Журналистер алматыдағы қайың аллеясын қалпына келтірді

Алматының Бас ботаникалық бағында XX ғасырдың 30-40 жылдарында құрылған қайың аллеясы қайта қалпына келтірілді. Ерекше қорғалатын табиғи аумақта еліміздегі танымал журналистер ағаш көшеттерін отырғызып, «31 арна» аллеясын ашты.

ФОТО: архив пресс-службы

Іс-шара телеарнаның 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Айта кетейік, Бас ботаникалық бақта Қазақстан, Еуропа, Қырым, Кавказ, Солтүстік Америка және Шығыс Азия флорасының мыңдаған бірегей коллекциясы жиналған.

«Ағаш отырғызу — жақсылық пен жетістіктердің символы әрі сауап іс. Біздің телеарна биыл отыз жылдығын атап өтеді, жыл соңына дейін мерейтойға орай түрлі іс-шара өткізуді жоспарладық. Өткен айда жаңа жобаларымызды таныстырсақ, енді 31 арна аллеясын ашып жатырмыз, алдағы уақытта Іле Алатауындағы шыңдардың бірін бағындырамыз. Жалпы биылғы жыл арнамыз үшін жетістіктерге толы жыл болмақ. Медиахолдинг құрылды, жобаларымыздың қатары артуда. Ұжым болып, серіктес-достарымызбен және көрермендерімізбен бірге алға қойған мақсаттарымызға жетіп, биік шыңдарды бағындыратынымызға сенімдімін», — деді «31» медиахолдинг басшысы Құрманбек Жұмағали.