Кәсіпкер мұңы: Сергелдеңге салған өтемақы

28353

Қаңтардағы қасірет салдарында сергелдеңге түскен алматылық шағын және орта бизнес өкілдерінің біразы әлі де құжат жинап, жүгіріп жүр

ФОТО: pixabay.com

Ұры-қарылардан зардап шеккен 1600 шақты кәсіпкерлік субъектісінің бүгінгі таңда шамамен 15%-на ғана (260-тан астамы) шығын өтемі мақұлданған.

Бұған дейін мәлімделгендей, кәсіпкерлерге келген залал сомасы 146 млн доллардан астам деп бағаланды. Оның қазір 456,1 млн теңгесі (1 млн доллардан сәл астам) өтелуі тиіс деген шешім бар.

Естеріңізге сала кетсек, қаңтар оқиғасынан жапа шеккендерден өтініш жинау процедурасы төмендегідей: алдымен бизнес өкілдері InfoKazakhstan.kz платформасында өз өтінішін тіркеуі тиіс.

Мемлекет көмегіне жүгіну үшін электрондық сандық қолтаңба (ЭСҚ) және өзге де бірқатар құжаттар қажет, айталық, құқық белгілеуші құжаттар мен мүлікті сақтандыру шартының жоқтығы туралы анықтама деген сияқты. Шығын залалының тікелей дәлелін растап беретін фото- және бейнематериалдар мен тергеуші не прокуратура тарапынан бизнес субъектісін жәбірленуші деп таныған шешімнің көшірмесі де керек болады. Өтемақы сомасы сот сараптамасы қорытындысы негізінде есептеледі. Кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштерді қарап, өтемақы мөлшерін бекіту жұмысы арнайы құрылған Аймақтық комиссия құзырында.

«Егер кәсіпкердің өтініші мақұлданып жатса, бизнес субъектісі қандай көлемде өтемақы алатынын Аймақтық комиссия шешеді, - деп түсіндіреді Кәсіпкерлер палатасының Алматы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев. – Біз құжаттарды қарап, ғимараттардың іші-сыртын, кеңселерді мұқият тексереміз, қажет жағдайда қосымша материалдар талап етеміз. Жоғалған немесе бүлінген мүліктің құнын өтеуде – зақымдалған құрал-жабдық пен кеңселерді жөндеу шығындары, сол сияқты, бүлінген мүлікті арзандату мөлшері не жоғалған мүліктің нарықтық құны негізгі алынады».

Айтпақшы, мамандардың айтуынша, шығын көлемі 3 млн теңгеден аз деп танылған бизнес субъектілері үшін өтініш беру талаптары біршама жеңілдетілген, олардың біразы қазірдің өзінде-ақ тиісті өтемақыға қол жеткізеген. Бірақ мұндай кәсіпкерлердің саны аз, көп жағдайда, шығын көлемі он миллионнан жүз миллион теңгеге дейін келіп жығылады. Жапа шеккен кәсіпкерлердің біразы шаршағанын жасырмайды: құжат жинап, өтініш беру барысы оларды әбден сергелдеңге салып қойған.

Қаңтардағы тәртіпсіздік барысында Алматыда ойранға ұшыраған компанияның бірі мобильді техника мен аксессуарлар сатуға негізделген "TELEFONIK/ASIA MOBILE" дүкендер желісі. Қазақстанда 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компанияның республика бойынша 20 шақты бөлшек сауда орны бар. Желі директоры Александр Саниннің айтуынша, Алматыдағы Moskva, Asia Park, Maxima, Aport және Mart сынды ойын-сауық орталықтарындағы компанияның 11 сауда орнына елеулі залал келген. Оның ішінде 7 дүкен толығымен талқандалып, тоналған. Ұрланған тауарлар мен жабдықтарды, қираған сөрелерді қоса есептегенде, шығын көлемі 60 млн теңгеден асып кеткен.

Кәсіпкер Александр Санин
 
Кәсіпкер Александр Санин

«Біздің компания жеке кәсіпкерлер желісі түрінде жұмыс істейді. Мемлекет басшысы шағын кәсіпкерлік субъектілерін 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылға дейінгі аралықта табыс салығынан босату туралы үкіметке тапсырма берді. Сәйкесінше, бизнес жүргізуде біз, ең алдымен, тауар және қызмет сапасына мән беріп, барлық назарды клиентке аударған дұрыс деп санаймыз. Мойындаймын, бухгалтерлік есеп жүргізу барысына тиісті деңгейде көңіл бөлінбегені рас, қалай дегенмен, оңайлатылған салық режимінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін бұл міндетті шара емес. Бірақ шығындарды өтеу барысында біздің алдымыздан көлденең шыққан басты кедергінің бірі осы болды», - дейді кәсіпкер Александр Санин. Яғни, қазір жеке кәсіпкерлер үшін тек қана жүкқұжатпен жұмыс істеу міндеті жоқ, олай болса ұрланған тауарға қатысты барлық құжатты жинап, тапсыру да мүмкін емес деген сөз.

