Алматыда оқу жылы басталғалы 39 баладан туберкулез анықталды

Алматыда 1 қыркүйектен бастап 1-сынып оқушыларына туберкулезге қарсы екпе егу науқаны жүргізілді, деп хабарлайды  Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

Ведомствоның мәліметінше, балаларға манту егу науқанының қорытындысы бойынша 6182 баладан (22,7%) оң нәтиже анықталды.

«Оң нәтиже анықталған 6182 балаға рекомбинантты туберкулез аллергені (РТА) сынамасы жасалды. Нәтижесінде туберкулез микобактерияларын алғаш рет жұқтырған 39 бала анықталды. Оларға профилактикалық ем тағайындалды»,- делінеді хабарламада.

Ведомство мәліметінше, балаларда туберкулездің дамуының бірден бір себебі - туберкулезбен ауыратын науқаспен ұзақ қарым-қатынаста болу. Сол кезде баланың ағзасы микобактерияларды жұқтырады.

«Мегаполистің эпидемиологтары туберкулезді сәтті емдеудің бір шарты - ауруды ерте анықтау екенін еске салады. Ауруды ерте анықтау үшін туберкулезден сақтанып, аурудың белгілерін білу және дер кезінде дәрігерге қаралу қажет»,- деп ескертті қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.