Жаһандық бизнесті бағындырған үш кәсіпкер

Фармацевтика нарығы елеулі өзгерістер алдында

Руслан Берденов - 35 жаста, «AK NIET GROUP» ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі. Қазақ-түрік лицейінде оқыған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және КИМЭП оқу орындарында білім алған. Мамандығы – қаржыгер
ФОТО: Данияр Асылбек
Руслан Берденов - 35 жаста, «AK NIET GROUP» ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі. Қазақ-түрік лицейінде оқыған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және КИМЭП оқу орындарында білім алған. Мамандығы – қаржыгер

Руслан Берденов – Қазақстандағы жас та болса, табысты әрі білікті бизнесмен-менеджердің бірі. Табиғатынан табанды да қайсар кәсіпкер ірі бизнесті игеріп, жүргізумен қатар, салауатты өмір салтына және әлеуметтік жауапкершілікке түпкілікті мән береді. Ірі компания басқару міндетін жүктеген Руслан, бизнес барысында өткен күндерден қалған басқару тәжірибесі мен бүгінгі заманның технологиялық жаңалықтарын үйлесіммен ұштастырып, тиімді қолдануда. Руслан – отандық бизнесті әлемдік деңгейге шығарып, бәсекелестік қабілетті арттыру қажеттігін жақсы түсінген жас буын өкілі. Бұл тұрғыда ол Қазақстан бизнесі үшін дұрыста тартымды жол ұсына алады.

Ержан Ниязалиев - 30 жаста, «AK NIET GROUP» ЖШС бас директоры. 
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін бітірген. Мамандығы – заңгер
ФОТО: Данияр Асылбек
Ержан Ниязалиев - 30 жаста, «AK NIET GROUP» ЖШС бас директоры. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін бітірген. Мамандығы – заңгер

Ержан Ниязалиевтың бойында әдетте жас жетекшілер арасында аса көп кездесе бермейтін, стратегиялық көрегендік бар. Ол жаһандық тұрғыда ойлап, қандай да бір түйінді мәселенің алдын алу жолдарын жақсы біледі: бүгінде компания ішінде енгізілген көптеген жаңа идеялар мен тың шешімдер Ержанның ізденістері. Кәсіби деңгейі өте жоғары көшбасы – фармацевтика индустриясын ғана емес, жалпы әлемдік ритейлдің даму барысын сарапқа салып, нарық ішіндегі жаңа тенденциялар мен трендтерді жіті қадағалап отырады. Әлемдік деңгейдегі табысты бизнес-кейстер мен ірі ойыншылардың модельдерін Ержан Қазақстан нарығына тиімді етіп бейімдеп, отандық нарықтың жаңаша дамып, өркендеуіне ықпал етуде.

Нұржан Ниязалиев - 30 жаста, «AK NIET GROUP» ЖШС атқарушы бас директоры. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін бітірген. Мамандығы – экономист
ФОТО: Данияр Асылбек
Нұржан Ниязалиев - 30 жаста, «AK NIET GROUP» ЖШС атқарушы бас директоры. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін бітірген. Мамандығы – экономист

Нұржан Ниязалиев – инновациялық бағыттарды дамытумен қатар, компания ішін өзгертіп, түрлендіру міндетін жүктеген бизнес жетекшісі. Математикалық тұрғыда ойлау қабілетіне ие жас көшбасшы, технологиялық икем дағдыларды оңай игеріп, компания ішіндегі ІТ инфрақұрылымын жаңарту, бизнес процестерді оңтайландыру шараларын тиімді жүзеге асыруда. Қазақстанның дамуына шынайы үлес қосуды мақсат еткен жас кәсіпкер – бизнес жүргізуде прогрессивті технологиялар мен жаңа шешімдерді дұрыс қолдануға мән беру керек деп есептейді. Бүгінгі таңда Нұржан командасымен бірге компанияның өз экожүйесін құрып, қалыптастыру бағытында еңбектеніп, ізденуде: бұл бизнесті кеңейтіп, дамытумен бірге, түпкілікті тұтынушыға арналған мейлінше сапалы сервис ұсынуға септік етпек.