«Біздің компанияға келген залал шығыны өтелген жоқ, мұның өзіндік себептері аз емес. Біріншіден, шығындарды өтеу тетіктерін әзірлеу барысы ұзаққа созылып кетті және де оны оқып, түсінудің өзі айтарлықтай қиын. Екіншіден, аталған тетік бізге келген шығынды жеңілдетілген түрде өтей алмайды, сол себепті де біз сот сараптамасына жүгінуге мәжбүрміз, ал бұл едәуір көп уақытты талап ететін, күрделі жол», - дейді желі директоры.

Қаңтардағы тәртіпсіздік барысында зардап шеккен бизнес иесінің бірі Кирилл Нагиев. "DAS AUTO SERVICE" серіктестігіне тиесілі автосервис пен клиенттердің 9 көлігін сол күндері белгісіз біреулер түгел өртеп жіберген.

Кәсіпкер Кирилл Нагиев
 
Кәсіпкер Кирилл Нагиев

«Өтініш беріп қойдық, бірақ әзірше ешқандай көмек болған жоқ. Шығынды өтеу механизмін әзірлеу өте ұзақ жүрді, әртүрлі варианттар ұсынылды. Ия, БАҚ өкілдері бірден ескертті, мақұлдау процедурасы едәуір уақытты талап етеді деп. Мақұлданған соң да бір ай күту керек, содан кейін ғана ақшалай көмек болады. Бірақ осы уақыт орамында біз қалай күн көреміз? Барлық құжаттарды жинап, сот сараптамасынан өтіп, Аймақтық комиссияға тапсырғанымызға да бір аптадай болып қалды. Бұл процедура аясындағы тағы бір түйінді мәселе – полиция, төтенше жағдайлар, Аймақтық комиссия және әкімшіліктер арасында өзара келісім ойдағыдай емес. Біздің сервиске қатысты полиция тарапынан әлі күнге дейін ешқандай қорытынды жасалған жоқ. Талан-таражға түсіп, өртеніп кеткен территориямыз сол қалпы шашылып жатыр, оны жинап, ретке келтіруге бола ма, түсініксіз», - дейді автосервис иесі Кирилл Нагиев.

Бизнес субъектілерінің шығынын бағалау барысында жүргізілетін сараптама – тоналып, өртенген ғимараттар мен мүліктердің сол қалпында қалуын талап етеді. Тексеріп, бағалау процедуралары ұзаққа созылатынын ескерсек, кәсіпкерлер бизнесін тоқтатып қойып, қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр.

«Мәлімделген сома зардап шеккендерге қандай да бір шартсыз өтелінуі керек деп есептеймін, әрине, қажет жағдайда, әрі қарай тиісті тексерулер жүргізуге болады, қалай дегенмен, өтініш бергенде қылмыстық жауапкершілік жөніндегі құжатқа қол қойылды ғой. Дәл қазір кәсіпкерлер өздеріне келген материалдық шығындарды қайтарып алуды ойлап отыр, ал тоқтап тұрған бизнес салдарында пайдадан қағылдық деген ой, меніңше, дәл қазір өзекті емес», - дейді кәсіпкер Александр Санин.

Өз кезегінде, кәсіпкер Кирилл Нагиев, зардап шеккен бизнес өкілдерінен талап етілетін құжаттар тізімін қысартуға да болар еді деп есептейді, өйткені тауарлар мен құрал-жабдыққа қатысты бастапқы құжаттар бойынша өзіндік қиындықтар аз емес.

«Бірқатар ғимараттар, қоймалар тоналып қана қоймай, өртеніп кеткенін де ескерсек, оларды қазір ішінара ғана қалыпқа келтіруге болады. Ал бағалау кезінде дәл осы құжаттар назарға алынады, яғни мұндай құжаттар болмаса, өтемақы да жоқ деген сөз. Негізі, өтініш беру процедурасы қиын емес, бар қиындық осы құжаттарды жинауда туындайды. Көптеген кабинеттерді аралап, әрқайсысына түсіндіріп, дәлелдеп сергелдеңге түсесің. Сол сияқты, Аймақтық комиссия құрамында 44 адам бар, меніңше бұл өте көп. Комиссия құрамында он бес адам болса да жеткілікті ғой әрі олар тездетіп жұмыс істегені дұрыс. Әйтпесе еш нәтиже болмайды», - дейді кәсіпкер.

Айтқандай, бұған дейін кәсіпкерлермен әңгіме барысында билік отандық бизнестің қаңтардағы шығынын тікелей негізде өтеумен қатар, салықтық жеңілдіктер мен кредиттік демалыстар ұсынып, коммуналдық төлемдерден босатуға да дайын екендігін танытты. Ал Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, зардап шеккендердің шығынын өтеу процедурасының ұзаққа созылуының өзіндік объективтік себептері бар деп отыр. «Келіп түскен өтініштер өте көп, олардың бәрімен мұқият танысу оңай шаруа емес. Біз міндетті түрде барлық материалдарды қарап, тиісті жауабын беретін боламыз», - деп сендіреді Кәсіпкерлер палатасында.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить