Қазақстан мен Грекияның ой-талқы орталықтары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

 Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы Болат Нұрғалиев пен Грекияның Халықаралық экономикалық қатынастар институтының директоры Хараламбос Тсарданидис ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Екі елдің ғылыми-зерттеу институттары ақпарат алмасу, жобалар мен ғылыми-зерттеу бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ тұрақты жұмыс байланыстарын орнату арқылы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға келісті.

Меморандумға ресми қол қою рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев әлеуметтік-экономикалық қайта құрулардың қазақстандық қоғамның әл-ауқатының жақсаруына ықпалын ерекше атай отырып, жиналғандарды Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалармен таныстырды.

Грецияның жауапкершілігі шектеулі серіктестік мен кәсіпкерлік қауымдастығының президенті Симос Анастасопулос Грекияның бәсекеге қабілеттілік жөніндегі кеңесінің төрағасы ретінде елімізге сапар жасау барысында Қазақстанның экономикалық дамуына таң қалғанын және екі елдің ой-талқы орталықтарының ынтымақтастығы екіжақты қатынастарды тереңдетудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Іс-шара аясында Б. Нұрғалиев сондай-ақ сарапшылық қоғамдастығы, кәсіпкерлер мен дипломатиялық корпус өкілдерінен құралған аудиторияға «Жаңа геосаяси ахуалдағы Орталық Азия және Еуропалық одақ» тақырыбы бойынша лекция оқыды.

Анықтама: Грекияның Халықаралық экономикалық қатынастар институты 1993 жылғы ақпанда Грекияның жауапкершілігі шектеулі серіктестік мен кәсіпкерлік қауымдастығымен құрылған. Институт халықаралық күн тәртібіндегі және халықаралық экономикалық қатынастардағы ең маңызды қазіргі заманғы мәселелері бойынша зерттеулер жүргізеді.