Nur-Sultan қаласының келбеті мен көшелері қалай өзгереді

«Нұр-Сұлтан-жайлы қала» жобасы қалай жүзеге асуда?

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев айтады.

F: 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласының сәулеті қалай өзгереді? Бас жоспарда қандай өзгерістер бар?

- Қаламыздың сәулеті өзінің дизайн-кодына және «Нұр-Сұлтан-жайлы қала» мастер- жоспарына сәйкес өзгереді. Яғни, елордамыз бірыңғай сәулет стилінде дамитын болады. Айта кетейін, Нұр-Сұлтан - Қазақстанның бірыңғай дизайн-коды қабылданған алғашқы қала. Бұл құжаттың миссиясы - қалалық ортаның эстетикалық мәнерлілігін жетілдіру, қала нысандары мен көше жиһаздарының, оның колористикалық құрылысын үйлестіру және экологиялық таза технологияларды пайдалану. Сонымен қатар  көлік проблемасын ұтымды шешудің жолдарын іздестіру негізінде оның жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру. Яғни бұл осы мәселелерді шешетін әдістемелік нұсқаулық және  құрал ретінде қызмет етеді  деуге болады.  Бірыңғай код кіреберістердің, ғимараттардың қасбеттеріне ғана емес, сонымен қатар шатырға, жол желісіне, жарнамаға, жарықтандыруға, төсемге, шағын сәулет нысандарына, қоқыс жәшіктеріне де қолданылады. Бекітілген дизайн код бірінші кезекте көше-жол кеңістігіне және оларға іргелес ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттік элементтеріне бағытталған. Орташа алғанда, көшелер қаланың барлық аумағының бестен бір бөлігін алып жатыр. Бүкіләлемде олардың негізгі рөлі- қаланың әр түрлі аудандарын байланыстыру болып табылады. Яғни, алдағы мақсат- осының бәрін ретке келтіру, абаттандыру,  көгалдандыру, велоқозғалысты ұйымдастыру, жарықтандыру, көше жиhаздарын орналастыру, жарнама құрылымдарын жөнге келтіру. Бас жоспарды айтатын болсақ, биыл жаңа бас жоспар әзірленеді. Халық санының өсуіне байланысты болжанған 2030 жылдың көрсеткіштеріне біз 2020 жылы жеттіп қалдық. Мысалы, қабылданған бас жоспарға сәйкес 2030 жылы халық саны – 1 миллион 200 мыңнан асады деп болжанған. Алайда, қазірдің өзінде біз бұл көрсеткішке жеттік. Сондықтан да, инженерлік инфрақұрылым көздері мен желілерін дамытудың көрсеткіштерін  халық санының ұлғаюын ескере отырып, қайта әзірленеді. Қала өз шекарасы шеңберінде дамитын болады. Қалада Үкімет бекіткен Кешенді жоспарға сәйкес құрылыс шекаралары анықталды. Бұл жер учаскелерінің инженерлік желілермен қамтамасыз етілуін ескере отырып жасалды. Сонымен қатар, біздің қаламыз көпорталықты болуы керек деген қағиданы ұстанамыз.

F: Қала күніне қарай немесе жыл аяғына дейін қанша нысан пайдалануға берілмек?

- Алдымен былдырғы жыдың  көрсеткіштерін де атап айтқым келіп отыр. Пандемияға қарамастан, 2020 жылы ел тарихында рекордтық – 3 млн аса шаршы метр тұрғын үй салынды. Биыл құрылыстың қарқыны одан да көп болады деп жоспарлап отырмыз.  Мәңгілік Ел және Қабанбай батыр даңғылдарының қиылысында жаңа мешіт салынып жатыр. Ол Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт болады және 30 мың адамды қабылдай алады. Жоба дәстүрлі ою-өрнектер мен сәндік элементтерді қолдана отырып жасалған.  «Абу-Даби Плаза» жалпы ауданы 500 мың м2-ден асатын көпфункционалды кешені құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Елордада биыл 16 мектеп салу және әр ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу да жоспарда бар. Сонымен қатар, сол жағалауда Оқушылар сарайын салу да көзделген.

F: Бұған дейін 150 аула, 40 қоғамдық кеңістік пайдалануға беріледі делінген еді. Олардың қаншасы дайын болды, қай аудандарда?  Онда қандай өзгерістер бар?

- «Нұр-Сұлтан-жайлы қала» мастер – жоспары тұжырымдамасы аясында былтыр елордада 60 қоғамдық орындар және 150 аула абаттандырылды. Әрине, біз биыл осы жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Біз қоғамдық кеңістіктердің қаншалықты сұранысқа ие екенін көрдік, олар бүгін нағыз тартылыс нүктелеріне айналғанына көзіміз жетті. 2021 жылы 150 аула мен 40 қоғамдық кеңістіктер абаттандырылады. Мысалы, 1 маусымда  «Театральный» жаяу жүргіншілер желекжолындағы «Халықтар достығы» монументінің айналасында жаңа субұрқақ кешені пайда болды. Одан құрғақ фонтанмен аяқталатын жасанды ағын пайда болды. Ағын бойында су аттракциондары орнатылған. «Жастар» сарайынан бастап жас көрерменнің музыкалық театрына дейінгі жолды (Омаров көшесі) біріктіру жоспарланған.  Қазір  жас көрермендерге арналған музыкалық театрдың  алдында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.  Жақын арада сол жерде тағы бір субұрқақ пайда болады. Бұл аумақта шағын сәулет нысандары, инсталляциялар, веложол, көлеңкелі қалқалар пайда болады. Сауда павильондарын, ойын аймақтары мен балалар алаңдарын орналастыруды да ойластырдық. Мәмбетов көшесі (Кенесары көшесінен Абай даңғылына дейін) жазғы уақыттың  демалыс күндері жаяу жүргіншілердің  жолына айналады: автомобиль қозғалысына тыйым салынады. Аталған учаскеде концерттік аймақтар, арт-алаңдар, би аймақтарын орналастыруды жоспарлап отырмыз. Көркем көрмелер, тақырыптық қойылымдар, жәрмеңкелер өткізіледі. Бұл аймақ қала тұрғындарына арналған арбатқа айналады. Осы демалыс променадында асық ату және тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындарға арналған орындар да пайда болады. Ерекше инсталляцияларды, арт-нысандардан фото аймақтарын ұйымдастыру жоспарлануда. Түнгі уақытта жарық консольдері мен гирляндалар қосылады. Кешкі серуендердің жайлылығы үшін қасбеттік жарықтандыру жүргізіледі. Сонымен қатар, граффити фестивальдеріне арналған конструкциялар да орнатылады. Сонымен қатар, тағы бір көпір асты алаңы абаттандырылады. Қабанбай батыр даңғылында Есіл өзенінің жағалауындағы көпірдің астында (Самал шағын ауданы жағынан) көлеңкелі қалқалар, балалар алаңы, демалуға арналған аймақ, қойылымдар, концерттер мен шығармашылық эксперименттерге арналған импровизацияланған сахна ашу жоспарланып отыр.  Өткен жылы елордада алғаш рет көпірлердің астындағы арнайы орындар абаттандырылды. Бірі — Сарайшық көпірінің астында. Бұл аумақ түрлі спортқа бөлініп, көше тренажерлері, әткеншектер, workout аймағы және т.б. орнатылды. Екіншісі — Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы көпірдің астында орналасқан. Онда стритбол алаңы, үстел теннисіне арналған аумақ және workout-аймақ орналасқан. Сондай-ақ, жастардың өтініші бойынша скейт-аймақ ашылды. Бұл орындар жұртшылықты бірден өзіне баурап алды. Міне, биыл бұл жобамызды кеңейту туралы шешім қабылданды.

F: Президент бағы арқылы оң жағалауды жалғайтын жаңа велокөпірдің дизайнын  көрдік. Бұл жоба қай кезде басталады және аяқталады? Оның авторлары кімдер?

- Елордада өзен арқылы вело-жаяу жүргінші көпірі салынады. Бұл көпір Тұңғыш Президент саябағы мен Есіл өзенінің бойындағы саябақты бірыңғай кластермен біріктіруге мүмкіндік береді. Осылайша қала тұрғындары аудандар арасында кедергісіз жүре алады. Көпірдің бойында демалыс аймақтары жабдықталады, ал көпірдің ішіне әткеншек орнатылады. Көпірдің өзі қоғамдық кеңістіктің рөлін атқарады, онда демалатын орындар, жағалаулардағы көлеңкелі шатырлар орналасады. Бұл ретте, тиісті инфрақұрылымы бар белсенді және тыныш, демалуға арналған көпірдің екі жағындағы аймақтар да тартылыс нүктелеріне айналады. Көпірдің ұзындығы-150 м, ені - 9 м. Ал жабыны ағаштан болады. Мұндай көпірдің құрылысы тұрғындарға белсенді өмір салтын жүргізуге көбірек мүмкіндік береді. Авторы – урбанистика орталығының басшысы -  Елнар Базыкен. Жалпы, Есіл өзенінің бойында ұзындығы 16 километрге жуық жаяу жүргіншілер аймағы мен веложол салу көзделген. Олар 7 саябақты біріктіреді.

F: «Нұр-Сұлтан- қолайлы қала» мастер-жоспары  қалай жүзеге асуда? Оның нәтижесі қандай? Қысқы және жазғы нысандар жайлы айтып өтсеңіздер.

- Біз елорданың ауа-райын ескере отырып, қоғамдық кеңістіктер құруға тырысамыз. Мысалы, Триатлон паркіндегі қоғамдық кеңістікте жазды стритбол, фитнес және ойын алаңдарында адам жиналcа, қыста мұз айдыны пайда  болды.  Өткен қыста Ататүрік саябағында тау шаңғысы мен сноубордқа арналған жасанды төбешік пайда болады. Нысан Қазақстанда алғаш рет қысқы қоғамдық кеңістікті дамыту аясында орнатылды және тұрғындар мен туристер арасында ең танымал орынға айналды. Елордамызда тау болмаса да, шаңғы тебуге болады. Соған көзіміз жетті. Қысқы белсенділікке арналған мұз қалашықтары барлық ірі саябақтар мен Есіл өзенінің жағалауында салынады. Жаз келісімен, сол жерлерде серуендеуге арналған инфрақұрылым қарастырылған. Бұл қоғамдық кеңістіктердің жыл мезгіліне байланысты өзгеруі мүмкін екенін дәлелдейді.

F: Жаңа жағажай ашылатыны туралы айтылды. Ол қай ауданда, қашан жүзеге аспақ?

- Бассейндері бар жасанды жағажайды Сарайшық көпірінің жанындағы Триатлон паркіндегі жағалауға орналастыру жоспарланған. Осылайша, елорда тұрғындары мен қонақтары оқшауланған және қауіпсіз тақтай аралында жүзе алады. Жағажай кешені қалқымалы понтондарда салынады. Бассейн түбі  жұмсақ болады, ол жабық тостаған түрінде салынады. Жағажай кешеніне велосипедпен жетуге болады. Барлық саябақтарды веложолдармен біріктіріп, оларды инклюзивті ету жоспарланып отыр. Жалпы елордада 2023 жылға дейін 123 шақырым велосипед жолы салынады.

F: Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі алдындағы Астана алаң күрт өзгерту жоспарланған еді. Онда не болады, құрылыс қай кезде аяқталады? 

- Әкімдік алдындағы бос алаңға, ондағы бетон блоктардың орнына субұрқақтар, оның  жанында жанды сергітуге болатын толыққанды қоғамдық кеңістік пайда болады. Амфитеатр, көлеңкелі шатырлар, демалыс орындары, көгаландыру (ағаш отырғызу) жоспарланған. Мұнда су ағындарынан өтуге болатын туннельді және аркалы фонтан орналастыру көзделген. Бірегей субұрқақ кешені арнайы жарықтандырылады, онда  16 мыңнан астам шам пайдаланылатын болады. Сонымен қатар, алаңда тостағаны бар субұрқақ, сондай –ақ жаяу жүргіншілерге арналған жолақта тұманды, яғни булану арқылы істейтін  құрғақ субұрқақ пайда болады.

F: Талдыкөл жобасы қашан жүзеге асады? Ол қала есебінен бе жүзеге аса ма, әлде онда 0инвесторлар тартыла ма?

- Талдыкөл көлінің жанында жалпы аумағы 5700 га қорық және орман-саябақ аймағы бар еліміздегі алғашқы табиғи парк салынады. «Астанагенплан» қызметкерлері Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығымен бірлесіп, Лондон сулы-батпақты алқаптар орталығы, Rainham Marshes табиғи паркі, Шервуд орманы, Minsmere Reserve қорығы негізінде Ұлыбританиядағы әріптестерімен бірге табиғи парктерді жобалау мен салудың халықаралық тәжірибесін зерттеді және құстар қоғамының жетекші мамандарымен кездесулер өткізді. Оның аумағында бақылау  алаңдары, болашақ биологтар, ихтиологтар, орнитологтар, экологтар үшін білім беру орталықтарын салу жоспарлануда. Бұл тарихи маңызды орнитологиялық аумақ екендігі бекер емес. Маусымдық көші-қон кезінде көлдерде және оған жақын жерлерде құстардың 200-ге жуық түрін көруге болады. Осылайша, қала Қызыл кітапқа енген жануарлар мен құстардың табиғи ортасын сақтауға мүмкіндік береді.  Сонымен қатар, Майбалық көлінің екінші экопаркі (әуежай бағытының оңтүстік-шығыс жағы) бұдан да тартымды орын болмақ. Аумақтың жалпы ауданы – 400 га, су қоймалары – шамамен 120 га. Саябақ кешені ерекше қорғалатын жағалау аймақтарын, балық аулауға арналған жасанды су қоймаларын құруды, қаланың бірегей экожүйесін қолдауға арналған алаңдарды, сондай-ақ веложолдар, серуендеу аймақтары, спорттың әртүрлі түрлерімен айналысуға арналған алаңдар және т.б. болады. Майбалық көлінің аумағы өзіндік қорық аймағы, одан шығатын арналарды көруге болады, олар «тірі артериялар» ретінде барлық қала тұрғындарының көлге қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Болашақта орман паркі дамып келе жатқан қаланың жасыл орталығына айналады. Бұл – елорданың жасыл идеясын жалғастыру үшін маңызды қадам.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
4727 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
22 сентября родились
Кайрат Боранбаев
президент Национального паралимпийского комитета Казахстана, №14 в рейтинге 50 богатейших бизнесменов Казахстана
Ануар Джумадильдаев
председатель Комитета казначейства Министерства финансов Республики Казахстан
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить