Әлемнің үздік 5 көрмесіне енген «Ұлы Дала Алтыны» көрмесі Түркияда өтуде

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің, Түркі тарихы және мәдениеті қорының ұйымдастыруымен еліміздің тәуелсіздігі күніне орай Анкарадағы тарихи Анадолы өркениеттер музейінде Шығыс Қазақстан облысынан арнайы әкелінген жәдігерлерден «Ұлы Дала Алтыны» көрмесі салтанатты түрде ашылды.

Іс-шараға Түркияның Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Гөкхан Йазгы, Түркиядағы өзге мемлекеттердің Елшілері мен дипломаттары, Түркияның зиялы қауым өкілдері, академиктер мен тарихшылар қатысты.

Сондай-ақ, бағдарлама барысында осы көрменің көптеген экспонаттарын тапқан атақты археолог Зайнолла Самашевтің түрік тіліндегі «Көне түрік бейнелеу өнері» кітабының тұсаукесері өтті.

Өткен жылы Кембридж университетінің Фитцуильям музейінде өткен бұл көрме әлемдегі үздік көрмелердің бестігіне еніп, тарих, өнер және мәдениетті пір тұтушылардың көпшілігін елең еткізгені белгілі. Енді міне Түркия халқы қазақтың бай археологиясымен танысып, тарихи мол мұраның аманатын арқалаған ел болғанына көз жеткізіп отыр.