Бизнестегі алғашқы қадам...
Руслан Берденов:
Бизнесмен болуды армандадым деп айта алмаймын, бірақ үлкен бір шетелдік компанияда жұмыс істесем деген құлшыныс болғаны рас. Оқуға түскенімде әкемнің: «Бір-екі жылдай көмектесем, артынша өзің тірлік жасауға тиіссің», – деп ескерткені бар. Соның да ықпалы болар, студент кезімде ағам екеуміз бірлесіп бірқатар дүкен ашып, саудамен айналыстық. Бизнестегі ең алғашқы қадамым сол сауда алаңынан басталып, мен үшін кәдімгідей сабақ болды.
Ержан және Нұржан Ниязалиевтер:
40 жылдай мемлекеттік қызметте болған ата-анамыз бізді де сол саладан көргісі келді. Егіз балаларға тән өзіндік ерекшеліктің бірі: біз көпшіліктің арасында болып, ұжымдық тұрғыда ойлап, ұжымдық шешім қабылдауға бейімбіз (күледі). Бірақ бозбала кезімізде кейде сыр беріп, сергелдеңге де түсіп жататынбыз, сонда әкеміз бізге «қаржылық санкция» түрінде «жаза» қолданатын. Бизнес бастап, әкемізден қаржылық тәуелсіздік аламыз деген мақсатпен 17 жасымызда көлік жуатын шағын кәсіпорын ашып, бизнеске араластық. Дегенмен, біздің бизнес те ұзаққа бармады: төрт айдан кейін одан бас тартуға тура келді, өйткені оқуға кедергі келтірді...

Руслан

Руслан Берденов студент кезінен еңбек етуге құлшына араласқанын, жұмыс іздеп Алматының көптеген мекеме, компанияларын аралап шыққанын айтады: «100 шақты кеңседе болдым, студентке ыңғайлы жұмыс бірден табыла қойсын ба? Бірақ мен де өз дегенімнен қайтпай қойдым: түпкілікті мақсатым шетелдік компанияға жұмысқа орналасу болатын. Дегенмен, алдымен «Сеймар» компаниясында сату жөніндегі менеджер ретінде бастадым, бұл 2005 жыл болатын, кейін ағаммен бірге саудамен айналыстық. Мен үшін бұл да бір өзіндік бизнес тәжірибе еді».

Сол жылдары әйгілі Procter&Gamble компаниясы Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі бөлімшелерін басқаратын жаңа кеңсесін Алматыда ашып, команда жасақтауға кірісіп жатты. Руслан Берденов математикадан емтихан тапсырып, артынша бес деңгейлі сұхбат сатысынан өтуі керек болды. Емтиханды сүрінбей өтіп, әйгілі брендтің логистика бөліміне жұмысқа кіріседі. «Procter&Gamble компаниясында қызмет еткен төрт жылдың ішінде Түркияда, Швейцарияда, Польшада ірі жобалармен жұмыс істеуге тура келді. Бизнеске деген шынайы қызығушылық та сол тұста қалыптасып, орнықты. Төрт жылдың ішінде менің орным бизнес саласында екеніне нақты көз жеткіздім», – деп әңгімелейді ол.

2009–2010 жылдары Руслан Берденовке Europharma құрылтайшысы – белгілі кәсіпкер Марат Оразалиев бірлесе бизнес жүргізу туралы ұсыныс жасайды. «Мен ол кезде мұнай саласының логистикасымен айналысатын компанияда қызмет ететінмін.

 

Europharma менің талаптарым мен шарттарымды тыңдап, қабыл алған соң келістім. Өз басым бұл бизнеске жалдамалы қызметкер емес, бизнестегі серіктес ретінде қатысуға ниетті едім. Сөйтіп, мұнай саласынан фармацевтика нарығына қарай икемделуге тура келді», – дейді кәсіпкер.

