ХЭА өткен кездесуде Қазақстанмен ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыланды

Қазақстанның Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов Халықаралық энергия агенттігінің (ХЭА) атқарушы директоры Фатих Биролмен кездесті.

Әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен ХЭА арасындағы ынтымақтастықтың осы кезге дейінгі тәжірибесін және оны кеңейту әлеуетін қарастырды.

Отандық дипломат сұхбаттасын еліміздің климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы өзекті ұстанымдары, Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясын қабылдануы, Қазақстанның Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның Дубайда өткен 28-ші конференциясының жұмысына қатысуының қорытындылары, сондай-ақ 2026 жылы Орталық Азияда өңірлік Климаттық саммит өткізу бастамасы туралы хабардар етті.

Өз кезегінде Ф. Бироль Қазақстанның халықаралық климаттық күн тәртібін қалыптастырудағы белсенділігін және еліміздің Метан бойынша жаһандық міндеттемеге қосылуын құптап, ынтымақтастықтың келешегі бар бағыттарын бірлесе пысықтауға қызығушылық білдірді.

1974 жылы құрылған, штаб-пәтері Парижде орналасқан ХЭА энергетика саласындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытып, ауқымды талдамалық зерттеулер жүргізіп, жаһандық ауқымда энергетиканың қауіпсіз және тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін саяси ұсыныстар мен практикалық шешімдерді әзірлейді. Құрамына бүгінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мүшелері болып табылатын 31 мемлекет кіреді.