Контенттен процеске дейін: цифрлық шешімдер білім сапасын қаншалықты арттыра алады
EdTech-тің негізгі мақсаты — технологиялық тұрғыда «бірегей» сервистер жасау емес, мектептің, мұғалім мен оқушының қажетіне жауап беретін, сапалы білімге қолжетімді болатын құралдарды дамыту
Bilim Group компаниясының бас директоры Александр Савченко осындай пікірді ұстанады. Біз сарапшымен жаңа технологиялар ауылдық мектептерге қандай мүмкіндіктер беретінін, жасанды интеллект мұғалімнің рөлін қалай өзгертіп жатқанын және қазақ тілінің технологиялық бағыттағы әлеуеті қандай екені жайлы сұхбат өрбіттік.
- Білім сапасы тұрғысынан қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтық әлі де сақталып отыр. Технологиялар бұл теңсіздікті азайтып жатыр ма?
Иә, білім беру саласындағы теңсіздік мәселесі әлі де өзекті. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда шамамен 8 мыңға жуық мектеп бар, соның 5 000-нан астамы ауылдық жерлерде. Кейбір шалғай ауылдарда ресурс пен инфрақұрылым шектеулі. Десе де бұл мәселені шешуге мемлекет те, жекелеген компаниялар да барын салып жатыр.
Біз цифрлық білім беру бағытын дамыта бастағанда, яғни осыдан 15 жыл бұрын, жағдай әлдеқайда күрделі-тін. Ол кезде сапалы цифрлық контент аз болды, әсіресе, қазақ тіліндегі материалдар жеткіліксіз еді. Біздің осы бағытқа келуіміздің басты себебі де шалғай өңірлерде оқитын балалардың сапалы білімге қол жеткізуіне жағдай жасау дегеннен туындады. Мысалы, жақсы жабдықталған қалалық мектептерде біздің шешімдеріміз оқу сапасын шартты түрде 5–20%-ға ғана арттыратынын байқадық. Ал әдістемелік материалдары жоқ, ресурсы шектеулі, мұғалімнің мүмкіндігі әлдеқайда төмен мектептерде дәл сол құралдар оқу процесін 2–3 есе оңтайландыра алатын. Міне осы кезде өнімдер тек технологиялық шешім емес, бүкіл жүйеге ықпал ете алатын құрал екенін түсіндік. Яғни технологияның көмегімен оқушылар мен мұғалімдер мектептің орналасқан жеріне, бастапқы жағдайына қарамастан, сапалы контентке бірдей қол жеткізе алады.
- Технологиялардың әсері қолданылатын ортаға байланысты өзгеретінін айттыңыз. Сіздіңше, оқу процесіне нақты пайда әкелетін технологиялық шешімдер қандай?
Технология мұғалімнің күнделікті жұмысына, мектептегі процестерді оңтайландыруға көмектесуі қажет. Егер цифрлық шешім мектеп өмірімен етене байланыспайтын болса, онда ол қаншалықты пайдалы немесе заманауи болса да, білім беру процесіне нақты әсерін тигізе алмайды. Мысалы, біз сапалы контент ұсынатын материалдар мен платформаларды әзірлеу бойынша өте көп жұмыс атқардық, бірақ уақыт өте олардың білім беру процесіндегі мәселелерді толықтай шеше алмайтынын байқадық. Мұғалімде сабақтан бөлек, оқушымен жұмыс бар, сабақ кестесі, есеп беру, ата-анамен байланыс сияқты жүктеме көп. Егер цифрлық шешімдер осы процестің табиғи бөлігіне айналмаса, олардың әсері шектеулі болмақ. Осы бағытта біз бірқатар шешімдерді дамыттық. Мысалы, BilimClass электрондық күнделігі әрі журналын еліміздің 12 өңіріндегі мектептер тегін қолданады. Бұл құрал сабақ кестесі мен журналдан бөлек, мониторингтік қызметті де атқарады. Педагог пен мектеп әкімшілігі І тоқсанның өзінде-ақ деректерге сүйене отырып, қандай әдістемені күшейту керегін, қай жерде оқушыларға қосымша қолдау қажет екенін көре алады.
Сонымен қатар пандемия кезінде ерекше қарқынмен дамыған BilimLand, OnlineMektep өнімдері де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Біз контентті үнемі жаңартып отырамыз, өйткені ресурсы шектеулі, әсіресе, ауылдық мектептерге мұндай платформалардың көмегі зор.
- Бүгін білім беру саласындағы қандай процестер технологиялық қолдауға көбірек мұқтаж?
Білім беру жүйесіндегі қағазбастылық мәселесі бар. Оған оқытушылар да, әкімшілік те, ата-аналар да көп уақыт, көп ресурс жұмсайды. Ал технологияның басты міндеттерінің бірі — бірізді процестерді автоматтандыру. Мысалы, біз 2018 жылы SmartNation экожүйесін іске қостық. Бұл жоба білім беру саласындағы процестер мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға және автоматтандыруға көмектеседі. Мектепке, балабақшаға немесе жұмысқа қабылдау сырт көзге қарапайым көрінеді, бірақ іс жүзінде артық әрекетке толы. Біз осы процестерді қайта ойластырып, барлық тарапқа түсінікті, ашық әрі жеңіл болатын жүйе қалыптастырдық. Қазіргі таңда SmartNation Қазақстанның түрлі өңірінде 20-дан аса қызмет ұсынады, ал қолданушылар саны 6 миллионнан асады. Сондықтан бұл салада білім беру процестерін түсінікті, ашық, тиімді әрі қауіпсіз жүзеге асыратын жүйелер көптеп қажет.
— ЖИ мұғалімнің жұмысына да елеулі өзгерістер енгізуде. Мұндай құралдар педагогтің рөлін қаншалықты өзгерте алады?
ЖИ мұғалімді алмастыра алмайды. Керісінше, педагогтің рөлі арта түспек. Ұстаздың жүктемесі қаншалықты ауқымды екенін жақсы білеміз. Ал ЖИ-дің көмегімен контентті бейімдеу, әр оқушыға арналған жеке оқу қарқыны сияқты академиялық тәсілдер әлдеқайда тиімді шешілуі мүмкін. Бұрын жеке оқу форматы тек репетиторлар мен менторлар арқылы ғана мүмкін болатын әрі қымбатқа түсетін. Қазір технологиялар бұл тәсілді жаппай қолжетімді етуге жол ашты. Біздің ойымызша, ЖИ-дің білім берудегі басты әлеуеті — қолжетімділік пен мүмкіндіктерді арттыру. Әсіресе, шалғай орналасқан, ресурсы шектеулі мектептер үшін бұл өте тиімді.
— Қазір Қазақстанда педагогтерге арналған ChatGPT EDU жобасы іске қосылып жатыр. Мұндай бастаманың мұғалімдер үшін практикалық маңызы неде?
Иә, бұл жобаға біз де технологиялық серіктес ретінде қосылдық. Жобаның мақсаты мұғалімдерге ChatGPT құралын қолжетімді ету ғана емес, педагогтерді осы құралды дұрыс әрі тиімді қолдануға үйрету. Әдістемелік құралдар беріп, академиялық адалдықты сақтауға көмектесетін тәсілдерді көрсету.
Қазақстанның OpenAI-мен жасасқан меморандумы аясында ChatGPT EDU бойынша 165 мың лицензия ұсынылмақ. Бұл құралды біздің BilimClass арқылы таратып, мүмкіндігінше көп педагогті қамтымақпыз. Біз үшін маңыздысы — мұғалімдер ЖИ-дің практикалық құндылығын көріп, кейін осы тәжірибені оқушылар мен әріптестеріне бөлісе алуы.
— Қазақ тілін технология тілі ретінде дамыту қиын деген пікір бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады және сіз қазақ тілінің бүгінгі әлеуетін қалай бағалайсыз?
Мұндай пікір бары рас, бірақ ол көбіне тілдің өз мүмкіндігінен емес, цифрлық ортадағы дайын контент пен деректің көлеміне байланысты қалыптасады. Кез келген тілдің технологияда қалай жұмыс істейтіні оның цифрлық кеңістікте қаншалықты жүйелі қолданылып отырғанына байланысты.
Біздің алғашқы жобаларымыз дәл осы мәселені шешуге бағытталды. Топтың негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлының бастамасымен қазақ тілінің цифрлық ортадағы қолданысын арттыруды басты мақсат етіп алдық. Осы жолда қазақ тіліндегі контентті көбейту, соның ішінде қазақша Wikipedia-ны дамыту, Google аудармашыға қазақ тілін енгізу бойынша көп жұмыс жасалды. Сол кезде интернетке жүйелі түрде енгізілген қазақша контент ЖИ құралдарының қазақ тілімен анағұрлым жақсы жұмыс істеуіне ықпал етті. Қазір сол жұмыстың жемісін көріп отырмыз. Қазақ тіліндегі контенттің артуы, оны жүйелеу және білім беру саласына бейімдеу ЖИ шешімдерінің сапасына да тікелей әсер етеді. Біз үшін қазақ тілін технологияда дамыту қосымша бағыт емес, стратегиялық басымдық.
ЖИ-ді білім беру саласына енгізу кезінде де тілдік контекстті ескеру маңызды. Бұл бағыттағы жұмыс, соның ішінде педагогтерге арналған ChatGPT EDU жобасы аясындағы тәжірибе, қазақ тілінің ЖИ дәуіріндегі әлеуетін одан әрі арттыра түседі деп сенеміз.