Ержан мен Нұржан

Ол кезде ағайынды Ержан жә-не Нұржан Ниязалиевтер аудан орталықтарында ArzanPharm және ArzanMart желілерін дамытып жатты. Тәулік бойы еңбек етуден шаршамайтын жалынды жігіттер ауыл-аймақтарда дәріхана ашудың қыр-сырын әбден меңгеріп алды. Бұған бірден көз жеткізген Europharma басшылығы ArzanPharm дәріханалар желісін сатып алуға ниет танытты. «Ол кезде жігіттердің қарамағында жеті дәріхана бар-тын. Бұлар ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы дәріханалар қажеттілігін барынша зерттеп, түсініп алған. Ал біз сол тұста компанияға жаңа буын өкілдерін көптеп тарту стратегиясына мән бере бастағанбыз», – дейді Руслан Берденов.

«Мектеп бітірген соң Астанаға не шетелге «Болашақ» бағдарламамен оқуға түсуді көздедік, бірақ әке-шешеміздің көңілін қимадық: Шымкент шаһарында қалып, сонда білім алдық. 17 жасымызда көлік жуу бизнесін ұйымдастырып, бизнестің дәмін татып көрдік. Артынша өзге де салаларға бет бұрдық, қай сала қызықты көрінсе, соған білек сыбана кірістік. Мысалы, тендер негізінде құрылыс саласына материал жеткізу деген сияқты. Уақыт өте құрылыс материалдарын жеткізу ауқымы ұлғая берді, осылайша 19 жасымызда өз-өзімізді асырай алатын деңгейге жеттік», – деп әңгімелейді Нұржан Ниязалиев.

Қаржыгер Руслан, экономист Нұржан, заңгер Ержан – кәсіпкер үш жігіттің бизнестегі жолдары, өмірдегі ұстанымдары бір-біріне өте ұқсас. Бүгінде олар елімізде кең тараған Europharma дәріханалар желісінің іргетасын бірге қалап, Қазақстандағы дәрі-дәрмек сату нарығына өзіндік жаңа леп, ерекше реңк беруге ат салысуда. Фармстор, яғни ашық форматтағы дәріханаларды Қазақстанда бірінші болып іске қосқан осы жігіттер. Бүгінде Europharma дәріханаларының 81%-ы тәулік бойы жұмыс істейді.

Девальвация айтып келмейді: 2014 жылдың тамыз айында бұрқ ете қалған теңгенің құнсыздануы салдарында 23-ке енді келген ағайынды екі жігіт 4 күнде 127 млн теңгеден қағылады. Жас кәсіпкерлер енді бизнестегі ұстанған бағытты өзгертуге бел буады. «Қолымыздағы қаражатты түгел жинақтап, ритейл нарығына қадам бастық. Ағайынның бірі фармацевтика нарығына назар аударуға кеңес берді. Осылайша біз әйгілі Walmart-тың стратегиясын ұстанып, дәріханалар және азық-түлік дүкендері желісін ашу туралы ойлана бастадық», – дейді кәсіпкер.

Әрине, бастапқыда дәріхананы қайда және қалай ашу керек деген мәселе туындайды. Ағайынды жігіттер нарық ішін зерттей келе, республика халқының 52%-ы аудан орталықтарында тұратынына мән береді. «Қазақстанда 161 аудан бар десек, олардың бәрінде бірдей дәріханалар талапқа сай әрі нарық заңына орай жұмыс істеп жатқан жоқ. Кей жерлерде тіпті чек сұрау да қисынсыз. Біразында температура режимі ескерілмейді. Мысалға, балаларға арналған тәтті өнімдерді жаздың аптабында далада сатып жатқанын да көрдік. Бірақ оны елеп, ескеріп жатқан ешкім жоқ. Біз осындай олқылықтарды есепке ала отырып, аудан орталықтарында жаңа форматтағы сауда орталықтарын ашу керек деп шештік», – деп әңгімелейді Нұржан Ниязалиев.

ФОТО: Данияр Асылбек

Ауыл-аймақтағы жағдайды әбден талдап, сарапқа салған кәсіпкер жігіттер дәріхана атауын ArzanPharm деп қойғанды жөн көрген. «Аудандардағы жағдайды зерттеу барысында байқағанымыз: жергілікті өңірлерде Europharma дәріханаларының ғимараттары көздің жауын алатындай, бірақ тұтынушы қауым онда бара бермейді, сірә, «Еуро» сөзінен сескенсе керек. Сондықтан біз қазақтың «арзан» деген сөзіне пәрмен бергенді жөн көрдік», – деп күледі Ержан Ниязалиев.

Бизнестегі ұстаным

Айта кету керек, ағайынды екі жігіт аудан орталықтарындағы дәріханалар желісін GPP (Good Pharmacy Practice), яғни фармацевтика саласының тиісті стандарттарына сай етіп ашқан. Дәріханалардың бұл желісіне тән еркешелік – олар супермаркет дүкендерінің форматына сай құрылған. Шынын айту керек, бұған дейін аудан орталықтарында мұндай дәріханалар болған жоқты.

Ағайынды кәсіпкерлер дәріхана бизнесіне кіріскеннен кейін өздері ұстанған салауатты өмір сүру салтын ритейл бизнесінің бөлек сегментіндегі темекі және ішімдік саудасынан бас тартуды жөн көрген.

«Супермаркеттер бұларсыз күн көре алмайды деген аңыз бар. Бірақ бұл тұрғыда өзге де тиімді мүмкіндіктері жоқ емес. Кезінде біздің Шиелідегі әлемге танымал Walmart дүкендер желісі-нің аналогы ретінде ұйымдастырылған ArzanMarket дүкенінде бір тәулікте темекіден түсетін кіріс 400 мың теңгені құрайтын, соған қарамастан біз темекі және ішімдік саудасын біржолата доғардық. Бұған Рекеңнің де (Руслан Берденов) ықпалы көп болды. Меніңше, біз бұдан ұтылған жоқпыз, бұл да біздің бизнестегі ұстанымымыз», – дейді Ержан Ниязалиев.

Кәсіпкерлердің айтуынша, темекі саудасын қосқанда күніне 8–9 мың доллар шамасында түсім, темекіден бас тартқаннан кейін біржарым айдың ішінде 12 мың доллар шамасына көтерілді. «Бізге сенетін, бізді іздеп келетін өз тұтынушы аудиториямыз пайда болды», – деп түсіндіреді олар.

Ержан Ниязалиевтің айтуынша, әу баста Europharma ұсынысына келісім беруге де осы бизнестегі ұстаным ықпал еткен. «Бизнес жүргізуге шындап көңіл бөлген тұстан біз, ең алдымен, бұл халыққа, қоғамға қаншалықты пайдалы, зияны жоқ па деп әр ұсынысты, әр мүмкіндікті, әр қадамды таразыға саламыз. Республика халқын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету маңызды да абыройлы шаруа, сол себепті де біз Рекеңнің ұсынысын қабыл алғанды жөн көрдік», – дейді кәсіпкер Ержан.

«Байығың келсе, халық арасында жаңа әдет қалыптастыр» демекші, біз ауыл-аймақтағы жайма базарлардың орнына жазда – салқын, қыста – жылы, көктем мен күзде – таза болатын ыңғайлы супермаркеттердің бой түзегенін қалаймыз. Бұларда тауар, өнім сақтау ережелері толық сақталады. Бұл бизнес үшін де, тұтынушы үшін де тиімді ұстаным», – деп пікір қосады өз кезегінде Руслан Берденов. Бүгінде Europharma желісі Pharma Market америкалық стандартымен жұмыс істейді. «Бұл супермаркет форматындағы дәріханалар жүйесі, – деп түсіндіреді кәсіпкер. – Біз жылдық айналымы 165 млрд долларға сай америкалық Walgreens Boots Alliance компаниясына бағыт түзедік».

Былтыр Walgreens Europharma командасын Нью-Йоркке шақырып, компанияның акционерлірмен, топ-менеджерлерімен кездесу ұйымдастырды. «40 минутқа жоспарланған кездесу 5 сағатқа созылды. Олар біздегі жүйе, нарық жайында, жалпы, фармакология нарығындағы мемлекеттің ұстанымы туралы білгісі келді. Әрине, біздің болашақ даму жоспарымыз туралы да көптеген сұрақтар болды. Қазақстанның жылдық ішкі өніміне сай көрсеткіштері бар компанияның жетекшілері мен акционерлерінің біздің жұмысымызға қызығушылық танытуы ерекше әсер береді. Әңгіме соңында олар посткеңестік нарықтарға ену жоспарлары барын да жасырған жоқ. Бұл тұрғыда ауқымды нарық ретінде алдымен Ресейді қарастырған, енді базалық нарық ретінде Қазақстанға көз тігуде», – дейді Руслан Берденов.

Әрине, америкалық форматты Қазақстан нарығына сол қалпында енгізе салу оңай емес: еліміздегі заң талаптары бойынша, супермаркет пен дәріхана бір ғимаратта орналаса алмайды. Сол себепті де компания «Еmart Fresh» – «Ерекше Маркет» дүкендер желісін ашуды қолға алуда. «Жалпылай алғанда отандық нарықта мұндай 500 дүкен ашу жоспарда бар. Қазірде қала жұртының дүкен аралап, таңдау жасап жүретін уақыты жоқ, адамдар мобильді бола бастады. Ал «Ерекше Маркетте» 2,5 мың тауар түрі болады және де нарық ішіндегі ең тиімді баға мен жоғары сапаға негізделген. Ең бастысы – біз тек жұртқа керек тауарларды ғана ұсынатын боламыз», – дейді Руслан Берденов.

ФОТО: Андрей Лунин

AK NIET GROUP қолға алған жаңа жобаның бірі – EМart дүкендерінің мобильді қосымшасы таяу арада қала тұрғындарының тұтынушылық қажеттіліктерін жан-жақты қамтамасыз етуге негізделген ерекше сервис ұсынбақ. Аталған қосымша арқылы азық-түлік пен дәрі-дәрмектен бастап, күнделікті тұрмысқа қажет кез келген тауар түріне тапсырыс беруге болады. EМart сервисінде тұтынушы таңдаған өнімді жедел жеткізіп беру қызметі де ескерілген. Жалпы, компанияның онлайн сервис бағыты тұтынушылар арасында кең танымал.

«Ритейл бағытында біз онлайн жеткізулерге әу бастан барынша көңіл бөлуге ден қойдық. Көрсеткіштері өте жоғары: тұтынушылардың 50%-ы біздің қызметке қайта оралып, жүгінетіні анықталды. Онлайн сегменттегі сату көрсеткіштері жылдан жылға 270%-ды құрайды және айналым бойынша 27-орында (Forbes online-сатулар рейтингі бойынша). Осы желтоқсанда біз өзіміздің Super App мобильді қосымшамызды іске қосып, тұтынушылар үшін E Club өніміне жазылу мүмкіндігін ашамыз. Бұл өнім – «онлайн-дәрігер» және «смарт-кеңестер» сынды сервистерді ұсынады. Онда, мысалы, дәрі-дәрмек қабылдауға қатысты, дәрігерге қаралу туралы медицина және фармакология тақырыбындағы көптеген ақыл-кеңес ескеріледі», – деп әңгімелейді Нұржан Ниязалиев.

Жаһандық бизнес

Бүгінде Қазақстан нарығына жеткізілетін дәрі-дәрмектің 80–90%-ы импорт өнімдері. «Біз Аргентинадан Жапонияға дейін – дүние жүзінің түпкір-түкпірінен тауар сатып аламыз. Дәрі-дәрмек өндіруші зауыттармен 350-дей тікелей келісімшартымыз бар. Жалпы, фармацевтика нарығы, АҚШ-та, Еуропада өте қатты дамыған, бұл тұрғыда олар бізден көш ілгері алға шыққан», – дейді Руслан Берденов.

Нұржан Ниязалиевтің айтуынша, Europharma ассортиментіндегі дәрі-дәрмектің 93%-ы сырттан әкелінген, тек 7% өнімді ғана отандық деуге тұрады, оның өзінде де толыққанды Қазақстанда өндірілген емес. «Отандық өнім» санатындағы препараттардың басым көпшілігі шетелдік дәрі-дәрмекті қорапқа салып, қаптау, буып-түю дегенге саяды.

Импортқа деген тәуелділік ішкі нарықтаға бағаның қалыптасуына әсер етпей қоймайды, әсіресе, бүгінгідей пандемия жағдайында. Әрине, бұл тұрғыда өзге де маңыз-ды факторлар жоқ емес, соның бірі өнім жеткізу деген мәселеге келіп тіреледі. «Географиялық тұрғыда Қазақстан нарығы мүлдем қолайлы емес, облыстар арасында логистикалық қиындықтар өте көп, мысалы, құрлық жолмен Ақтауға жету үшін Ақтөбе, Атырау арқылы өту керек, өйткені тіке жол жоқ. Ал дәрі-дәрмек температураға тәуелді тауар. Препараттарды сақтау көрсеткіші +2-ден 25 градусқа дейін болуы мүмкін, кейбіреуін тіпті тоңазытқышта сақтау керек», – дейді кәсіпкер.

Europharma қоймаларында дәрі-дәрмек сақтаудың 4 түрлі режимі бар. Компанияның логистика мәселесіне жауапты Satti Group еншілесіне тиесілі арнайы жасақталған 160 көлікте дәрі препараттарын сақтау параметрлері толығымен ескерілген. «Дәрі-дәрмекті тасымалдау барысында да тисті температура режимі талап етіледі, өйткені препараттардың мутацияға ұшырау қаупі жоқ емес», – деп түсіндіреді Руслан Берденов.

«Жалпы, логистикалық тұрғыда біз Қазақстан аумағын 5 дивизионға бөлдік, мысалы, Алматы қ. мен Алматы обл. – Оңтүстік Шығыс бағыт; Нұр-Сұлтан қ. және Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай обл. – Орталық-Солтүстік бағыты; Шымкент қ. мен Түркістан, Жамбыл обл. – Оңтүстік; Қызылорда обл. – Оңтүстік Батыс бағыт; Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау обл. – Батыс; Шығыс Қазақстан, Павлодар обл. – Шығыс бағыт деп. Бұл аумақтарда жалпылай алғанда 62 500 шаршы метрді құрайтын тарату орталықтары орналасады», – деп әңгімелейді кәсіпкерлер. Сонымен қатар, олардың айтуынша, жеткізу жылдамдығын арттыру мақсатында тарату орталықтарынан 900 км қашықтық радиустағы 150 шаршы метрден астам алаңда 14 кросс-докинг іске қосылмақ. «Бұл схема Орталық Азияда бірінші рет қолданылып отыр», – дейді Ержан Ниязалиев.

Кәсіпкерлер, мұндай инфрақұрылыммен Қазақстан бойынша тауар жеткізуді, тіпті ең шет аймақтарға дейін де 24 сағатта жүзеге асыруға болады деп отыр. Дәрі-дәрмектердің бөлшек сауда нарығында 26% және дистрибуцияда 39% үлеске қол жеткізу мақсатында компания Яндекс агрегаторын енгізген. Бүгінде компания ішінде GPS жүйесімен жасақталған 160 автокөлік бар. Ішкі логистика аясында Mercedes Benz A (жүк тасу қабілеті 10 тонна) және Mersedes Sprinter (2,5 тонна) көліктері қолданылады. Ал Қазақстан бойынша әрбір кросс-док және сыртқы логистика үшін жүк тасу қабілеті 20 тоннаны құрайтын Volvo FH13 көліктері таңдалған.

Пандемиядан соң

Сарапшылар постковидтік әлемде инвестициялық тұрғыда тартымды саланың бірі фармакология нарығы болады деген болжамдар жасауда. Бұл тұрғыда Europharma дәріханасы желілерінің басшылығы алдағы 1–2 жылда фармацевтика нарығында бірқатар өзгерістер орын алады деген пікір қосады, себебі пандемия аясында жұрт денсаулық мәселесіне дұрыстап көңіл бөле бастады. «Қазір адамдардың сана-сезімінде өзіндік өзгеріс бар. Бұрынғыдай емес, ел іші дұрыс тамақтану, иммунитетті күшейту, дәрумендер қабылдау дегендей әдеттерге мән беруде. Бұл тұрғыда ББҚ (БАД) және дәрумендер сату ауқымы өсуі ықтимал», – дейді Руслан Берденов.

ФОТО: Данияр Асылбек

«Қазір әлем бойынша денсаулық сақтау саласына деген көзқарас өзгере бастады, қарапайым халық аурудың алдын алу жолдарына мән беруде. Мысалы, Шымкентте қала жұртының Дендропаркке бару көрсеткіші 3 есе артқан, яғни ел іші саламатты өмір салтына шын көңілмен бет бұра бастады. Бізде қазір денсаулық саласында міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізіліп жатыр, таяу арада бұл шараны жеделдету қажеттілігі туындайды. Нәтижесінде елімізде нарық талабына сай, бәсекелестік қабілеті мол медициналық орталықтар саны арта түседі. Біздің компанияның стратегиялық жоспарында алдағы 5 жылда Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларын денсаулыққа арналған туристік хаб етуді көздейтін жобалар бар», – деп пікір қосады Нұржан Ниязалиев.

Кәсіпкерлердің пайымынша, Қазақстанда медициналық туризмді дамытуға әлеуетті мүмкіндіктер аз емес, оған, әсіресе, ұлттың бойындағы қонақжайлық, толеранттылық сынды факторлар да молынан септік ете алады. Әлбетте, бұл арада медициналық инфрақұрылымды тиісті деңгейге шығара білу де өте маңызды: мысалы, әр өңірді белгілі бір емдеу бағытына сай етіп, мамандандыруға болады.

Бүгінде әлем бойынша он шақты ірі компания COVID-19 дертіне қарсы вакцина жасауға кіріскені белгілі. Таяуда әлемдік БАҚ Pfizer және BioNTech компаниялары бұл тұрғыда елеулі жетістікке жете алды деп ақпарат таратты. Еуроодақ бұл вакцинаның 30 млн дозасына тапсырыс беріп те үлгерген.

Руслан Берденовтың айтуынша, вакцина жасау – жоғары технологияларды қажет ететін ұзақ процесс. «Мәселен, Эбола безгегін алатын болсақ, оның вакцинасын табу үшін ғалымдар 6 жыл бойы тер төкті. Сол сияқты ғажайып вакцина үшін де 5 айдың жүзі тиімді көрсеткіш емес. Жаңа вакцинаны сынақтан өткізу үшін кем дегенде бір жыл керек, оның сыртында, сынақ нәтижесін қадағалап, тексеру шарасы тағы бар. Әрине, вакцинаның емдік қабілеті толығымен анықталып, мойындалып, өндірісі басталып жатса, нұр үстіне нұр. Бірақ дайын вакцина бүкіл дүние жүзіне әп сәтте тарала қоймайды, өйткені зауыттардың өзіндік өндірістік көрсеткіштері бар. Яғни, тиімді вакцина табылған күннің өзінде, ол бірден Қазақстан нарығына жетеді деген сөз емес», – дейді кәсіпкер. «Жетуі әбден мүмкін, бірақ шектеулі көлемде, – деп пікір қосады Ержан Ниязалиев. – Бұл арада ескеретін тағы бір жайт – кез келген дәрінің өзіндік жанама әсері болады, осыны да ескеру қажет».

Биыл Europharma айналым көрсеткішін шамамен 400 млн АҚШ долларына дейін жеткізбек: 2019 жылы – 320 млн долларды құраған болатын. Нарық ішіне жаңа өнімдер енгізе отырып, 2023 жылға қарай айналымды 2,3 млрд долларға жеткізу ойда бар. «Біздің мақсатымыз – ритэйл нарығында 26% үлеске қол жеткізу», – дейді Руслан Берденов.

Europharma компаниясында қызметкерлерге арналған бірқатар мотивациялық бағдарламалар ескерілген. Соның бірі «Адал» номинациясы: онда өз жұмысында, қызметінде кіршіксіз адалдық қағидасын ұстанатын қызметкерлерге қаржылық қолдау көрсетіп, бағалы сыйлық беру ескерілген. «Компания ішіндегі біздің заманның кейіпкерлері» деп сипаттайды оларды Ержан Ниязалиев. Бағалы сыйлық ретінде «Адал» деген жазуы бар қол сағаттар ұсынылады, яғни: «Адалдық принциптерінен ешқашан бас тартпай, уақыт талабына сай қадам жасаңыз» деген мотивациялық тілек деп түсіндіреді кәсіпкер.

Сол сияқты, компанияның фронт-офисіндегі қызметкерлер белгілі бір кезең аралығында дәріхана акционері деңгейіне шығып, 3% шамасында пайда табу мүмкіндігіне ие болады. Акционер ретінде олар пайда кірісін өзі не отбасы мүшелері үшін білім алуға, емделуге, баспана алуға, өзге де әлеуметтік мәселелерде шешуге жарата алады. Компания ішінде кәсіби тұрғыда өсіп, жетіліп, мансапқа жетуде гендерлік шектеулер жоқ: қыз-келіншектер 27–28 жасында дәріхана меңгерушісі деңгейіне оңай жете алады.

Компания, сондай-ақ фармацевт мамандығын таңдаған жастарға өз дәріханаларында практикадан өтуге мүмкіндік жасап отыр. Және де міндетті түрде ірі қалаларда емес, өз ауылында да. Бұл әсіресе пандемия кезінде өте тиімді үрдіс болды. Студенттер тек фармацевт ретінде ғана емес, сауда жасау, кредит картасы бойынша қызмет көрсету сынды қарапайым коммерциялық талаптарды да дұрыс үйреніп, меңгере алады. Бүгінде компания Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларындағы медицина университеттерімен ынтымақтастық қатынас орнатқан.

Europharma қызметкерлеріне қойылатын талаптың бірі қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік білу дегенге саяды. Бұл тұрғыда компания басшылығы өз қызметкерлеріне арнап арнайы тіл үйрену курстарын ашқан. Сол сияқты, компания ұстаныма сай қағиданың бірі – салауатты өмір салты: спортпен айналысып, дене шынықтыру үшін қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. «Клиентке денсаулық тұрғысында кеңес беретін мекеме қызметкері тән саулығына да, жан саулығына да мұқият мән беруі тиіс», – дейді Ержан Ниязалиев.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
10005 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
6 мая родились
Сауле Егеубаева
заместитель председателя правления АО «ЕНПФ»
Ерлан Бекхожин
председатель правления АО Агентство «Хабар»
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить