Депозит нарығы
Қазақстанда қаржыны теңгемен сақтау тенденциясы байқалады

Кәсіпкер Балым Асқарқызын «сериялық кәсіпкер» деп атаса болады, ол осыдан 30 жыл бұрын орта және шағын бизнес саласында жұмыс істеп бастап, тауар нарығы, қызмет көрсету салаларында бірнеше кәсіп ашқан. «Алғашында кәсібіңді шайқамай, тепе-тең ұстап, тұрақты жұмыс істеуін күйттейсің, кейін машықтанған соң сол кәсібіңді иә кеңейтуді, иә жаңа салаға көз салып, соны игеруге қаржы салуды ойлайсың. Бұл — кез келген кәсіпкердің жолында көрініс беретін таңдаудың бірі», — дейді Балым.
Әрине, тапқан қаржысын сақтап қана қоймай, оны көбейтудің жолдарын іздеу де кәсіпкер үшін заңдылық. Бұл тұрғыда Балым Асқарқызы бастапқыда қаржы көзін ұлғайтудың бір жолы — жылжымайтын мүлікке қаржы салу деп шешкен. Алайда соңғы жылдары ол өз қаржысын банк депозитіне салуды тиімді деп тапқан. «Жылжымайтын мүлік актив ретінде жақсы, бірақ салынған қаржы пассивті актив ретінде тұрады, оның амортизациясы тағы бар. Мүліктің ақша табуына мүдделісің, бірақ оның әурешілігі көп. Ал депозитке салынған қаржыңды банк жұмысқа салады әрі кепілдендіру сомасы да жылдан жылға көбейіп келеді», — дейді кәсіпкер.
Салымшыға талас басталды ма?
2024 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы отандық банктерге сеніп тапсырған депозит көлемі 24,5 трлн теңгеге жеткен. 2024 жылы депозит нарығы алдыңғы жылмен салыстырғанда 20,3%-ға өскен болса, оның құрамындағы теңгелік депозиттердің үлесі 17,4%-ды, валюталық депозиттердің үлесі 2,9%-ды құраған. Бұл — Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры мен «Elim» маркетингтік және әлеуметтік-зерттеу институты бірлесіп 2024 жылы ел бойынша жүргізген кең ауқымды әлеуметтік зерттеу нәтижелерінің ақпараты. Осы зерттеуге қатысқан 4000 респонденттің 62%-ы — қала, 38%-ы — ауыл тұрғындары. Респонденттердің 80%-ы отбасылы болса, соның 33%-ы екінші деңгейдегі банктерде депозиттері барын айтқан. Депозит ашқан ерлердің үлес салмағы 49%, әйелдердің көрсеткіші 51%, демек, гендерлік тұрғыда екі топтың үлес салмағы бойынша айтарлықтай айырмашылық жоқ.
Депозиті бар қазақстандықтар өз салымын негізінен оның жоғары пайызына бола ашқан және депозит таңдауда қаржыны шоттан оңай шешіп, оңай толтыра алатындығы негізгі фактордың бірі болған. Банктердегі бонус, кэшбек секілді бағдарламалардың болуы да шешуші рөл атқарған. Депозит ашудағы негізгі себептер қатарында: жинақталған ақшаны болашақта «қауіпсіздік белдігі» ретінде пайдалануға, жылжымайтын мүлік сатып алуға, балалардың білім алуына және болашағын қамтамасыз етуге қолдану үшін дегендей пікірлер айтылған.
Еліміздің депозит нарығындағы тағы бір маңызды жаңалық — Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ)2025 жылдың 1 наурызынан бастап жеке тұлғалардың банктердегі депозиттеріне қатысты шекті мөлшерлі ставкаларды жариялауды тоқтатып, оның орнына нарықтық ставкалар туралы жариялай бастады. Қор мұның себебін депозит нарығындағы либералдық ұстанымымен байланыстырады.
Еске сала кетсек, 2008 жылдан бастап депозиттерге кепілдік беру қоры екінші деңгейдегі банктердің депозит тартудағы шекті ставкаларын өзі бекітіп беретін: бұл жеке тұлғалардың теңге түріндегі де, валюталық депозиттеріне де қатысты еді. Ал 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ҚДКБҚ моделі бойынша банктер жақсы капиталдандырылған және капиталдануы төмен деп жіктеліп, шекті ставкалар тек капиталдануы жақсыдан төмендеу банктерге қатысты белгіленді. «Өйткені олар өтімділік тәуекеліне шалдыққыш және сәйкесінше басқыншы депозиттік саясат жүргізуге бейім келеді», — деп көрсетті өз ақпаратында ҚДКБҚ.
Ал арада бір жыл өткен соң, яғни «банктердің басым бөлігі жеке тұлғалардың депозиттері бойынша ставкаларды бір жылдан аса өз бетімен белгілейтін болған соң», Қор капиталдануы төмендеу банктер үшін де шекті ставканы алып тастады: «нарықтағы барлық ойыншылар үшін бірдей жағдай жасау үшін». Салымшылардан депозит ретінде тартылатын қаржы банктер үшін маңызды қаржыландыру көзі екенін ескерсек, бұл қисынға сай шешім. Естеріңізде болса, кезінде зейнетақы қорларының арасында да болашақ зейнеткерлердің салымын өз басқаруына алу үшін осындай бәсеке жүрген еді.
ҚДКБҚ мөлшерлі ставкаларды барлық банктер бойынша әлі де бекітеді, бірақ, ол міндеттеме емес, ұсыныс ретінде сақталады. Қордың бұл шешімі банк нарығында қызу бәсекеге алып келген секілді: қазір банктер арасында депозит мөлшерін арттырып, клиенттерді өз жағына барынша тартуға негізделген өзіндік «жарыс» басталғаны байқалады. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры сайтындағы ақпаратқа жүгінсек, 2025 жылдың 1 наурызына қарай банк клиенттерінің салымдары отандық банк секторы міндеттемелерінің 80%-ын құраған.

Экологиялық пайызы бар депозит
Ұлттық компанияларда, банк және қаржылық құрылымдарда, оның ішінде ҚР Ұлттық Банкінде қызмет еткен экономист Руслан Асамбаевтың пікірінше, қазақстандық банктер мен қаржылық ұйымдардың депозит түрінде салымшылардан 40 трлн теңге депозит тартқаны елеулі көрсеткіш, бұл — елімізде қаржы жинақтау тренді алға шыққанын көрсетеді, ал банк депозиті қаржы жинақтаудың ең қарапайым түрі. «Бұл көрсеткіштің өсуі өте маңызды, себебі, бір жағынан, біз ел тұрғындарының кредитке батып қалғанын көреміз. Экономикалық белсенді, жұмыс істейтін 9,2 млн халықтың 7 млн-ға жуығы тұрақты түрде тұтынушы кредиттерін алады. Бұл қазақстандықтар қаржы үнемдеуге бейім емес дегенді көрсетсе керек. Қаржыны үнемдеу маңызды. Ал оны үнемдеп, сақтап әрі көбейтуде банк депозиттері маңызды рөл атқарады», — дейді сарапшы.
Нарық ішіндегі басқа тенденцияларға көз салсақ, шетел валютасы түріндегі депозит 22,7%-ды құрайды екен (ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегі бойынша), демек, салымшылар теңгеге көбірек сенеді деген сөз. «Теңге түріндегі депозитті кепілдендірудің 20 млн теңгеге жетуі салымшыларды қанаттандыратын факті. Теңге депозиті бойынша ең жоғары ставка 17,5%-18% төңірегінде. Алайда инфляцияның 10%-ға жетіп қалғанын ескерсек, бұл соншалықты жоғары үстеме емес. Бірақ өзге балама салымдарды іздеуде де абай болған жөн. Жоғары пайыздың соңынан жүгірудің қажеті жоқ. Қазір нарық ішінде қауіпті схемалар жетіп артылады, фишингтен бастап, интернеттегі алаяқтар қазақстандықтарды жоғары пайызбен пайда әкелетін жобаларға қаржы салуға үгіттеп, кейіннен жиған-тергенінен айырып, құқық қорғау органдарынан бір-ақ шығарады. Сондықтан қазақстандықтарды барынша сақ болып, кез келген инвестициялық салымды барынша тексеруге кеңес беремін», — дейді Руслан Асамбаев.
Global ESG Partnership коммерциялық емес холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы Айдар Қазыбаев экономика, қаржы саласында тәжірибесі бар сарапшы. ҚР экономикалық даму және сауда министрлігінде, ҚР Ұлттық Банкінде қызмет еткен ол қазір тұрақты даму және «жасыл қаржыландыру» бағдарламаларымен айналысады.

«Менің жеке өзім үшін депозиттің жоғары пайызы емес, банктің тұрақтылығы, оның сенімділігі маңызды. Өз бизнесім мен салық тәртібіне жауапкершілік алған адам ретінде маған қаржылық резервімнің болуы маңызды, оның үстіне ұлттық валютаның аумалы-төкпелілігі депозит ашуға әсер етеді, қанша дегенмен, «қаржылық көпшік» керек. Оның үстіне, жеке тұлғалар үшін теңге түріндегі депозит ставкасының инфляция деңгейінен екі есе көп болуы да маңызды рөл ойнайды. Демек консервативті салымшылар үшін теңге түріндегі депозит қолайлы», — деп түсіндіреді сарапшы.
Айдар Қазыбаевтың айтуынша, қазір Қазақстанның депозит нарығы қарқынды дамып келеді, банктер әртүрлі депозиттік бағдарламалар енгізіп, клиент базасын кеңейтумен айналысуда. Ол сондай-ақ, ғаламдық деңгейде қолданысқа түскен қаржы-қаражат жинақтау құралдарына да тоқтала кетті.
«Әлемдік банк тәжірибесінде ESG саясаты мен стратегиясын енгізуге байланысты ерекше өнімдер енгізілуде, олар дәстүрлі депозиттер ауқымынан кеңірек. Мәселен, «DBS Indonesia» банкі «Ағаштарды сақта» деген экологиялық бастама көтерді. Оған сәйкес банк клиенттері «экологиялық» пайызы бар депозит аша алады. Салымның белгілі бір бөлігі ағаш егуге жұмсалады. Әр клиент «өз» ағашының GPS-координаты бар сертификат ала алады. Бұл болашаққа деген инвестиция ғана емес, климаттың өзгеруі жолындағы күреске қосатын үлес. Жапондық The Shinkin Central Bank фермерлерге арналған «Koshihikari rice» деген бағдарлама енгізген, ол бойынша клиенттер депозит шотына күріш әкеледі, ал банк оны сақтап, нарыққа шығарады. Депозит мерзімі аяқталғанда, клиент күріш бағасының өсіміне сай ақша немесе күріштің өзін қайтара алады. Бұл аграрлық аймақтар үшін ерекше шешім болған», — дейді ол.
Сол сияқты Испанияның Santander банкі «Supercuenta Experiences» атты бағдарламасын іске қосып, оны таңдаған клиенттеріне кәдуілгі пайыздардан гөрі ерекше тәжірибе сыйлауды жөн көріпті, мысалға, концерт немесе саяхат билеттері түрінде, тіпті, шеберлік сабақтарына жолдама да ұсынылған. «Клиенттер ұзақмерзімдік депозиттің пайызынан гөрі Валенсияда өтетін фестивальге билет немесе испан асын дайындап үйренетін курсқа жолдама алуға қарсы болмаған. Ақшаны инвестициялауда әлем банктері осындай эмоцияға толы шешімдерді қолданудан да бас тартпайды әрі бұл шешімдер банктерді клиенттерге жақындата түседі. Әрине, бұл бағдарламалар орнықты даму жолына түпкілікті бет алған қаржы ұйымдарына тән екенін ұмытпайық», — дейді сарапшы Айдар Қазыбаев.