Алматылықтар Telegram арқылы қала жолдарын жөндеуге өтініш бере алады
Алматыдағы жолдардың бойындағы ақауларды енді Almaty_Joly Telegram-арнасының чат-ботына хабарлауға болады.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, мегаполис тұрғындары қала жолдарындағы шұңқырлар мен оларды жөндеу бойынша өтініш бере алады. Ол үшін жол инфрақұрылымына арналған арнайы Telegram арнасының @AlmatyJolybot чат-ботына (https://t.me/AlmatyJolybot) мыналарды жіберу қажет:
- өтініш мәтіні,
- жол ақауының фото/видеосы,
- мекенжайы мен нақты координаттары,
- байланыс деректері.
«Келіп түскен өтініштер өңделген соң, жол бойындағы кемшіліктерді жою үшін шаралар қабылданатын болады. Сонымен қатар, Almaty_Joly Telegram арнасында жол-жөндеу жұмыстары, қалалық көлік жұмысындағы өзгерістер туралы ақпарат жарияланатынын хабарлаймыз», - деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Алматы әкімдігі мегаполистегі жолдың жайына қатысты жаңа ақпараттық ресурсты ашқан болатын.
Вам может быть интересно: «Костенко шахтасының 9 лауазымды тұлғасы күдікті деп танылып отыр – Бас прокуратура»