100 мың жасты жұмыспен қамту мүмкін бе?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жыл сайын елімізде 150 мыңға жуық жас маман ЖОО тәмамдайды. Президент тапсырмасынан кейін оның үштен екі бөлігі жұмыспен қамтылады дейік, бірақ сол 100 мың жастың барлығы жас түлек пе?

ФОТО: © pixabay.com/Surprising_Shots

2022 жылдың 1 қыркүйегінде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек...» деп көрсетті. Бірақ отандық еңбек нарығы 100 мың жасты жұмыспен қамтуға дайын ба?

Дәулет Мұқаев
Дәулет Мұқаев

Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Дәулет Мұқаев бұл тапсырма толыққанды орындалатынына күмән келтіреді.

«100 мың жасты жұмыспен қамтуға болады дегенге өз басым күмәнмен қараймын. Себебі қазір елде жұмыссыздық өршіп тұр. Жастарды жұмыспен қамту үшін бізде көп зауыт, фабрика ашылу керек. 30 жылдық тәуелсіздік тарихында біз жаңа өнеркәсіп ашпақ тұрсын, жұмыс істеп тұрғандардың біразын жауып алдық. Бізде ашылып, артынша ізін суытпай, жабылып қалған кәсіпорындар бар. Мәселен, Ақтаудағы планшет зауыты, шыны зауыты, Қарағандыдағы ұшақ зауыты. Біз не ашпадық?! Ал олар жабылып қалған соң жұмыссыз қалғандарды жұмыспен қамту мәселесі тағы бар», - дейді ол.

Өз кезегінде экономист Бауыржан Ысқақов, керісінше, Қазақстанның мүмкіндігі 100 мың жаспен шектелмейтінін алға тартады.

«Біздегі еңбек нарығы жыл сайын 100 мың жасты жұмыспен қамти алады. Импортты 60–70%-дан 15%-ға азайтып, отандық компаниялардың ішкі сұранысты қанағаттандырудағы үлесін 70–80%-ға дейін әкелсек, онда жыл сайын 100 мың емес, 300–500 мың жасты жұмыспен қамту қауқарымыз бар. Ол үшін мемлекеттің импортқа тәуелділік саясатынан арылу керек. Сонда импортқа кетіп жатқан қаражат елде қалады. Сол арқылы біз еңбек нарығын тиімді етіп қалыптастыра аламыз», - дейді сарапшы.

Рахима Махмудова
Рахима Махмудова

Ал Қазақстанның еңбек нарығындағы қазіргі жағдайға сай, бізде «бір жұмыс орнына үш адамнан» келеді. Мұндай статистикамен HeadHunter Қазақстан компаниясының маркетинг және PR менеджері Рахима Махмудова бөлісті.

«Ай сайын hh.kz сайтында 40 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланса, 2022 жылдың басынан бері 300 мыңға жуық бос жұмыс орны туралы мәлімет бар. Қазір hh.kz сайтында 3,3 млн үміткер тіркелген, олардың 34%-ы 22 жасқа дейінгі жастар. Жұмыс берушілерден түсетін ұсыныс пен өтініш берушілердің белсенділігі тең дәрежеде. Орташа алғанда бір жұмыс ұсынысына 3 адамнан келеді», - дейді маман.

Дегенмен, Қазақстан заңнамасы бойынша 29 жасқа дейінгі азаматтар – жастар, жас мамандар санатына жатады.

Басты кедергі – еңбек өтілінің болмауы

Бауыржан Ысқақов HeadHunter Қазақстан маманы дерегіндегі 22 жасқа дейінгі жас маманның неге 1 122 000-ы жұмыс іздеп жүргенін былайша түсіндіреді: «Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі бізде, әсіресе, ЖОО түлектеріне қатысты. Әдетте жұмыс берушілер «еңбек өтілі жоқ» деп оларды жұмысқа ала бермейді. Сондықтан университеттермен арнайы келісімшартқа отырып, 3–4 курс студенттері үшін дуалды білім беру жүйесін енгізу керек – студенттер 3 курстың ортасында не 4 курста өз мамандығы бойынша жұмысқа кірісіп, өндіріс орындарында тәжірибе жинақтай алатындай. Студент оқып жүріп, еңбек өтілін жинайды не сол кәсіпорында тұрақты жұмысқа қалады. Мысалы, IT маманы 4 курстан бастап, ұлттық не жеке ірі компанияда тәжірибеден өтіп, сонда әрі қарай жұмыс істеуі мүмкін. Мемлекет студенттерді жұмыспен қамтитын не оларға жұмысқа орналасуға мүкіндік беретін, бәсекеге қабілетті, білімді жастарды дайындайтын университеттерге назар аударуы керек. Кәсіпорындар мен университеттердің арасында тығыз байланыс болуы керек».

Өз кезегінде Дәулет Мұқаев та жастар арасындағы жұмыссыздықтың бір себебі «еңбек өтілі мәселесіне келіп тіреледі» деп отыр: «Жастар деген заң жүзінде 29 жасқа дейінгі мамандар, оларды жұмысқа орналастыру үшін еңбек өтілі талап етіледі. Дипломын жаңа алған жас маман еңбек өтілін қайдан алады? Қиын мәселе... Бізде, әрине, жастарды жұмыспен қамту орталығы бар. Бірақ оған көп жас бара бермейді, өйткені ұсынылатын ақша мардымсыз. Айналып келгенде, жастар не таксист болады, не алып сатарлықпен айналысады. Ал «жастар практикасында» 120 мың теңге (40АЕК) беріледі. Оның 20%-ға жуығы салыққа кетеді. Сонда жастардың алатыны 90–98 мың теңге ғана».

Бауыржан Ысқақов
Бауыржан Ысқақов

Айта кетсек, жастар практикасы – жұмыс өтілі жоқ мамандардың жұмысқа орналасуын көздейтін мемлекеттік бағдарлама. Жастар практикасына оқуды енді бітірген, мамандығы бойынша әлі тәжірибесі жоқ, 29 жасқа дейінгі жас мамандар қатыса алады. Басты талап – оқу бітіргеніне 3 жылдан аспауы керек. (Толық ақпаратты халықты жұмыспен қамту орталығынан алуға болады – F.).

Ал экономист Бауыржан Ысқақов жастарға аз жалақыға мұрын шүйірудің қажеті жоқ деп кеңес береді. «Әр кезеңде жұмысқа алғаш кірген азаматтың жалақысы төмен болатыны белгілі. Бірақ ол жұмыссыз болу керек деген сөз емес. Ешкімге бірден 500–600 мың теңге жалақы берілмейді. Жастарды төмен жалақыға қарамай, ынталандыратын орта қалыптастыру керек, сонда жастардың жұмыссыздық мәселесін шешуге мүмкіндік аламыз», - дейді ол.

Дегенмен, HeadHunter Қазақстан компаниясының ресми өкілі 2022 жылы барлық бос жұмыс орындарының 18%-ы, 50 мың жұмыс орны жұмыс тәжірибесі жоқ мамандарды қарастыруға дайын екендігін алға тартады. Рахима Махмудованың айтуынша, бос жұмыс орындарын іздеуде «тәжірибе жоқ» сүзгісін қолданып, жас маман ұсыныстардың ішінен өзіне лайықтысын таңдай алады.

Себеппен емес, салдармен күресу керек...

Жыл сайын отандық ЖОО 150 мың жас маман әзірлеп шығарады. Оның 50 мыңы өз бетінше жұмысқа орналаса алса, қалған 100 мыңы президент айтқан жастар ма?

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі 1 қыркүейктегі жолдауға қатысты барлық сұрақтардың жауабы тек 2022 жылдың соңында болатынын алға тартады. Әзірге министрлік Мемлекет басшысы айтқан «100 мың жас» қалай іріктелетінін дөп басып айта алмады.

Дәулет Мұқаев «100 мың жастың» іріктелуі аталған министрліктің қатаң бақылауында болып, ашықтық қамтамасыз етілуі тиіс дейді.

«Бұл арада қатаң бақылау болу керек. Бақылау, қадағалау болмаса, ресми орындар «100 мың жасқа жұмыс бердік» деп, 10 мыңын ғана қамтып, көзбояушылықпен 100 мың деп есеп беруі де мүмкін ғой? Айталық, олар «100 мың жасты жұмыспен қамту керек» деп университеттерді жүктейді. ЖОО-лар «біздің түлектер түгел жұмысқа орналасты» деп статистика шығарады. Ал ЖОО түлектері диплом алу үшін ЖК, ЖШС бар туыстарына жалынып, солардан анықтама алады, өйткені анықтама әкелмесе, диплом бермей жататын университеттер де бар...

Нақты «100 мың жасты міне осылай жұмысқа алу керек» дейтін болсақ, онда арнайы сайт ашып, іріктеу барысы сонда көрсетіліп тұруы керек, салалық министрлік тарапынан өте қатаң бақылау болуы керек. Түлектерді іріктеу кезең-кезеңмен жүргені жөн: бірінші кезең, екінші кезең деген сияқты. Мамандарды іріктеуде психологиялық сұхбаттарды көбейту керек. Сол адамның мақсаты, миссиясы деген сияқты», - деп бөліседі өз ұсынысымен Дәулет Мұқаев.

Ал Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, мемлекет нарықтық қатынаста болғандықтан, жастарды 100% жұмыспен қамтуға кепілдік бермейді, бірақ оған мүмкіндігінше жағдай жасайды.

«Әлемдік тәжірбиеге жүгінсек, әр өңірдің жастары сол жердің кәсіпорындарында жұмыс істейді. Мұнда жергілікті атқарушы органдар жастарға қандай жағдай жасап отыр деген сұрақ қою керек. Мысалы, бізде Өскеменде автокөлік құрастыратын кәсіпорындар бар. Бірақ Өскемен жастарының 3–4%-ы ғана сол компанияларда қалады, қалғандары Алматыға, елордаға, не Ресейге тентіреп кетеді. Жергілікті нарықтың өзінде жастармен байланыс жоқ. Әр өңірдің жастарына сол нарықты қамтамасыз ете алатындай білім жүйесін қалыптастыру керек.

Еңбек нарығын жақсартуда қазір біз себеппен емес, салдармен күресіп жатырмыз. Адам жұмыссыз қалып қойса, оған өтемақы, жәрдемақы төлейміз. Ал себеп – «олар неге жұмыссыз?» деген сұрақтан басталады. Сол үшін де отандық кәсіпорындардың санын арттыру керек», - дейді экономист маман.

Білімі бар, жұмысы жоқтың мәселесі бір бөлек, бірақ елімізде жұмыссыз, білімсіз жүрген жастар да бар. Олар ше? Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Дәулет Мұқаев бұл мәселенің шешімі жоқ емес деп сендіреді.

«Жұмысы, білімі жоқ жастарды жұмыспен қамтуға мемлекет үш айлық курстар ашқан. Енді сананы өзгерту керек. Бізде мамандық таңдағанда «бастық боламын» деп, көз алдына кабинеті бар шенеунікті елестетіп жатады. Бірақ нарық ішінде дәнекерлеуші де, сантехник те жақсы ақша таба алады. Айналып келгенде өз ісінің маманы бола білу керек. Ал білімі жоқ жастарды төрт жыл емес, әрі кетсе алты ай, не үш ай үкімет тарапынан тегін оқытады. Еңбек етем деген адамға екі қолға бір күрек қашанда табылады. Әр адамның қабілетін дамытып, мықты маман әзірлеуге көңіл бөлу керек», - дейді ол.

Бауыржан Ысқақовтың айтуынша «жұмысы, білімі жоқ азаматтар – мемлекеттің экономикалық дәрежесін көрсететін құбылыс», яғни кері көрсеткіш.

«Жұмысы, білімі жоқ азаматтар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына, басқа елдердің алдындағы рейтингтерінің төмендеуіне алып келеді. Егер біз жастарға жұмыс тауып бере алмасақ, онда ол мемлекеттің әлсіздігі. Бұл мемлекет үшін сын, сондықтан, жастарды жұмыспен қамтуға жағдай жасау керек. Мемлекет салдармен күреспей, себебін анықтауға тырысуы керек. Жұмыс орындарының ашылуына барлық жағдайды жасап, квазимемлекеттік сектордағы, мемлекет қарамағындағы, одан тыс кәсіпорындардың барлығына бірдей мүмкіндік беруі керек» , - дейді ол.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
78790 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить