Ғылымдағы жаңа тренд — сутегі

 Климаттың өзгеруі мен энергия қауіпсіздігі мәселелері аясында жаһандық назарда тұрған болашағы зор, таза энергия көзінің бірі — сутегі. Бұл бағыттан Қазақстан да шет қалмай, сутегі энергетикасын дамыту арқылы төмен көміртекті болашаққа қадам басуға әрекет етуде

Фото: архив пресс-службы Svevind Energy GmbH

Сутегі бірнеше экологиялық тәсілмен өндіріледі: жасыл сутегі — жаңартылатын энергия көздерінен, көк сутегі — табиғи газдан, қызғылт сутегі — атом энергетикасынан, ал ақ сутегі — жер қойнауынан табылатын табиғи түрі. Бұл тәсілдердің әрқайсысы Қазақстан үшін технологиялық бейімделу мен энергетикалық әртараптандыру мүмкіндіктерін ұсынады. Шикізаттың бұл түрін тек энергетикада ғана емес, ауыл шаруашылығында, мұнай және газ химиясында, көлік, өнеркәсіп салаларында кеңінен қолдануға болады.

Соңғы жылдары Қазақстан сутегі энергетикасын дамытуға стратегиялық маңыз беріп отыр. 2024 жылғы 27 қыркүйекте Энергетика министрлігі 2030 жылға дейінгі сутегі энергетикасын дамыту тұжырымдамасын бекітті. Бұл — елімізде осы салаға арналған алғашқы ресми құжат. Оған сәйкес, 2030 жылға қарай жылына 25 000 тонна сутегі өндіру, оның кемінде 50%-ын жасыл сутегіге айналдыру көзделген. Сондай-ақ, сақтау қоймаларын салу, сутегі құю станциялары желісін кеңейту, экспорт пен кадрлық әлеуетті дамыту жоспарланған.

Қазіргі таңда құқықтық және техникалық негізді қалыптастыру үшін арнайы техникалық комитет құрылып, ұлттық стандарттар әзірленуде. 2024 жылдың 1 шілдесінде Қазақстан ISO стандарттарына негізделген алғашқы үш ұлттық сутегі стандарттарын жария етті. Олар сутегі отынының сапасы, қауіпсіздік талаптары және отын элементтері технологияларына қатысты техникалық регламенттерді қамтиды.

Дәл қазір Қазақстанда бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Маңғыстау облысында қолға алынған Svevind Energy компаниясының Hyrasia One жобасы жылына 2 млн тонна жасыл сутегі өндіруді көздейді. Green Spark компаниясы жасыл сутегі өндірісі бойынша алғашқы пилоттық жобаны жүзеге асырып, маңызды қадам жасады. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес ұйымы ҚМГ Инжиниринг ЖШС негізінде 2022 жылы алғашқы сутегі бойынша құзыреттілік орталығын (қазіргі Баламалы энергетика департаменті) және Атырауда сутегі технологияларын зерттеу зертханасын құрды. Халықаралық серіктестік орнату мақсатында 2023 жылы Астанада Германияның сутегі дипломатиясы кеңсесі ашылды. Ғылыми зерттеулерге Назарбаев Университеті, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті, Сәтбаев университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті және Ұлттық ядролық орталық белсенді түрде үлес қосумен қатар, сутегінің өндірісі, қауіпсіздігі мен қолдану бағыттарын зерттеп, ғылыми әлеуетті нығайтуда.

Күн мен жел ресурстарына бай Қазақстанның табиғи газ қоры мен транзиттік әлеуеті сутегіні өндіріп, экспорттауға қолайлы жағдай жасай алады. Бірақ су тапшылығы, технологиялар, инфрақұрылым жетіспеушілігі, қоғамда жеткілікті ақпараттың болмауы сынды кедергілер де бар. Бұл мәселеде саяси бағытты бекітіп, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен жеке секторды қолдау, инвестициялық жағдайды жақсарту, кадрларды даярлау аса маңызды.

Қорытындылай келе, Қазақстанда сутегіні енгізу — толық мүмкін. Ол елдің энергетикалық саясатын жаңғыртып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға, экологияны жақсартуға және халықаралық беделін арттыруға елеулі үлес қоса алады деп есептейміз.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте