Қазақстанның подкаст нарығы: Бізде сапалы контент үшін күрес жүріп жатыр

30501

Подкаст саласы Қазақстанда біртіндеп дамып, тыңдарман қатары күн санап артып келеді

Фотосуреттер кейіпкердің және автордың өз архивінен

Дегенмен, отандық медианарықтың бұл сегментіндегі ойыншыларға қойылатын көп сұрақтың бірі – подкаст қаншалықты табысты өнім дегенге келіп тіреледі. 

Сарапшылардың айтуынша, дәл қазір еліміздегі подкастерлер саны мен тыңдалым бойынша статистика, бұл өнімді монетизациялау жолдары немесе бұл сегментте шоғырланған қаражат ауқымы бойынша нақты ақпарат жоқ.

2022 жылдың қыркүйегінде Muck Rack медиа платформасы бірнеше елде жүргізген State of Podcasting сауалнамасының нәтижесіне сүйенсек, әлем бойынша алғанда, подкастерлер бүгін өз қызметінде жеке қызығушылық пен энтузиазмды алдыңғы қатарға қойып, табыс табуды екінші кезекке қалдырған. Сауалнамаға қатысқан 600-ге жуық подкастердің басым бөлігі подкаст жазу, қонақтарды шақыру және маркетинг пен PR-ды өздері жасайтынын айтса, 69%-ы аудиторияны ұлғайту мақсатында YouTube желісіне шығып жүргендерін ортаға салған.

Десек те, қазіргі таңда монетизацияға мән беретін подкасттар қатары да таныла бастаған. Сауалнамаға қатысқандардың 38%-ы өз подкастына ақылы жазылым енгізсе, 34%-ы жарнама тартып, 29%-ы премиум контент дайындаған, ал 26%-ы эпизодтарына қонақтарды ақылы негізде тартатынын айтқан. Бұл әлемдік тенденция. Ал Қазақстанда ше? Отандық подкаст саласы қалай дамып, қандай мәселелерді көтеріп жүр?

Таяуда қазақстандық подкастерлердің бір тобы аудитория мен мамандар арасында сауалнама жүргізіп, аталған салаға қатысты отандық нарықтағы бірқатар мәліметті алға тартты.

Бақытгүл Салықова
Бақытгүл Салықова

Зерттеу командасының мүшесі Бақытгүл Салықованың айтуынша, қазақстандық подкастерлердің басым бөлігі бұл кәсіпке әлі де болса хобби түрінде қарайды, сондықтан да бұл салада дәл қазір табыс табу жолдары айқындалып, белгілене қойған жоқ. «Дегенмен, подкаст саласын нарық талабына сай дамыту мұндағы ойыншылар үшін өте маңызды, ал бұл қандай да бір статистиканы талап етеді», - деп түсіндіреді ол сала ішінде зерттеу жүргізу идеясының туындауы туралы.

Зерттеу авторларының айтуынша, сауалнама екі кезеңде жүргізілген: 150 адам қатысқан бірінші кезең қалың көпшілік арасында өтсе, екінші кезеңдегі сауалнама отандық подкастерлерді қамтыған. «Қалың көпшілікке арналған сауалнамаға 16 мен 54 жас аралығындағы отандастарымыз қатысты. Тыңдаушылар Қазақстанның барлық аймағынан болғанымен, басым бөлігі Алматы мен Астанадан, олардың арасында өзге өңірлерден келген қонақтар да кездесті. Сауалнамаға қатысқандар подкастты көбінесе қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тыңдайтын болып шықты», - дейді Бақытгүл Салықова.

Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, подкаст өнімінің қазақстандық жанкүйерлері бұл тұрғыда смартфонды көбірек қолданады екен. Сол сияқты, подкаст тыңдауда отандастарымыз үшін Apple podcast (41%) пен Google podcasts (34%) мейлінше танымал қосымша болса керек.

Басқа да медиа өнімдермен салыстырғанда подкаст таңдайтындардың арасында: «Теледидар қарағанша, подкастты жиірек тыңдаймын» дегендер 36%-ды, «Кино мен сериалдан гөрі, подкастты жиірек тыңдаймын» дегендер 22%-ды құраған. Ал подкасттың өзге форматтардан ерекшелігі туралы сұрағанда, респонденттердің 46%-ы: «Кез келген уақытта тыңдауға болады, Интернетті қажет етпейді» деп жауап берсе, 33%-ы: «Цензура жоқ, өзекті мәселелерді ашық көтеру мүмкіндігі бар» деген пікір айтқан.

Подкст тыңдаушылары, сондай-ақ бұл өнімді әзірлеу «өздеріндей қарапайым адамдардың да қолынан келетінін» баса айтып, бұл оларға «өзіндік күш-жігер, сенім беретінін» ортаға салған.

«Тыңдармандар подкасттардан пайдалы ақпарат, тренд тақырыптарды, танымал адамдардың қандай да бір мәселе бойынша пікір-ойын, тәжірибесін күтеді және жалпы көңілін аулау, көңіл-күйін көтеру үшін тыңдайды», - дейді зерттеу командасының мүшелері.

Подкаст өніміне қатысты әу бастан туындаған көп сауалдың арасында жауапсыз қалып жүрген басты сұрақ: «Бұл саладағы табыс көзі қандай, бұл өнімнен қанша ақша табуға болады?» деген тұрғыда. Зерттеу барысында бұл сауал подкастер мамандарға қойылған. Бақытгүл Салықованың айтуынша, жоғарыда айтылған әлемдік тенденция қазақстандық подкаст саласында да байқалады.

«Біздің подкастерлер өз эпизодтарына жарнама тарту, серіктестік материалдар дайындау, банк қосымшалары арқылы қаражат жинау амалдарын жасауда. Бірақ қазір елімізде подкаст саласын үкіметтік емес ұйымдардан грант тарту арқылы дамытып жүрген подкастерлер басым. Сауалнамаға қатысқан 15 подкастердің 8-і осындай грант алғанын алға тартты», - дейді ол.

Бірақ грант мерзімі аяқталғанда өз қызметін тоқтатқан подкастерлер де жоқ емес. Олардың арасында подкаст жасауды өзгелерге үйретуге бет бұрғындар да баршылық. Отандық подкастерлердің айтуынша, қазір Қазақстанда видео подкасттардың монетизацясы жақсы дамып келеді, ал аудио подкаст жасаушылар әзірге донат, грант негізінде, не демеуші тарту арқылы дамуда.

Айтқандай, еліміздің медиа нарығындағы тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, дәл қазір ел ішінде аудио контентке ақша құятын инвесторлар аса байқалмайды, себебі олар бұл нарықтың әлеует мүмкіндігін әлі де көріп отырған жоқ. Подкаст өнімін монетизациялау үшін, ең алдымен, нарықты қалыптастыруға күш салу керек.

«Подкастер көбінесе өзіне қызық тақырыпты қолға алады, ал жүргізушіге қызық тақырып тыңдаушыларға түгел ұнайды деуге келмейді. Азғантай тыңдаушының ішінен өз тыңдаушыңды табу оңай емес. Сонымен қатар қазақ тілінде шығатын подкасттардың да ғылыми-танымдық деңгейі өсуі керек. Подкаст тек сұрақ-жауап не әңгіме, сұхбат түрінде емес, кәсіби тәжірибе, философиялық тұжырым, ғылыми жаңалықтар мен гипотезаларды талдау алаңына айналуы керек» дейді бұл тұрғыда Бақытгүл Салықова.

Зерттеу авторларының айтуынша, отандық подкаст нарығында жүргізілген алғашқы сауалнаманың қорытынды нұсқасы 2023 жылға жоспарланған «Таныс та бейтаныс подкаст әлемі» кітабында жарияланады. Ал әзірге подкаст саласы Қазақстанның медиа нарығынан өз орнын тауып, қандай да бір табыс көзіне қол жеткізді деп айта алмаймыз.

Дәл қазір қазақстандық подкастерлер арасында жанр тазалығы үшін күрес, контент сапасын жақсарту, аудитория және өзара тіл табысуды үйрену жұмыстары жүріп жатыр. Олар өздері қолға алған салаға деген оптимистік ұстанымнан бас тартқысы жоқ. Бірқатары өз студияларын ашып, техникалық жасақтауға ден қойса, енді бірі ауқымды серіктестік жобаларды жүзеге асыруда.

Айта кетейік, подкаст саласы 2004 жылы АҚШ-та MTV жүргізушісі Адам Карри мен IT маманы Дэйв Винердің бастамасымен танымал болды. Олардың негізгі мақсаты – айтар ойы бар кез келген адамның подкаст жасауына мүмкіндік жасап, ақпаратты жылдам таратуға септік ету болатын.

Подкаст (Podcast) сөзі ағылшын тіліндегі  iPod және broadcasting сөздерінің бірігуінен пайда болды. Подкаст – RSS арқылы тарайтын, онлайн тыңдауға және жүктеп алуға болатын, жүйелі түрде шығатын аудио форматтағы жазба (бағдарламалар, хабарлар, сұхбаттар, монологтар т.с.с.). Радиодан ерекшелігі – подкаст Интернет арқылы таратылады, эфирден берілмейді. Подкастты тоқтатып қоюға, қайтадан тыңдауға, алға-артқа жылжытып, тіпті бірнеше рет қайталап тыңдауға болады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Куралай Нуркадилова: письмо Токаева, политические амбиции Смотреть на Youtube