Жобалаушы компаниялар отандық өнім өндірушілермен кездесті

Бұл жайында өз ақпаратында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (ҚР ИИДМ) хабардар етті.

Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жобалаушы компаниялар мен кәріз тазарту жүйелеріне (КТЖ) арналған жабдықтарды дайындайтын отандық өндірушілермен В2В форматында  кездесу ұйымдастырды.

Кездесу ҚР үкіметі қабылдаған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы бойынша КТЖ жобаларын іске асырудың орталық үйлестірушісі ретінде ұйымдастырылды.

Іс-шара жобаларды іске асыру процестерінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ кәріз тазарту жүйелерін салып, жаңғырту мәселелеріне бизнесті тартуға, отандық өндірушілердің жобаларына барынша қатысып, қолдауға бағытталған.

Кездесуге қатысушылар жобаларды іске асыруда «Қазорталықтың» ашық ұстанымының маңыздылығын атап өтіп, осындай іс-шараларды тұрақты негізде ұйымдастыру қажеттігін алға тартты. Сол сияқты, мұндай кездесулер негізінде тиімді шешімдерді анықтап, сала ішіндегі ойыншыларды барынша хабардар етіп, олардың арасындағы бәсекелестікті арттырудың маңыздылығына да тоқталды.

Қазір өңірлерде қолға алынған кәріз тазарту жүйелеріне қатысты 68 жоба туралы мәлімет орталықтың сайтында қолжетімді.