ҚР СІМ-де Қазақстандағы БҰҰ құрылымдарының басшылығымен кездесу өтті

Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ-ның ҚР-дағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ-ның ҚР-дағы Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа мен БҰҰ Балалар қорының ҚР-дағы өкілдігінің басшысы Артур Ван Дизенді қабылдады.

Кездесу барысында Қазақстанның жаһандық ұйыммен 30 жылдан астам ынтымақтастығы аясында ҚР мен БҰҰ серіктестігінің өзекті мәселелері талқыланды. Тараптар ҚР Үкіметі мен БҰҰ арасындағы 2021-2025 жылдарға арналған Орнықты даму мақсатында ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасын іске асыру барысы бойынша пікір алмасты.

Министр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан елдегі саяси реформалары туралы хабарлады. БҰҰ даму жүйесін реформалауды талқылау шеңберінде М. Нұртілеу Қазақстанның Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру жөніндегі бастамасының өзектілігін атап өтті.

БҰҰ-ның адами әлеуетті дамытуға бейілділігін назарға ала отырып, СІМ басшысы ҚР аумағында жобаларды дамудың адамдық-орталықтық моделі негізінде әзірлеу мен іске асырудың маңыздылығы туралы хабарлады. Сонымен қатар Министр БҰҰ өкілдерінің назарын БҰҰ тарапынан инклюзивті білім беру саласындағы жағдайларды жақсартуда, сондай-ақ кибербуллингпен күресу және жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында сараптамалық көмек көрсету қажеттігіне аударды.

Өз кезегінде БҰҰ өкілдері ҚР Үкіметіне еліміздегі БҰҰ құрылымдарының қызметіне жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, Қазақстанмен ынтымақтастықтың жоғары динамикасын атап өтті. Сонымен қатар олар БҰҰ құрылымдарының ағымдағы бағдарламалық қызметі мен олардың басымдықтары туралы хабардар етті және өңірлік пен елдік деңгейде тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсатында ҚР Үкіметіне сараптамалық және техникалық көмек көрсетуге дайын екендігі туралы хабарлады.