Астана әкімі: Осы жазда Оқушылар сарайын ашамыз

Елордада үш жыл ішінде 15 оқушылар сарайын салуды жоспарланып отыр. Оның бесеуінің құрылысы осы күзде басталмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.

«Бүгін бірқатар мектеп пен Оқушылар сарайының құрылыс барысымен таныстым. Мәселен қазіргі уақытта 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 11-ін жаңа оқу жылы ішінде ашамыз. Бұл мектептер жаңа аудандарда да, оң жағалауда да, елді мекендерде де орналасқан. Сонымен қатар, олардың бір бөлігі апатты күйдегі мектептерді алмастырады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанада алдағы екі жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 24 мектеп салынады. Олар 90 мыңға жуық оқушы орнын (2 ауысымды) ашуға мүмкіндік береді», - дейді қала әкімі.

Сондай-ақ, жуырда Оқушылар сарайының жаңа ғимараты ашылатынын жеткізді.

«Осы жазда Оқушылар сарайын ашамыз. Тұран даңғылында орналасқан 5 қабатты ғимарат жеке инвестициялар есебінен салынып жатыр. Ауданы – 7 500 шаршы метр, спорт және шығармашылық залдардан бөлек 25 метрлік бассейні де болады. Сонымен қатар, балаларды көбірек қамту үшін үш жыл ішінде 15 Оқушылар сарайын салуды жоспарлап отырмыз. Олардың бесеуінің құрылысын осы күзде бастаймыз», - дейді Жеңіс Қасымбек.