафият Берiк/Суретші Мөлдір Қарубайқызының арт-жобасы

Америкалық әнші Тейлор Свифт 2023 жылы Time журналы тарапынан «жыл адамы» деп танылды. Журналдың әншіні шорт-листке енген өзге де танымал номинанттар арасынан таңдап алуы бекер емес. Креативті индустрияның жарқын мысалы Тейлор Свифт өзінің The Eras Tour шарасы аясында (әлемнің жиырма елінде 146 концерті жоспарланған) 2024 жылдың тамызына дейін бір ғана АҚШ-тың өзінде жергілікті бизнеске 5 млрд доллар әкелуі мүмкін. Бұл – кейбір елдердің жалпы ішкі өнімінен асатын көрсеткіш. Креативті индустрия саласын XXI  ғасырдың мұнайы деп атайтыны да сондықтан шығар.

Экономиканың жаңа секторы

Медианы сараласақ, «креативті индустрия» және «креативті экономика» ұғымдары қатар қолданылады. Бірақ бұл саланы қалай атасақ та, қалың көпшілік үшін оның не екені әлі бұлыңғыр. Бұл терминді, әсіресе, индустриалды дәуірдің адамдары аса түсінбейді. Олар үшін экономика ауыл шаруа­шылығы, мұнай, құрылыс саласы сынды материалдық ресурстарға негізделуі керек. Өз кезегінде креативті индустрия («креативті экономика» не «білім экономикасы») – зияткерлік еңбектің нәтижесінде пайда болатын тауарлар мен қызметтерді сатуға негізделген экономиканың ерекше секторы. Бұл тұрғыдағы тауарлар мен қызметтерді өндіруде технологиялар мен инновацияның маңызы зор. Креативті индустриядағы басты ресурс – адамдар ойлап тапқан идея. Дәл қазір креативті индус­трияға қандай салалар кіретіні туралы әлем бойынша нақты анықтама жоқ. Бірақ оған мәдениетке қатысы бар салаларды түгел жатқызуға болады: музыка, театр, әдебиет, кино, сән, жаңа медиа, т.б.

«Креативті индустрия» термині 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында қолданыла бастады. 1994 жылы Австралия «Креативті ұлт: ынтымақтастықтың мәдени саясаты» (Creative Nation: Commonwealth cultural policy) атты баяндамасында мәдениет пен өнер саласының экономикалық әлеуетін ерекше атап өтті, сол кездің өзінде-ақ бұл салада 336 мыңға жуық адам жұмыс істеп, сала бойынша жылына 13 млрд доллар пайда түсіп тұрған. Жаһандық медиада «Креативті экономика» термині алғаш рет Нью-Йорктің Businessweek журналында 2000 жылы қолданылды. Ал 2001 жылы БҰҰ-ның креативті экономика жөніндегі консультациялық кеңесінің мүшесі және «Креативті экономика» еңбегінің авторы Джон Хокинс бұл ұғымның кеңірек таралуына үлес қосады. Оған сәйкес бұл – тек білім мен талантқа негізделген әрі интеллектуалды қызметпен байланысты экономика секторы. Ал оның негізгі валютасы – идея.

Қазір дамыған елдерде креативті белсенділік мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналған. Креативті салалардың ЖІӨ ішіндегі үлесі елеулі, мысалға, Австралияда – 5,7 %, Ұлыбританияда – 5,5 %, АҚШ пен Қытайда – 4,2 %, Италияда – 3,8 %, Германияда – 3,1 %. Еуропалық Одақта ұйымдар мен шығармашылық кәсіп өкілдеріне көмектесуге бағытталған Creative Europe бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл салада әлемдік көшбасшы болуға Ұлыбритания да ұмтылуда. Оңтүстік Корея креативті индустрия саласында көш бастап тұрған елдің бірі. 2009 жылы елде креативті контент агенттігі құрылды, ал 2012–2016 жылдары корей мәдениетінің экспорты 4,6 млрд доллардан 6,3 млрд долларға дейін өсті. PSY-дың «Gangnam Style» трегі, BTS тобы, «Паразиттер» фильмі әлемде Оңтүстік Корея музыкасына, драмаларына, тамағына қызыққан адам санын арттыра түсті. Бұл – ел экономикасының барынша өсуіне жағдай жасаумен қатар, әлемдік аренада оң көзқарас қалыптастырып, басқа елдермен мәдени және экономикалық байланыстарды дамытуға септік етуде.

132 елдің ішінде 81-орындамыз…

Қазақстанда креативті индус­трия туралы әр жылдары оқтын-оқтын айтылғанымен, оның нақты ауқымын түсініп білу мүмкін болмады. Алғашқы талпынысты 2018 жылы Қазақстандағы British Council ұйымы жасады. Ұйым Нархоз университетімен бірлесіп, «Қазақстандағы креативті индус­трияны карталау» атты зерттеу жүргізді. Оған сәйкес, Қазақстанда креатив саласында жұмыс істейтін 18 000 кәсіпорын бар екені анықталды (елде тіркелген заңды тұлғалардың жалпы санының 3,8 %-ы). Бұлардың басым бөлігі Астана (17 %) мен Алматыда (45 %). 2021-2025 жылдарға арналған креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасында Қазақстан үкіметі оған қатысты қызметтің 43 түрін белгілеп берді. Онда креативті индустрияның Қазақстанда жүйелі дамуына мемлекет тарапынан институционалдық көмек жасалады деген де ұстаным болды. Әйтсе де, әлем елдерінің креативті даму деңгейіне баға беретін Ғаламдық инновация индексінің (Global Innovation Index) 2023 жылғы рейтингінде Қазақстан 132 елдің ішінде 81-орынға жайғасыпты. Халықаралық сарапшылар еліміздегі креативті қызметтің жекелеген түрлерінің даму қарқынына төмен баға берген.

2023 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі», бірақ «Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған» деп айтты. Президент назары бұл салаға айтарлықтай серпін берді. Елімізде креативті индустрия тақырыбына арналған шаралар, конференция­лар, форумдар өткізіле бастады. «Зерттеуші ретінде мен осының бәрін бақылап отырып, креативті индустрия саласында қызмет көрсететін өндірістердің статистикасы жасалмайтынына, олар туралы ақпаратты ашық көздерден таба алмайтынымызға қынжыламын. Осы ретте, бес жылдан кейін мемлекет тарапынан жасалған көмектің қандай әсері болғанын қалай бағалаймыз?», – деп сауалдайды білім ордасындағы креативті индустрия орталығының негізін салушы Дана Шаяхмет.

undefined
Фото: © Сафият Берiк/Суретші Мөлдір Қарубайқызының арт-жобасы

Креативті индустрияның өкілдері өз шығармалары мен еңбектері арқылы елін әлемге танытуда. Мысалы, Димаш Құдайбергеннің фанаттары қазақша үйреніп, Қазақстанға арнайы саяхаттап келіп жатады. Бұл ел имиджін қалыптастыру үшін өткізілетін, мемлекет бюджетінен миллиондаған қаражатты талап ететін форумдарға қарағанда әлдеқайда тиімді. BulBul подкас студиясының негізін қалаушы подкастер Айсұлу Тойшыбекова, креативті индустрия өкілдерін саяси технология мақсатында пайдалану зиян деп есептейді. Оның пікірінше, мемлекет креативті кәсіпкерлерге инфрақұрылым жасағаны дұрыс. Өндіріс пен кеңселерге арналған қолжетімді кеңістіктер де маңыз­ды. «Әсіресе Алматыда, егер сіз мықты бастапқы капиталы жоқ жас кәсіпкер болсаңыз, жұмыс орнын табу және ұйымдастыру өте қиын әрі қымбат. Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеу­іші тізімін жаңартуға атсалысуымыз керек», – дейді ол.

Суретші Мөлдір Қарубайқызы да өзін креативті индустрияның өкілі ретінде сезінеді. «Менің шығармашылығым әлеуметтік маңызы бар тақырыптарға негізделген. Олардың басым бөлігі «Әйел» тақырыбын қамтиды: Қазақстандағы әйелдерге деген көзқарастың өзгеруі жайлы», – дейді суретші. Өзінің «Тамыр» атты воркшобы жайлы ол: «Постколониал кезеңде дәстүрімізді жаңғырттық та, ою салып кеттік. Ал отарсыздану кезінде не істеуге болады? Осы сұрақты ою бейнесіндегі тамыр арқылы көрсеткім келеді», – дейді. Бірақ Мөлдір мемлекет тарапынан көмек болғанын қаламайды, өйткені шығармашылық еркіндікке тұсау болуы мүмкін деп есептейді.

Суретші және текстиль дизайнері Ләйлә Жарқын жүннен текемет, сырмақ, перде, жамылғы, жастық, қоржын сынды дүниелер жасайды. «Әдетте сурет саласына маманданып шыққан түлектердің баратын жері жоқ. Басым бөлігі ұстаздық қызметке кетеді, кейбірі басқа саланы игеріп жатады, ал жеке шеберхана ашу үшін қаражат керек. Оның үстіне, біздің салада эйджизм бар. Суретші қанша жерден дарынды болса да, жас болса, оның танылып, мойындалуы қиын», – дейді ол. Креативті сала өкілдеріне мемлекет тарапынан қолдау болғанды Ләйла да құп көреді. Тек мұндай көмек шетелдік көрме, конференцияларға, арт жобаларға қатысуға, шетелде көрме өткізуге бөлінсе дейді: «Бұл – шабыт алуға, жаңа әдіс тәсілдермен танысуға, өзімізді танытуға зор мүмкіндік».

Ән мен әуенді, би мен өнерді поэзиямен ұштастырған Tauel(di)siz арт-жобасының продюсері Руслан Жұбаныш медиаконтент өндіретін кез келген адам креатив индустрияның өкілі болып саналады деген пікірде. Ол да өзге әріптестері сынды бұл индустрия­ға мемлекеттік көмек қажет деп есептейді. Бірақ бұл контент мазмұнына араласуға, ішкі, сыртқы цензураның орын алуына алып келуі мүмкін деп те қынжылады. «БАҚ саласымен параллель жасасақ, қазір мемлекеттік тапсырыс алатын медиада айтарлықтай еркіндік бар дей алмаймыз. Креативті индустрияда да осындай жағдай орнағанын қаламас едім», – дейді ол. Қоғамның өзекті мәселелерін көрсетіп, азаматтық позицияны қалыптастыратын арт-жобаның қазір өз көрермені, жанкүйерлері аз емес.

Зарина Баймусина «Айттым Сәлем!» қазақша сөйлесу клубының, «Ағын» жеке қазақ театрының негізін қалаушы. Былтыр ашылған бұл театрдың ерекшелігі – сахнада тек 18 бен 28 жас аралығындағы жас актерлер ойнайды. Олар театр әлемнің жауһарларын қазақ тілінде сахналайды. Орыстілді көрермен субтитрді телефон арқылы оқи алады. Ол үшін залда QR-код ілініп тұрады. Сөйлесу клубының қатысушылары театр қойылымын тамашалап, қазақша сөз қорын пысықтай алады. «Ұжымда бірнеше адамбыз. Оларды тұрақты ұстап отыру қаржылай өте қиын. Шығармашылық салада жұмыс істейтін адамдарға мемлекет тарапынан аренда, салық бойынша қандай да бір жеңілдіктің болғанын қалар едім», – дейді Зарина.

«Қазақстанда креативті индустрия ғана емес, креативті индустриядағы сабақтастық та бар», – дейді «Kazak bubble» жобасының авторы Бибарыс Сейтақ. Тіл біліміне арналған желідегі осынау ғылыми парақшада ана тіліміз ғана емес, жалпы тілдер туралы түрлі ғылыми ақпарат қарапайым тілмен жеткізіледі. «Маған қазақ тілінің жанашыры деген баға беріп, мақтап жатады. Шындығында бұл мен үшін ешқандай да комплимент емес. Мен қазақша контентті қазақ болғандықтан жасаймын. Қазақ тілі маған емес, мен оған зәрумін», – дейді ол. «Kazak bubble» әзірше аяғынан нық тұрып, өзін өзі қаржыландыруға жеткен жобаға айнала қоймады. Сондықтан Бибарыс та мемлекеттік қолдау креатив саласына өзіндік дем береді деп есептейді. «Таяқтың екі ұшы бар демекші, бір жағынан мемлекет қаржылай қолдаса дейсің, бірақ екінші жағынан оның құны контент мазмұнына ықпал ете ме деп ойланасың. Себебі, шығармашылық жұмыс еркіндікті жақсы көреді. Ал еркіндік болмаған жерде салаға қанша қаражат құйсаң да, жетістікке жету қиын», – дейді креативті индустрия өкілі.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте